Ақпараттық портал

Ә.Желдібаевтың ән-күйлері әуеледі

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында белгілі күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдімомын Желдібаевты еске алу кеші өтті.

Кеш аясында күйші-композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған жаңа ноталық жинақтың тұсауы кесілді. Кітапта оның күй мен ән мұрасы қамтылды. Ал концерт барысында оның «Ерке сылқым», «Тұран елі», «Жетісу сазы», «Әулие ата» сынды күйлері күмбірлеп, әндері әуеледі.
«Тәңір тарту еткен таланттың арқасында күйден бөлек, бірнеше ән жаздым. Өнер халықпен бірге жасайды. Өнер адамының мерейін өсіретін де, өшіретін де – елі. Қандай да бір табыстарға қол жеткізген болсам, бәрі де халықтың арқасында» деген еді бірде өнер иесі. Оның «Ерке сылқым» күйі еліміздің шекарасынан асып, шетелдерге танылды.
Кеш барысында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі өнер көрсетті. Оған оркестрдің көркемдік жетекшісі-бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов пен Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов дирижерлік етті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сәуле Желдібаева, Светлана Айтбаева, Жанат Шыбықбаев, халықаралық және республикалық байқау­лардың лауреаттары Ербол Тәжібаев, Меруерт Желдібаева, Нұрқанат Тапиев, Жанат Бақтай, Асылзат Нұғыманова және Нұрғиса Әбдімомын қатысты. Өнер иелері Әбдімомын Желдібаевтың күйлері мен әндерін орындап, көрерменге күйші шығармашылығының құдіретін сезінуге мүмкіндік берді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.