Ақпараттық портал

Жәрдемақының тағайындалу тәртібі

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 24 мамырдағы № 169 бұйрығына сәйкес бала туғанда берілетін мемлекеттік жәрдемақы, бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау бекітілді.
Баласы бар адамдарға (отбасыларға) берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға (бұдан әрі – жәрдемақылар) мынадай:
бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – бала туғанда берілетін жәрдемақы);
бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – бала күтіміне байланысты жәрдемақы);
Бала күтіміне байланысты жәрдемақы баланың туу туралы куәлігінде көрсетілген, бала туған күннен бастап ол бір жарым жасқа толған күнді қоса алғанда, ал асырап алған, сондай-ақ қамқоршылыққа алған балалары бар адамдарға (отбасыларға) – соттың баланы (балаларды) асырап алу туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қамқоршылықты немесе қорғаншылықты белгілеу туралы бұйрық қабылданған күннен бастап ол бір жарым жасқа толғанға дейін тағайындалады.
Бала күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындаған кезде отбасы құрамында тірі туған, асырап алынған, сондай-ақ қамқоршылыққа (қорғаншылыққа) алынған балалар, егер басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалар да ескеріледі.
Бұл ретте, отбасы құрамында өздеріне қатысты ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары шектелген балалар ескерілмейді.
Егер бір жарым жасқа толмаған бала қайтыс болғаннан кейін күтім жөніндегі жәрдемақыны тағайындауға жүгінген жағдайда күтім жөніндегі жәрдемақы қайтыс болу айын қоса алғанда тағайындалады.
Қандастарға бала күтіміне байланысты жәрдемақы бала туған күннен бастап, бірақ қандас мәртебесі белгіленген күннен кейін тағайындалады.
Бала туғанда берілетін және бала күтімі жөніндегі жәрдемақылар отбасының табысына қарамастан тағайындалады.
Бала туғанда берілетін және бала күтіміне байланысты жәрдемақыларды тағайындау үшін өтініш беруші Мемлекеттік корпорация, портал немесе екінші деңгейдегі банктердің ақпараттандыру объектілері арқылы жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті органға жүгіну керек.
Бала туғанда берілетін және бала күтіміне байланысты жәрдемақыларды тағайындау үшін төмендегідей құжаттар өткізіледі:
1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлік, шетелдіктің тұруға ықтиярхаты) немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін).
2) қандас мәртебесі бар адамдар бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындауға жүгінген кезде қандас куәлігі немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін) ұсынады;
3) баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) (азаматтық хал актілерін жазу органдары берген туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
4) өтініш берушінің деректері баланың туу туралы куәлігіндегі деректермен сәйкес келмеген кезде – неке қию (ерлі-зайыптылық), некені бұзу туралы куәлік немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
5) балаға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленген немесе баланы асырап алған кезде – балаға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжат немесе туу туралы актілік жазбадан бала асырап алу туралы мәліметтер;
6) үшінші тұлғалар өтінішті және қажетті құжаттарды тапсырған кезде – нотариус немесе нотариаттық іс-әрекеттер жасайтын лауазымды адам куәландырған сенімхат.
Шет мемлекеттің құзыретті мекемесі не соған уәкілетті тұлға оның құзыреті шегінде және белгіленген нысан бойынша берілген немесе куәландырылған, шет мемлекеттің елтаңбалы мөрімен бекітілген баланың (балалардың) туу туралы куәлігін (куәліктерін) ұсынған кезде, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, апостиль қою не заңдастыру рәсімдерін өткеннен кейін ғана қабылданады.
Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары мынадай нтернет-ресурстарда орналастырылған:
1) Министрлік – www. enbek. gov. kz, “Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер” бөлімі;
2) Мемлекеттік корпорация–www.gov4c.kz.
Бірыңғай байланыс орталығы арқылы өтініш жасау арқылы тұрғылықты жеріне барып жүргізеді.
А.Балабекова,
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің №1 зейнетақы және қамсыздандыру бөлімінің бас маманы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.