Ақпараттық портал

Басты жүлде жерлесіміздің қанжығасында

Жылдан жылға аудан жетістіктерінің қоры молайып, сүйіншілер жаңалығымыз да еселенуде. Күні кеше ғана 21 мемлекеттің әншілері қатысқан Халықаралық конкурсқа жерлесіміз жезтаңдай әнші Балдат Бейсеқожа қатысып, жүлделі І орынды қанжығасына байлап қайтты.
Ауданның абыройын дүлдүлдер додасында талай мәрте қорғап, өзінің талантымен талайларды тәнті етіп жүрген Балдат жерлесіміз өнерлілер байқауына Шу аудандық мәслихатындағы “Ақ жол” партиясынан сайланған депутаттардың бастамасымен барғанын атап өткен жөн. Ақжолдықтардың ұсынысынан кейін аудандық мәдениет үйінің әншісі Балдат Бейсеқожа Грузия елінде өткен байқауда бас жүлдені иеленіп, Дубайға жолдама алған болатын.
“Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері” бар деп дана Абай айтпақшы, жерлесіміздің төгілте шырқаған әні Дубайдың көгінде қалықтап, кім-кімнің де болса құлақ құрышын қандырғаны анық.
“Аты аталмаған жігіттен, аты аталған төбе артық” деп дана халқымыз айтпақшы, Балдат Бейсеқожа облыс, тіпті республика көлемінде есімі еленіп, Шудың атын шығарып жүр. “Жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек, тұлпарда да тұлпар бар қазанаты бір бөлек” демекші, ер жігіт те, сәйгүлік те аламан бәйгеде сыналады. Ал кіл жүйріктен оза шапқанын халқы әспеттейді, көкке көтереді. Жүлделі оралған жерлесіміздің қуанышына біздің аудан қай кезде де ортақтаса біледі. “Өнерліге өріс кең” демекші, жүлдемен оралған жерлесімізге өз кезегінде лайықты сый-сияпат та көрсетілді.
Айғаным РЫМБЕКҚЫЗЫ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.