Жас суретшілеріміз жүлдегер атанды
Қазіргі өскелең ұрпаққа талантын талабымен ұштастыра білген тұлға болып қалануға мүмкіндіктер жетерлік. Қай мамандықтың тізгінін ұстаймын десе, соған жан-жақты дайындайтын мекемелер, орталықтар баршылық.
Солардың бірі – қосымша білім беру мекемелері. Баланың бос уақытын тиімді пайдалану арқылы шығармашылық қабілеттерін дамытуға ден қойған қосымша білім беру мекемелерінің жан-жақты болуы-заман талабы. Шу ауданының білім бөліміне қарасты 8 қосымша білім беру мекемесі болса, олардың бағыты әрқилы, санқырлы. Шығармашылық, туризм, техникалық, музыкалық бағыттарды қамтыған мекемелерде өздерінің ерекшелігіне сай түрлі байқаулар өтіп тұрады. Әрине, бұл байқаулардың барлығы баланың талантын ашып, талабын ұштау үшін ұйымдастырылған.
Мәселен, жуырда ғана аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен, Балалар-жасөспірімдер орталығында “Бояулар құпиясы” атты жас суретшілердің байқауы өтті. Оған ауданның білім беру мекемелеріндегі 12-14 және 15-17 жас аралығындағы жас суретшілер қатысты. Ереже бойынша сан қырлы бояудың сырын игеруге талпынған жас суретшілер туған өлкенің ғажайып табиғатын ақ парақтың бетіне түсірді. Әр баланың қиялы әрқалай, туған жерді әркім өз көзімен көреді. Салған суреттің астарында қиялға қанат бітірген тамаша ой ұялап жатқандығын аңғара білетін Қали Қораласбаев бастаған әділқазы алқасының мүшелері оқушыларға тиісті орнын беріп, бұған қоса Балалар-жасөспірімдер орталығының директоры Мейрамбек Асайновтың демеушілігімен сыйлықтар ұсынды.
Туған жеріне жанымен берілген әрбір азамат не сөзімен, не сырлы бояуымен табиғатқа жан бітіріп, әр атыраптың құбылысын, тамаша табиғатын кестелей алатыны анық. Осы ойымызды дәлелдеген Е.Бекмаханов атындағы мектеп гимназиясының 7 сынып оқушысы Нұрай Ахметжан, М.Әуезов атындағы орта мектептен үш бірдей оқушы, атап айтсақ, 8 сынып оқушысы Дәурен Базарбаев, 9 сынып оқушысы Сұлужан Оңғар, 10 сынып оқушысы Еркебұлан Дүйсеке “Бояулар құпиясы” байқауының аудандық кезеңінде топ жарып, облысқа жолдама алған болатын. Таланты мен талабы ұштасқан төрт бірдей жас суретшімізді Балалар-жасөспірімдер орталығының бұқаралық бөлім меңгерушісі Анар Клышбаева апарып-алып келген болатын. Құр келмепті, қоржынында жеңіс бар!
Ауданның абыройы асып жатса, барлық жерлестеріміз үшін үлкен мәртебе емес пе?! “Бояулар құпиясы” байқауының облыстық кезеңіне қатысқан төрт оқушымыздың ішінен Нұрай Ахметжан мен Дәурен Базарбаев топ жарып, республикалық кезеңге жолдама алды. “Өнерге әркімнің-ақ бар таласы, сонда да солардың бар таңдамасы” деп дана Абай айтқандай, көңіл түкпірінде жасырынған тіл жеткізе алмас көркем ой мен ұшқыр қиялды қылқалам ұшына сыйдыра білген жас суретшілеріміздің әлі де алар асулары, бағындырар белесі көп болсын дейміз. Ауданның абыройын облыста қорғап, республикаға бір емес екі бірдей жүкті артып, тек қана ауданның емес, облыстың намысын қорғауға баратын қос суретшімізге сәттілік тілейміз! Жеңіспен оралуларына тілектеспіз, біз сол күнді сүйіншілейік, оқырман!
Айғаным Асқарбек.