Ақпараттық портал

Ашық аспан астындағы айшықты шара

Шығыстың әйгілі шайыры Әлішер Науаи бір сөзінде «Кітап ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» деген екен. Қазіргідей ақшаға ақыл айтатын коучтар көбейген заманда Науаидің нақылына жүгінген абзал-ау. Себебі кітап оқу арқылы ұлттың сапасы артып, ұрпағының ойы ұшқыр болады. Осы орайда елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бойынша біршама шаруалар атқарылып келе жатқандығын да назарға салғымыз келеді. Оның жарқын көрінісі Шу өңірінде орын алуда.

Биыл тұңғыш мәрте Ұлттық кітап күні аталып өтпек. Бұл дата 23-сәуір күніне бекітілген. Осыған орай, Шу аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, аудан орталығындағы Мәлік Жүнісәлиев атындағы саябақта «Кітап шоу – 2025» атты кітап фестивалі өтті.
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Б.Алжанбаеваның айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – ауданнан шыққан ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау, оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, сөздік қорын байытып, рухани дамуына ықпал ету.
Пайдасы орасан шараға Шу ауданы әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев, ауыл ақсақалдары, мектеп оқушылары мен кітапхана ұжымы қатысты.
Өз кезегінде сөз алған Найман Кенжеханұлы жиналған қауымды жаңа мерекемен құттықтап, кітаптың ұғындырар құндылықтарына тоқталды. Сондай-ақ ол жас буынды кітап оқуға шақырып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Одан бөлек, фестиваль барысында кітап инсталляциялары, тактильді кітаптарға шолу, жергілікті авторлардың туындылары қойылған көрме, кітап керуені, әдеби-мәдени бағдарламалар мен викториналық ойындар ұйымдастырылды. Белсенді кітапханашылар мен оқырмандар өлең оқып, ән мен биден шашу шашты.
Кітаптың тарихи, мәдени маңызын насихаттаған, кітапхана тынысын таныстырған бұл фестиваль кітап пен кітапхананың қоғамдағы рөлін айшықтап берген айтулы шара болды деген пікір айтты фестивальге қатысушылар.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Үкімет Қаулысымен Қазақстанда жаңа мереке «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» бекітілді. Аталмыш мереке Мемлекет басшысының қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына байланысты белгіленді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.