Ақпараттық портал

Шәкірт жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі

Ел өркениеті қашанда жастардың білім деңгейімен өлшенеді. Ендеше, ертеңгі күннің еншісі – бүгінгі жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты. Тұғыры биік еліміздің ертеңі бүгінгісінен де жарқын болуы – рухы асқақ, өресі биік, білімді де талантты ұрпақ қолында.

Тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болуы өсіп келе жатқан жастарымыздың қабілет-қарымына, таланты мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздар алдында тұрған басты мақсат – іскер, білімді, сыни тұрғыдан ойлай алатын, адамгершілігі жоғары, қабілетті тұлға қалыптастыру болып табылады. Білім ошағының табалдырығын аттаған оқушылардың барлығы талантты, дарынды. Тек олардың бойындағы қабілетін ашып, жан-жақты дамуына жол сілтеп, шығармашылық қатынасын, азаматтық белсенділігін қалыптастырудың маңызы зор.
Жайсан орта мектебінде сапалы әрі жан-жақты білім алу үшін, қоғамға пайдалы азамат болуды ойлайтын, ұстаз еңбегін еш кетірмей, ата-ана сенімін қалайда ақтаймын дейтін, арманы асқақ, мақсаты айқын, талабы таудай шәкірттер жетерлік. Адамды арманға жеткізетін, талай шыңға шығаратын даңғыл жол – алға қойған мақсат екенін білетін білімді жас, ғылым мен білімді байлығым деп есептеп жүрген ,зерек, алғыр шәкірттеріміздің бірі – 10-сынып оқушысы Арайлым Мұхаметкерімнің де жарқын болашаққа бастайтын мақсаты бар.
Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин «Мұғалім – білім берудегі ең маңызды адам. Ең озық педагогикалық оқу құралдары, Үкімет қаулылары, өте қатал инспекторлық бақылау маңызы жағынан мұғалім дәрежесімен теңесе алмайды. Сондықтан мен үшін мұғалім әлемдегі барлық асыл заттардан қымбат» деген қуатты сөзімен бүгінгі ұрпаққа, қазақ қоғамына бір тұжырымды ой қалдырып кетті. Егер мұғалім нағыз өз ісінің шебері ретінде мамандығына аса жауапкершілікпен қараса, осы ұлы тұлғалар айтқандай асыл сөздерге лайық бола білсе, онда оның шәкірті де тегін болмасы анық. Ал білім бар жерде өрлеу де бар, өсу де бар, жетілу мен кемелдену үрдісі де толастамайтыны анық. Бүгінде мектептің мақтанышына айналған Арайлым Мұхаметкерімді табиғатынан талантты, шығармашылығын қоса алып жүретін, ақындығы да бар, қысқасы «сегіз қырлы, бір сырлы» деуге болады. Жастық жалыны, жүрегіндегі Отанға, елге деген сүйіспеншілігі дем беріп, ылғи патриоттық бағытта қалам сермейді.
Баланың бойындағы ерекшелігін байқаған ұстазы Нуралиева Гулнур Газизқызы шығармашылығын одан әрі шыңдау үшін жыр-мүшәйрасына, көркемсөз оқу байқауына қатысуына қолдау көрсетіп отырады. Арайлым «Бауыржан Момышұлы оқулары», «Махамбет оқулары», «Мұқағали Мақатаев оқулары», «Төлеген Айбергенов оқулары», «Мәшһүр Жүсіп оқулары», «Әбіш оқулары», «Шерхан Мұртаза оқулары», «Маралтай оқулары», «Ілияс оқулары», сондай-ақ, «Қазақтың біртуар ұлы – Дінмаұхамед Қонаев» шығармашылық байқауының аудандық кезеңінде «Дара тұлға ізімен» атты эссе жазу бағыты бойынша жеңімпаз атанды. Арайлым осы сынды түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды еншілеуде.
Жас өркеннің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар бере білу ерекше қиын да қызықты іс. Алайда, әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаз парызы. Баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы.
Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға», — деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірге бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?!
Шынында, баланың білімге құштарлығы мен қызығушылығы мектептен бастау алатыны сөзсіз. Мектеп қабырғасынан бастап баланың жан-жақты ашылып, оның білімге деген қызығушылығы оянады. Қазіргі таңда Арайлым сияқты зерек оқушылардың жетістігі – осының дәлелі. Олар осы көрсеткіштері арқылы болашақта ел дамуының жарқын үлгісін көрсетіп, келелі ой, салиқалы пікір айтып, батыл шешімдер қабылдай алады. Мұғалімнің атқарған еңбегінің жемісі де осында.
Арайлым өзіне берілген тапсырмаларды тиянақты орындайды, мектепте өтетін іс-шараларға белсене араласады, берілген қоғамдық жұмыстарға жауаптылықпен қарайды. Сынып ішінде, оқушылар арасында беделді, өзінің білімімен жан-жақты оқушы екенін көрсетіп, кішілерге қамқор болып, үлкендерге құрмет көрсетеді. Әдеби кітаптар оқығанды ұнатады.
Қазіргі кезде әрбір оқушының қабілеті көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Мектеп өміріне қатысты бағдарламалар ай сайын жаңаруда. Білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Сондықтан әр баланың өз бойындағы қабілетін ашып, оны дамыту – әр ұстаздың міндеті.
Мадина Даулетказина,
Жайсан орта мектебінің ұйымдастырушы
педагогы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.