Ақпараттық портал

Қариялар бақ сынаған байқау

Өткен сәрсенбіде ауданымыздың Қонаев ауылында жергілікті батагөй қариялар арасындағы «Батаменен ел көгерер» атты аудандық байқау өтті. Аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен байқауда алпыс жастан асқан аға буын өкілдері бақ сынады. Олар 3 минуттан аспайтын уақытта қарасөз немесе өлеңмен «Өзін өзі таныстыру, қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпына сәйкес бата беру, қазақтың ұлы тұлғаларының баталарын жатқа айту сондай-ақ, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты сұрақтарға жауап беру сынды аталымдар бойынша бақ сынады. Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Өмірәлиев бастаған арнайы тағайындалған қазылар алқасы үміткерлердің өнерін барынша
әділ бағалауға тырысты.

Шараның шымылдығын түрген аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев осы байқаудың өтуіне ұйытқы болған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасына алғыс айтып, бұл байқаудың жастар тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал, Е.Өмірәлиев көпшілікті байқаудың ережесімен таныстырса, жергілікті қария Тоқтасын ата ақ батасын берді.
Мұнан кейін үміткерлер кезекпен ортаға шығып, өз өнерлерін ұсынды. Таныстыру кезеңінде Мейірхан Балықбев, Нұрлыбек Қасымов, Мұхтар Буданбеков, Жұмали Асланов сынды бірлі-жарымды үміткерлер өз–өзін арнайы дайындалған өлең шумақтарымен таныстырса, басым бөлігі өздері жайлы мәліметті қара сөзбен өрді. Ал, билетке сәйкес қазақтың ұлы тұлғаларының батасын жатқа айту кезеңінде бірқатар ағаларымыздың кейбірі бірнеше батаны араластырып айтып, енді бірі бата сөздерін ұмытып қалғандықтан кідіріп, осы тұста біраз ақсаңдық көрініс берді. Сондай-ақ, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап беру кезеңі де кемшіліксіз болмады. Мысалы, құйрық-бауыр асату, сыралқы, отқа май тамызу, қымызмұрындық дегеніміз не деген секілді сұрақтар аясында қателесіп, енді бірі нақты жауабын білмегендіктен, жауап беруден бас тартып жатты.
Әрине, мұның барлығы заңдылық. Өйткені, байқау болған соң біреу оза шауып, біреу құла шабатыны белгілі. Сынға толы қариялар байқауын бағалау барысында қазылар алқасының мүшелері әр қатысушыны барынша көтермелеп бағалауға тырысқандығын айтуда. Нәтижесінде, Мейірхан Балықбаев бас жүлдені иеленді. Әшірхан Қабылбеков бірінші орынды еншілесе, Мұхтар Буданбеков, Әлдибай Садырбаев, Жұмали Аслановтарға үшінші орындар бұйырды. Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан грамоталар мен смарт теледидар, шаңсорғыш, нан пісіретін пеш, термопост сынды бағалы сыйлықтар ұсынылса, өзге де қатысушыларға шағын сыйлықтар тарту етілді.
Шара соңында сөз сөйлеген жергілікті аудандық ардагерлер кеңесі билер алқасының төрағасы Жұмаділдә Бәйтерек ағамыз аталмыш байқау барысында қатысушылардың дайындығы төмен, ізденушіліктің аз болғандығын тілге тиек етіп, алдағы уақытта өткізілетін осындай сындарда аға буын өкілдері мұндай кемшіліктерге жол бермей, жоғары дайындықпен келеді деген сенімін білдірді.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.