Ақпараттық портал

Әсіпті кәсіп еткен Еркежан

Қазақ халқының біртуар батыр перзенті, даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлы өзінің ой орамында «Талаптың тоқпағы тасқа шеге қағады» деген екен. Ал, Мәшһүр Жүсіптен «Не нәрсеге талаптансаң, табылады» дейтін сөз қалған екен. Мұны айтып отырғандағы мақсатымыз – осы нақылдарды іс жүзінде дәлелдеп жүрген жандар жайлы баяндау.
Басылымның бүгінгі санын бедерлейтін кейіпкеріміз – Еркежан Қазымова. Ол 1997 жылы алыптардың ақ бесігі болған Семей топырағында туған. Қызға тән мақсатпен Шу өңіріне келін болып түскен. Негізгі мамандығы математика пәнінің мұғалімі болғанымен Еркежан декреттік демалыста бос отырғысы келмеген. Осылайша жолдасына кәсіп бастағысы келетінін айтқан. Жұбайының ынтасын қолдаған ол бірден келісім беріп, өндіріске қажетті дүниелермен қамтыған.
Қазіргі таңда шұжық, әсіп, тауық етінен шұжықша, ысталған құйрық май, ысталған үйрек еті, аңшылар мәзірі сынды 12 түрлі өнім шығаратын Еркежан Бауыржанқызы өз кәсібін былтыр бастаған екен. Бес айдың ішінде тұрақты тұтынушыларды қалыптастырып үлгерген келіншек өз жұмысын әлеуметтік желі арқылы көрсетіп, барынша ашықтық қағидатымен еңбек етіп келеді.
-Қазіргі үздіксіз дамып жатқан қоғам – декреттік демалыста мені де бей-жай отырғыза алмады. Үйден кішігірім кәсіп бастасам деген ой келді, біздің ауданымызда бұл ниша бос, жолдасыма айтып едім, ол бірден қолдап, оқуға жіберіп, керек құрал-жабдықтарымды алып берді. Оқуды Семейдегі Меруерт әпкемнен үйреніп, бірден бастап кеттім, ол кісіге алғысым шексіз! Ісімнің берекесін берсін деген ниетпен «@berekeli_et_08» деп парақшамызға атау бердік. Кез келген кәсіп қолдауды, үздіксіз дамуды және табандылықты қажет ететіні рас. Өткен жылғы қарашадан бастап Шу халқына алғашқы үй шұжықтарымызды ұсына бастадық. Бес ай ішінде шұжықтардың жаңа түрін ай сайын қосып, дамып келеміз,-деді қос балапанның анасы.
Еркежан кәсібінің өрге домалауының бір себебі, ата-енесінің қолдауы мен көмегі дейді. Солардың себебімен кәсібі алға жылжып жатқанын айтады.
Кейіпкеріміз инстаграм арқылы өнімді халыққа сатып жүр. Оның бес ай бұрынғы алғашқы алушылары қазір тұрақты тұтынушыларға айналды.
-Барлық жұмыс барысын шынайылықпен әлеуметтік желі парақшасында көрсетіп отырамыз. Өйткені, әрбір дастарханға баратын біздің өнім – өз абыройымыз. Клиенттердің сұранысы – біздің өсу нүктеміз. Әрине, жұмыс барысында әртүрлі біз ойламаған жағдайлар болып жатады, мұның барлығы біз үшін тәжірибе,-дейді Е.Қазымова.
Еркежанның қолынан шыққан шұжықтар пісірген күні қалмай барлығы сатылып кетеді екен. Оның айтуынша, адамдар таза өнімге бет бұра бастаған. Әрі химикатсыз, қоспасыз өнімді қорықпай отбасына бергенге не жетсін дейді кәсіп иесі.
Тағы бір айта кетерлігі, Еркежан өз өнімдерін ең балғын әрі таза малдың етінен үйінде дайындайды. Оны жоғарыда өзі айтқандай, ата-енесі, жолдасы мен отбасының өзге мүшелері бірлесіп, шынайы ықыласпен дайындайды. Сондықтан болар, іскер жастың шұжықтарына сұраныс мол. Ешқандай артық қоспасыз дайындалғандықтан өнімдердің бағасы нарықтық бағаға сәйкес.
Бастаған істі кеңейту кез келген кәсіпкердің арманы. Еркежан келешекте мемлекеттік қолдауға иек артып, өндірісін өркендеткісі келеді. Алушының алғысын арқалау арқылы адам шабыт алатыны сөзсіз. Сондықтан декреттік демалыстағы жан өнімнің түрлері мен көлемін көбейтуді көздеп отыр.
Сапалы дүниеге қолы жеткізгендердің бірі – Төле би ауылының тұрғыны Шүкірәлі Бердібеков.
-Еркежан түскен әулеттің тектілігіне, тәрбиесіне, адалдығы мен тазалығына, еңбексүйгіштігіне разымын. Дін қызметінде жүргендіктен адал етті арқау етеміз. Ал Еркежанның қолынан шыққан дәмдер сол сапаға жауап береді. Келіннің кәсібіне нәсіп тілеймін. Ісі алға баса берсін,- дейді елағасы.
Алтынай атты тұтынушы: «Еркежанның шұжығын жуырда алдық. Дәмін де татып көрдік. Шұжық ерекше дәмді болғаны соншалықты дүкендегіге зауқымыз тартпай қалды. Ісің алға баса берсін»-деген пікірде.
Бұл орайда келініне қолғабыс етіп отырған Жортбасовтар әулетінің өнегесін көпке таратуға болатындай. Ауызбіршілікті алға қойып, абыройға кенеліп отырған отбасыға тек қана бәрекелді дейміз. Көзінде оты бар, талабы таудай Еркежанға тек қана табыс тілейміз!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.