Ақпараттық портал

Кітап оқуға үндеген шара

Осы аптаның ортасында елімізде Ұлттық кітап күні кеңінен аталып өткені белгілі. Мереке аясында бірқатар мазмұнды шаралар ұйымдастырылып, кітап құндылығы насихатталды. Солардың бірі- «Ашық аспан астындағы кітапхана» атты облыстық жоба. Аталмыш бастама аясында 23-сәуір – Ұлттық кітап күніне орай, Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында «Ғажайып кітап әлемі» атты «Кітап шоу-2025» фестивалін өткізген болатын.

Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, шараның басты мақсаты – халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру, балалар мен жасөспірімдердің сауатын ашу мен кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.
-Бүгінгі кітап фестивалі көптеген әдеби шығармалармен танысуға мүмкіндік беріп отыр. Әділетті Қазақстанға оқитын және білімді жастар қажет. Кітап оқитын адам сана көкжиегін кеңейтеді, логикасын, ойлауын дамытады, есте сақтау қабілетін жақсартады. Осы ретте кітап фестивалі көптеген адамдарды біріктіріп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады,-дейді ОКЖ директоры Б.Алжанбаева.
Фестивальда «Кітап – ой әлемі» тақырыбында түрлі көрме-инсталяциялар жасалды. Көрме-инсталяциясына қорға келіп түскен жаңа әдебиеттер, балалар кітаптары мен мотивациялық кітаптар, фантастика мен детектив жанрындағы жалпы саны 500-ден асатын әдебиеттер оқырмандар назарына ұсынылды. Одан бөлек, Шудан шыққан есімі елге мәлім тұлғалардың бейнелері таныстырылды.
Кітапханашылардың ұйымдастыруымен өткен шара «Ғажайып кітап әлемі» атты бағдарламамен өз жалғасын тапты. Іс-шара шымылдығы кітапхана қызметкерлерінің орындауындағы «Кітап биімен» ашылып, кітапқа арналған әсерлі өлеңдер оқылып, тарихи кітап желісінен алынған «Қарахан мен Айшаның махаббаты» көрінісінен үзінді көрерменге көрсетілді. Сондай-ақ сала мамандарының орындауында «Жыр әнім – Шу» әні көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Облыс орталығының тұрғындары мәдени құндылықтарды арттыру, оқырман мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілген фестивальдан ерекше әсер алғанын айтуда. Қаламгерлер аллеясына жиылған жұртшылық рухани азық алып қайтқандай болды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.