«Серпін» – жастарға берілген жақсы мүмкіндік
Ұлан-байтақ атырабы мен сәулеті келіскен қалалары бар қазақ жерінің облыстары бір-бірінен шалғай орналасқан. Содан болар, әр өңірдегі халық өсімі де, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы да әр алуан. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы он жылдықта ішкі миграцияны терең зерттеп, жұмыс күші артық, халық өсімі қарқынды оңтүстік өңірлерден халықты солтүстікке көшіруді қолға алған болатын. Яғни, Алматы облысы, Түркістан, Жамбыл аймақтары тұрғындарының біраз бөлігін Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарына көшіруге шешім қабылданды.
Солтүстікке қоныс аударуға негізінен 18-35 жас аралығындағы жұмыссыз азаматтар келіседі. Себебі, осы жастағы азаматтардың көпшілігі белгілі бір салада жоғары білім алуды және біліміне сай маман болуды көздейді, енді бірі жеке кәсібін ашуды ойлайды. Еліміздегі әр облыс осы бағдарламаға сәйкес жоспар құрып, соған сай халық арасында насихат жұмыстарын жүргізуде.
Осыған орай, Қозыбаев университетінің брендтелген «Serpin Way» автобусы мектеп түлектері мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында теріскейден түстікке кәсіптік бағдар беруге жолға шыққан болатын. Петропавлдан бастап 6500 шақырымнан астам жол жүріп, 30-ға жуық елді мекендерді, ірі қалалар мен ауылдарды аралаған керуен өткен аптаның жұмасында біздің Шу өңіріне де табан тіреді.
Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының мектеп оқушыларына білім алу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат беру үшін арнайы келген делегацияны біздің аудан да жылы шыраймен қарсы алды. Яғни Шу ауданының білім бөлімінің әдіскері Динара Қапсаланованың ұйымдастыруымен ауданда орын тепкен білім ошақтарының 9-11 сынып оқушылары аудандық мәдениет үйіне жиналды. Делегация құрамында тек оқытушылар мен университет қызметкерлері ғана емес, студенттер де бар.
“Серпін” бағдарламасын насихаттап жүрген арнайы топқа қызығушылық танытқан түлектер өз тарапынан сұрақтар қойып, толыққанды мәліметтер алды.
Кәсіптік бағдар беру тобының негізгі міндеті – талапкерлер мен олардың ата-аналарын Kozybayev University-ге оқуға түсу мүмкіндіктері, берілетін гранттар, 160-тан астам білім беру бағдарламалары бойынша оқыту және Аризона университетімен ынтымақтастық туралы ақпарат беру. «Серпін» бағдарламасы аясында балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Он жыл ішінде бағдарлама жұмыс күші артық аймақтардың жастарына сапалы білім алуға және жұмысқа орналасуға мүмкіндік берді.
Айғаным Асқарбек.