Ақпараттық портал

Бірлігі бекем елдің болашағы баянды

Текті халқымыздың елдік, ерлік рухының биік болуы, өр қалпының сақталуы, татулығы мен тұтастығының тұрақтылығы осы болаттай берік бірлігіміздің жемісі деп білеміз. Бүгінгі әлем жұртшылығы тамсана көз тігіп, қызыға бағалайтын үлкен бір құндылығымыз да дәл осы Қазақстан халқының бірлігі болып табылады. «Бір шаңырақ астында» деген құдіретті сөзді жиі айтатын еліміздің сол шаңырағының астына топтасқан басқа да ұлт өкілдерінің уығындай берік қадалуы да берекенің бастауы емес пе?!

Тарихы тереңді бойлаған, өзіндік сүрлеуін қалыптастырған Шу жеріне де тағдыр тәлкегімен қаншама ұлт пен ұлыстар қоныс аударып, тарихи атамекеніне сіңісіп кетті. Қанша халық болса, әр халықтың өзіндік наным-сенімі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық құндылықтары болады. Қазақстан халқы өзге ұлт өкілдерін құшағына басып қана қойған жоқ, елімізде еркін өмір сүруіне жан-жақты жағдай жасады. Соның жарқын көрінісі жер-жерде құрылған этномәдени бірлестіктер. Біздің Шу өңірінде де этномәдени бірлестіктердің лайықты жұмыс жүргізуі – даналықтың көрінісі деуге болады.
Бүгінде 100 мыңнан астам халқы бар Шу ауданында қазақ, орыс, түрік, неміс, әзірбайжан, күрді және ұйғыр сынды этномәдени орталықтары жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда этномәдени бірлестіктер қоғамдық келісім кеңестері арқылы әлеуметтік топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғап, қарапайым халықты толғандыратын түрлі мәселелерді шешуде жергілікті атқарушы билікпен әріптес болып отырғандығы да атап айтуға тұрарлықтай.
Жылдағы қалыптасқан дәстүрге сай Төле би ауылындағы орталық алаңда 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай аудандық мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтеді. Сол ізгі дәстүр биыл да өзінің жарасымды жалғасын тауып отыр.
Барша халықтың жүзіне қуаныш үйірілетін, татулық пен бейбітшіліктің үлгісін көрсететін айтулы мерекеде Шу жерінде орналасқан түрлі этнос өкілдері өздерінің мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық тағамдарын паш етті.
Қазақстанға қоныстанған қай ұлт болмасын қонақжайлық қасиетті бойына сіңіргені сол болар, әр ұлттың дастарханынан жергілікті тұрғындар дәм ауыз тиіп, бір-бірімен емен-жарқын әңгімелесіп, бірліктің үлгісін танытты.
Бірлік күніне арналған мерекеде аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз алып, қазіргідей алмағайып заманда бізге ең қажеті тұтастық, тұрақтылық екендігін тілге тиек етіп, бейбіт күннің шырқын бұзбай, татулықтың тал бесігінде тербелуге шақырды.
Бұдан әрі аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары және өзге ұлт өкілдері өнерпаздарының қатысуымен мерекелік әндер шырқалып, түрлі этнос өкілдерінің ұлттық киімінде өнер көрсеткен биші арулар көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сондай-ақ, Мәлік Жүнісәлиев саябағында ұлттық нақышты айғақтайтын көрме ұйымдастырылып, ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өткізілді. Мейрам қарсаңында ауданда жиналған халықтың қарасы қалың болды.
Бұл күн барша халық үшін бірігу, жаңару, өзара түсіністік пен жасампаз еңбекке үндейтін, айрықша құрмет символы ретінде ұрпақтан ұрпаққа сақталып қала беретіндігімен ерекшеленді. Түрлі халықтың тағдырын тоғыстырған, тұтастығын сақтаған Қазақстанның жасампаздығы жасай берсін!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.