Өсиет дарытқан іс-шара
Шу ауданы білім бөліміне қарасты Көктөбе бастауыш мектебінің сынып жетекшілері ата-аналармен «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» тақырыбында шеберлік сағаттарын өткізді.
Бала тәрбиесі дамуындағы басты рөл атқарушы – отбасы екендігін ұғындырған жиында ата – ананың бала көңілін таба білуіне ой қозғау, өзін-өзі тануына бағыт беру, тәрбие жайлы пікір бөлісу мәселелері қаралды. Сондай-ақ, ата-аналарға балаға рухани тәрбие берудегі отбасының рөлі жайлы түсіндірілді.
Енді ғана өмір есігін ашып, жарық дүниенің өзіне, беймәлім сырларына қызыға қарайтын сәбидің көргені мен естігендері тасқа жазылған хаттай санасына сақтала береді.«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бабаларымыз текке айтпаған, ананың сүтімен, әкенің қанымен бойға сіңген қасиет – жеткіншек өмірінің бағдаршамы. Әке – отбасының тірегі болса, ана – берекесі. Бақытын баладан іздейтін ата-ана «не ексе соны оратынын» біліп, өзінің әрбір сөзі мен әрекетіне мән беру керек.
«Атаның өсиеті» – атадан бері-летін тәрбие, өмірлік тәжірибе мен даналық. Яғни, ата-ана баласына өздерінің білімін, ұлттық құндылықтарын және өмір жолындағы тәжірибесін мұра етіп қалдырады. «Анадан қасиет»-ананың балаға беретін рухани және моральдық құндылықтары. Ана – баланың алғашқы ұстазы, ол тек тәрбиелеп қана емес, сондай-ақ бала-ға махаббат пен қамқорлық сыйлап, адамгершілік қасиеттерді дарытады.
Іс-шара барысы «Сәлемдесу» жаттығуы арқылы басталды. Қызыл түсті белгілері барлар қол алып, сары түс дауыс арқылы, көк түс мимика арқылы бір – бірімен амандасты. Доп лақтыру арқылы «Қызықты сұрақтар» ойыны өтті. «Мен тек бақытты болғым келеді» біз бәріміз де сол үшін өмірге келгенбіз. Бірақ «Бақыт деген не өзі?» жаттығуы арқылы ата – аналар өз ойларымен бөлісті. «Балама қандай жылулық беремін?» күннің суретіне ата-аналар шығып балаларына күн сияқты қандай жылулық беріп жатқандарын жазды. Мәселен «Мен баламды мейірімді, жылы сөздер айтып оятамын», «Мен балама күніне бірнеше рет жылы сөздер айтып аймалаймын», «Мен мейірімдімін». Соңына қарай терең демалып «Гүлдің оянуы» тыныштық сәті баяу музыканың үнімен өткізілді. Құдіретті жарық түсіп тұрғанын елестетіп көрді. Бұл қайырымдылық, бақыт, бейбітшілік және қуаныш жарығы. Ата-аналар ақ параққа гүлдің суретін салып, гүлдестелерге баласына деген сүйіспеншілігін жазып, өз ой- пікірлерін айтты. Жиын соңында ата-аналар алғысын білдірді.
Сандуғаш Халыкова,
Көктөбе бастауыш мектебінің мұғалімі.