Ақпараттық портал

Менің атам – майдангер

Мен үшін батырлық деген – жай ғана тарих сабағында оқытылатын ұғым емес. Ол – менің өз жанұяммен, өз тегіммен тікелей байланысты қасиетті ұғым. Өйткені менің атам Белялов Буден Мажбиевич – Ұлы Отан соғысына қатысқан нағыз майдангер.

Атам 1922 жылы 1 маусымда дүниеге келген. Жастайынан елге, Отанға деген сүйіспеншілігі ерекше болған. Бұл – оның Комсомол мүшесі болуынан-ақ көрініп тұр. 1941 жылы небәрі 19 жасында, жүрегі оттай жанып тұрған шағында, өзі сұранып майданға аттанған. Бұл әрекетінің өзі үлкен ерліктің бастамасы еді. Сол жылы Саратов қаласында жасақталып жатқан атты әскер қатарына алынып, майдан даласына бет бұрады.
Атамның алғашқы қанды майданды сәті Харьков маңында болған. Неміс ұшақтарының пойыз эшалонын бомбалауы салдарынан көптеген жауынгерлер сол жерде қаза табады. Атам ауыр жараланып, әскери госпитальға түседі. Бірақ ол мойымады. Жазылып шыққан соң, қайтадан соғысқа оралады. Бұл жолы ол 135-ші гвардиялық танк полкінің құрамында – әйгілі маршал Кутузовтың есімімен аталған бөлімде қызмет атқарады. Бұл – атамның ерлігі мен табандылығының тағы бір дәлелі.
Белялов Буден атам Орёл, Харьков, Прага, Будапешт сынды ірі қалаларды азат етуге тікелей қатысады. Әрбір шайқаста отаншылдық пен батылдық танытып, қаруластары арасында сыйлы болған. Бірақ бұл да оның майдан жолындағы соңғы кезеңі болмады. Соғыс Еуропада аяқталған соң, ол жапон милитаристерімен шайқасу үшін Маньчжурияға аттанады.
Озеро Хасан мен Халкингол өзені маңындағы шайқастар – тарихтағы ең ауыр қақтығыстардың бірі. Жапонның самурай әскерімен бетпе-бет келгенде, қазақтың қарапайым жігіттері өздерінің қандай рухты, мықты халықтың ұрпағы екенін дәлелдеді. Атам Жеңіс күнін сол Маньчжурияда қарсы алған. Бұл сәт оның өміріндегі ең жарқын әрі ұмытылмас кезеңдерінің бірі болса керек.
1946 жылы Белялов Буден туған еліне, жұртына аман-есен оралады. Ол тек жауынгер ғана емес, соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де адал еңбек етіп, еліне қызмет еткен азамат. Қызыл Жұлдыз орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және басқа да марапаттармен наградталған атам – менің мақтанышым. Өкінішке қарай, ол 1989 жылы 67 жасында дүниеден өтті. Бірақ оның ерлігі, естелігі мәңгі жүрегімізде.
Мен өз атамды көрмедім. Бірақ оның жүріп өткен жолын тыңдағанда, жан дүнием тебіренеді. Мен оның ұрпағы болғаныма мақтанамын. Ол маған ғана емес, бүкіл ұрпаққа ерліктің, отансүйгіштіктің, қайсарлықтың символы. Осындай бабаларымыздың арқасында біз бүгінде бейбіт аспан астында өмір сүріп жатырмыз. Бұл ұмытылмауға тиіс шындық.
Менің атам – майдангер. Ол менің жүрегімдегі шын батыр.
Сайда Бөден,
ЖенПУ-дің 1 курс студенті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.