Өзбекстаннан бас жүлдемен оралды
Газетіміздің жуырдағы сандарының бірінде «Театр – өнер айнасы» айдарымен ауданымыздағы театрлардың тыныс-тіршілігі туралы мақала жарияланған болатын. Мұнда «Bi Art» шығармашылық орталығы жанынан құрылған «Шырақ» театры туралы да айтылып, сол тұста өткен жергілікті театрлар арасындағы байқаудың жеңімпазы атанғаны да жазылған еді. Жақында аталмыш шығармашылық орталықтың өнерпаздары халықаралық байқауда бақ сынап, тағы да жеңіс тұғырынан көрінді.
Нақты айтар болсақ, 28-31 наурыз аралығында Өзбекстан мемлекетінің Ташкент қаласында өткен «Нұрлы фест» атты көп жанрлы халықаралық фестивальде мемлекеттік шығармашылық тапсырыстар аясында қызмет етіп келе жатқан «Серпер М.Д» жеке кәсіпкерлігінің «Bi Art» шығармашылық орталығында тәлім алып жүрген өнерпаздар өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып қайтты. Жалпы, байқауға Шу өңірінен ондаған қыз бала қатысып, топ бойынша жекелей айтқанда, үлкен би тобының бишілері «Өрлеу» биімен бас жүлдені еншілесе, кіші топтың бишілері «Сырға» биімен бірінші орынды жеңіп алды. Ал, орта топтың бишілері «Хорезм» биімен жоғары деңгейлі өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан табылды. Сондай-ақ, жеке би номинациясы бойынша Мейірім Жолшыбай «Ана орамалы» биімен бас жүлдені жеңіп алса, Кәусар Темірәлі «Ерке сылқым» биімен жеңіске жетті.
«Өрлеу» биімен бас жүлдені еншілеген үлкен би тобының бишілері және жеке би номинациясы бойынша Мейірім Жолшыбай мен Кәусар Темірәлі алдағы уақытта Қырғызстан мемлекетінде өтетін халықаралық фестивальге тегін жолдаманы ұтып алды.
Көршілес елдер мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қатысушылар арасында Жамбыл облысынан жалғыз «Bi Art» шығармашылық орталығының бишілері болғандығын атап өткен жөн. Орталық жетекшісі Мақсат Мақсұттың мәлімдеуінше, бұл байқау барысында 50-ге жуық би тобы бақ сынаған.
Жерлестеріміздің Ташкент төріндегі байқауда үздіктер қатарынан табылуы үйірме жетекшісі М.Серпердің тынымсыз әрі тиянақты еңбегінің жемісі болса керек. Шығармашыл жас жерлестерімізді жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра береді деп сенеміз.
Динара Батырхаирова.