Еңбекпен есейген жан
Баршаңызға мәлім болғанындай, биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Ондағы мақсат – өмірін бейнетпен өрген, одан зейнет көрген жандардың өнегесін көп тарату, еңбек адамына құрмет қалыптастыру. Өйткені, көпшілік көзге көріне бермейтін қаһармандарын тануы тиіс.
Осы мақсатта адал жұмыс жасап, бала тәрбиелеп, әке һәм азаматтық болмысты көрсетіп жүрген жандарды үлгі еткіміз келеді. Сондай жандардың бірі – Боранбай Ержанов.
Боранбай Тоқтарбайұлы 1955 жылы қазіргі Шу ауданы, Төле би ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Тоқтарбай ұжымшарда жұмыс істесе, анасы Қатипа үйде бала тәрбиесімен айналысқан. Боранбай ата бес ағайынның үлкені. Екі інісі мен қос қарындасының ақылшы ағасы.
Төле би ауылындағы М.Горький атындағы орта мектепті тәмамдаған кейіпкеріміз Ырғайтыдағы арнаулы орта оқу орнына түседі. Ал 1973-1975 жылы Отан алдындағы борышын Свердловск облысында өтейді. Азаматтық парызынан кейін еңбекке араласып, ДЭУ мекемесіне орналасады. Осы салада 10 жылдай жұмыс істеп, Новотроицк ұжымшарында әртүрлі қызметтер істейді. Мұнда да 10 жылдай жұмыс істеген Боранбай Тоқтарбайұлы құрметті демалысқа пошташы болып шығады. Бұл қызметте де 10 жылдай еңбек еткенін атап өткен жөн.
Жақсы жар жанның рахаты дегендей, Боранбай ата зайыбы Зубратхан Аманқызымен екі ұлды ұясына, үш қызды қиясына қондырған. Бүгін солардан өрбіген 16 немеренің қызығына бөленіп жүрген бақытты ата мен әже көрген күндеріне шүкір дейді. Сонымен қатар ұлт пен ұрпақтың амандығын тілеуден танбай отырған жандар.
Қазіргі таңда 70 жастың желкенін керген қария аудан орталығындағы мешітте қызмет етуде. Зейнеткерлік жасқа шықса да еңбек еткенді жөн деп білген қарияның қимылы ширақ. Ол бұған ұдайы қимыл-қозғалыс, көңілді жүру себеп дейді.
Өскелең буынға өз ісімен өнеге көрсетіп жүрген еңбек ардагеріне ұзақ ғұмыр, отбасы амандығы мен бақ-береке тілейміз!
Байжан Емберді.