Маңғыстау жастары Президентпен кездесті
Жақын арада Ақтаудағы жалғыз университет үшін аса маңызды тарихи оқиға орын алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Yessenov University-ге ресми сапармен келіп, оқу ордасының ғылыми, цифрлық және инженерлік әлеуетімен танысты.
Президентіміз Yessenov University-нің инфрақұрылымдық, академиялық және ғылыми-инновациялық әлеуетімен, соның ішінде FabLab зертханасы, 01Edu мектебі, Huawei академиясы, сондай-ақ Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтының жұмысымен танысты. Президентке Yessenov Technopark инфрақұрылымы мен ондағы жобалар таныстырылды.
Yessenov Technopark — бұл студенттер мен оқушыларға арналған нақты инженерлік жобалар алаңы. Технопарк қызметі 2025 — Жұмысшы мамандықтар жылы мақсаттарымен үндес. Мұнда жаңа буын жұмысшы мамандар мен инженерлер дайындалады.
FabLab цифрлық зертханасы — Массачусетс технологиялық институтының халықаралық FabLab желісіне қосылған алғашқы зертхана. Мұнда 3D-баспа, CNC, робототехника, электроника бағыттарында оқытылып, халықаралық FabAcademy дипломы беріледі. Робот SLAM және LiDAR негізінде жұмыс істейді, нақты уақытта басқару жүйесі бар және отандық студенттердің қолымен жиналған.
Франциялық маман Николя Садирактың жетекшілігімен енгізілген 01Edu бағдарламасы — peer-to-peer әдісімен білім беретін еліміздегі алғашқы цифрлық мектеп. Оқушылар мұнда жасанды интеллект, алгоритмдер және деректермен жұмыс істеу дағдыларын меңгереді. Президент осы алаңның жұмысымен танысты.
Жасанды интеллект факультетінің ашылуы — сапар аясындағы маңызды оқиға болды. Бұл факультет AI-ready мамандарды даярлауға бағытталған және AI-Sana ұлттық бағдарламасын жүзеге асырудың бір бөлігі.
Huawei ICT Academy — 2022 жылдан бастап Yessenov University базасында жұмыс істеп келеді. Бұлтты есептеу, 5G, жасанды интеллект, IoT бағыттарында білім беріледі. Академия түлегі — Оралбай Өтебай Huawei халықаралық чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы, бүгінде «Huawei Technologies Kazakhstan» компаниясында IT-инженер қызметінде. Бұл — университет сапалы білім мен халықаралық жетістіктер арасындағы нақты байланыс.
Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты (KINI) — TU Berlin серіктестігімен ашылған және жасыл экономика, логистика, цифрлық инфрақұрылым бағыттарында білім береді. Yessenov University Қазақстанның инженерлік білім беру көшбасшыларының бірі ретінде Қазақ-неміс тұрақты инжиниринг институтының дамуын жалғастыруға ерекше мән береді. Осы мақсатта Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша шұғыл шаралар жоспары аясында 2026 жылы KINI-ге қосымша 20 млрд теңге бөлінетіні белгілі болды.
«Осындай орталықтар жастардың техникалық және креативті дамуына мүмкіндік береді. Бұл – цифрлық экономика дәуірінде бәсекеге қабілетті, білікті мамандарды дайындаудың маңызды алғышарты», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Замира Пулатова,
YU Әлем тілдері кафедрасының оқытушысы.