Ақпараттық портал

Теміржолшылар династиясы немесе болат жолдың бойтұмарына айналған отбасылар

Қай өңірде болмасын, теміржолшылардың еңбегі күн-түн демей, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жолаушылар мен жүк тасымалын үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған. Тарих тереңіне көз салсақ, осыдан ондаған жылдар бұрын теміржол көлігі ретінде паравоздар пайдаланылса, 1957 жылдары тепловоздар, ал 1996 жылы Шу-Отар аралығындағы жол толық электрлендіріліп, электровоздар пайда болды. Жалпы алғанда, еліміздің жолаушы және жүк тасымалының 80-90 пайызы бұл күндері теміржол көлігі арқылы тасымалданатыны анық. Сол себептен болса керек, Қазақстанның теміржол саласы тарихында өз еңбегімен ерекшеленген отбасылар аз емес. Еңбек адамының өнегелі өмір жолын ескерусіз қалдыру адамдыққа жат, ал абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік секілді құндылықтарды дәріптеу өскелең ұрпақ үшін үлгі. Бұл ретте мен теміржол саласындағы еселі еңбекті атадан балаға жалғай отырып, жалпы ел экономикасының дамуына үлес қосқан өз жерлестеріміз туралы сөз етпекпін.

Солардың бірі – Алдиевтер әулеті. Атамыз Сүндетбай Алдиевтің еңбек жолы өткен ғасырдың 30 жылдарынан бастау алады. Құдай қосқан қосағы Бопан екеуі үш ұл, төрт қыз тәрбиелеп, өсірген. Атамыздың бір баласы Тыштықбай әке жолын қуып, теміржолшы мамандығын таңдаған. Жұбайы Ұлтугүл де теміржол саласында қарапайым жұмысшы қатарында еңбек етті. Ал, немерелері Рүстем алғашында шебер, кейін учаске бастығы болса, Мұрат теміржолшы болады. Атамыздың шөбересі, Рүстемнің баласы Ермек бригадир болса, Мұраттың баласы Әділ теміржол шебері. Сонда Алдиевтер әулетінің төртінші буыны да ата жолын жалғастыруда. Адал еңбегімен елге танылған бұл әулет теміржол саласының дамуына зор үлес қосуда.
Атамыз Сүндетбайдың бір ерекшелігі, ол теміржолшы киімін үнемі тастамай киіп жүретін еді. Бұл оның өзінің жүрек қалауымен таңдап алған мамандығын шын сүйетіндігінің және құрметтейтіндігінің белгісі болса керек. Сонау 1968-69 жылдары мектепте жоғары сыныпта оқып жүрген шағымда жазғы демалыста Көктөбе стансасында теміржолшы болып жұмыс жасаған болатынмын. Сол уақытта С.Алдиевтің ұйымдастырушылық, іскерлік, талапшылдық қасиеттерін көрдім. Мереке күндері атамыздың кеудесіне таққан орден, медаль, төсбелгілерін байқадым. Кейіннен білгенімдей, бұл азамат Көктөбе теміржолшылар ұжымын басқарып, өзінің адалдығы мен еңбекқорлығының арқасында ұзақ жылғы жемісті еңбегін Үкімет пен партия жоғары бағалап, 1970 жылы В.И.Лениннің 100 жылдық мерекелік медалімен марапаттаған екен. «Құрметті теміржолшы» төсбелгісіне ие болған және «9, 10 бесжылдықтың озаты» белгісімен, Социалистік жарыстың жеңімпазы-76, «Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін» төсбелгілерін, «Еңбек ардагері» медалін еншілеп, бірқатар материалдық сыйлықтардың иегері атанған. Жаны жайсаң, жақсы ата өз тағдырын теміржолмен байланыстырып, 1981 жылы өмірден озды. Көктөбе зиратына жерленіп, мәңгілік мекенін тапты.
Ал, әкем Әбіл Тоқтыбеков 1950 жылы Еспе стансасынан Көктөбе стансасына вокзал бастығы болып келеді. 1948 жылы Ұлжан есімді жарымен отбасын құрып, алты ұл, төрт қыз тәрбиелеп, өсіреді. 1953 жылы дүниеге келген менің балғын балалық шағым теміржолдың бойында өтті. 1964 жылы әкем Далақайнарға көшіп, мал шаруашылығымен айналысады. Айдар да әке жолын қуып, теміржолшы болып, 1990 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, немересі Қасымхан да болат жолдың бойындағы еңбеккерлердің бірі.
Ағайынды Абдраимовтар әулетінде атамыз Қасыр теміржол бақылаушысы болып еңбек етсе, ұлы Жеңісбай саладағы алғашқы еңбек жолын жол монтері болудан бастап 1983-2019 жылдар аралығында бригадир, жол шебері, учаске бастығының орынбасары сынды міндеттерді абыройлы атқарды. 1980 жылы Батима атты арумен жарасып, екі ұл, екі қыз дүниеге келеді. 9 немере сүйген Қасыр ата 2023 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Баласы Ержан Шу стансасындағы сумен жабдықтау мекемесінде еңбек етіп, шалғайдағы разъезд, шағын станса тұрғындарына су жеткізіп береді. Жеңісбай 40 жылдай теміржолда еңбек етіп, Мадақтама қағаздары мен Алғыс хаттармен марапатталып, «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін кеудесіне тақты.
Атамыз Әсем теміржол саласында ұзақ жылдар бригадир болған. Өз еңбегімен елге танылып, көптің сый-құрметіне бөленген жан. Сонау 1968-69 жылдары қарамағында теміржолшы болып жұмыс істегенімде ол кісі қарапайымдылығымен, іскерлігімен, жанашырлығымен көрінген еді. Жылдар ағымында ие болған жоғары атақтары, мол марапаттары сол сіңірген еңбегінің жемісі, маңдай терінің өтемі деуге әбден болады. 1970 жылы В.И.Лениннің 100 жылдық медалін иеленді. «9, 10 бесжылдықтың озаты», «Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін», Социалистік жарыстың жеңімпазы-76, 77, 78, «Құрметті теміржолшы» төсбелгілерімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Алматы қаласындағы теміржол институтының мәжіліс залында портреті ілулі тұр. Балалары Арыстан, Төлеген, Болат теміржол саласында түрлі мамандықтар иесі. Атамыз Әсемнің немересі Марат Шу қаласында теміржол саласында бас инженер, екінші немересі Ануар аға мастер.
Тағы бір теміржолшылар әулеті – Әбдір Күзенбаев әулеті. Жары Бану теміржолшы. Атамыз Әбдірдің балалары Әміре, Серік және қызы Зәуре де темір жол саласында еңбек еткен жандар. Қазіргі уақытта баласы Серік учаске бастығы. Өзі теміржол саласында қырық жылдай еңбек етіп, бірнеше Алғыс хаттармен марапатталған.
Кеңес Жаңбырбаев теміржол саласында көлік жүргізуші болып, теміржолшыларды жұмыс орнына тасымалдау міндетін атқарды. Баласы Тұрғынбай теміржолшы. Немересі Нұрбек те атасының жолын қуып, теміржолшы болуға бел буып отыр.
Ұзақ жылдар бойы абыроймен жемісті еңбек етіп жүрген теміржолшылар Керімбай Диханбеков, учаске бастығы Ербол Уалиев, көлік жүргізуші Дәурен Беспаев, Олжас Оспанбековтердің есімдерін атап өтуге болады. Арада айлар, жылжып жылдар өтсе де, ынтымағы жарасқан теміржолшылар ұжымы қалыптасты. Білікті де білімді, қолынан іс келетін мамандардан теміржолшылардың екі бригадасы жасақталды. Олай болса, жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Әділхан ТОҚТЫБЕКОВ,
Далақайнар ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.