Ақпараттық портал

Аудан тұрғындары Қала күнін атап өтті

Ағымдағы аптаның ортасында яғни сәрсенбінің сәтті күнінде Шу қаласындағы орталық алаңда Қала күні атап өтілді. Қалалық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен, аудандық және қалалық әкімдіктің қолдауымен өткен мәдени шараға жергілікті тұрғындар көптеп жиналды. Белгілі себептерге байланысты өз уақытынан кеш басталған концерттік бағдарламаға келушілердің қарасы кешкі салқын түскен соң, бастапқыдан да қалыңдай түсті. Жасы бар, жасамысы бар, орталық алаңды қаумалаған қалың жұрттың бұл көрінісі олардың өнерге деген сүйіспеншілігін айқын аңғартқандай.

Тарих тереңіне көз жүгіртсек, еліміздегі тоғыз жолдың торабы саналатын Шу қаласының тынысы 1960 жылдан басталады екен. Осы жылы негізі қаланған Шу халық саны мен экономикалық маңыздылығының артуына байланысты 1969 жылы ресми түрде қала мәртебесін алады. Хронологиялық тұрғыдан қарасақ, биылғы жылы Шу қаласының құрылғанына 65 жыл толуда. Орталық алаңда өткен аталмыш шара Қала күнімен қатар осы датаға да орайластырылып ұйымдастырылғандығын атап өткен жөн.
Сазды бағдарламаның шымылдығы жергілікті би тобының әсем биімен ашылды. Мұнан кейін «Шу серілері» триосы қазақ ұлтының ұлттық ерекшелігін сипаттайтын бірқатар әсем әндерін орындады. Жергілікті өнерпаздар Мақсат Мақсұт «Шу қалам» әнімен жан тебірентсе, Нұрсұлтан Сансызбаев пен Балдат Мұсақожаев та өздерінің тамаша әндерімен құлақ құрышын қандырды.
Қала күніне арналған мәдени шара барысында елімізге танымал әншілер де осы ортадан табылып, жергілікті жұртшылық өкілдеріне өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, әсем әндерін тарту етті. Атап айтқанда, «Мистер Куна» лақап атымен танылған жас әнші ән мазмұнында Шу топырағында дүниеге келген ұлы тұлғалардың есімдері аталып, өңірдің тарихи, мәдени ерекшелігіне басымдық берілген «Шу» әнімен және заманауи сарындағы «Демалыс» әнімен көпшіліктің зор қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, «Жылқышы бала» лақап атымен танылған Ереке Мұрат, «Аягөз қайда барасың» хит әнімен танымал Мәлік Жамбылұлы сынды өнер иелері бірнеше әсем әндерін орындап, мерекенің ажарын аша түсті. Әсіресе, жастар қауымының жанына жақын жайдарманшылардан құралған «Миллион» командасының өнері зор қошеметке ие болды. Олар мәдени шараны әзілмен әрлеп, «Құдаша қыз», тағы да басқа мазмұны әзіл-қалжыңға негізделген заманауи әндерін ұсынды.
Өткен жылдар ағымында яғни, өз уақытында өзіндік хит әндерге айналған “Ақ сәулем», «Жұмбақ қыз», «Бейтаныс ару» тағы басқа әндердің орындаушысы Өктем Алтаевтың өнерін жиылған көпшілік әсіресе, орта буын өкілдері ыстық ықыласпен қабылдады. Ол өз сөзінде Шу өңіріне алғаш келіп отырғандығын айтып, жергілікті тұрғындарды Қала күнімен құттықтап, көпшілікті әнді бірге шырқауға және өзімен дуэт болып орындауға шақырды.
Иә, Өктем Алтаевтың әндері аға буынның болмаса да, орта буын өкілдерінің көкейінде жатталып қалғаны анық. Мұны танымал әндердің шумақтарын тұрғындардың өнер иесімен кезектесіп айтуы барысында айқын байқадық. Алайда, өкінішке орай жастар қауымы оның әндерінің сөзін білмегендіктен, қосыла алмай жатты. Дегенмен, елімізге әйгілі әнші халықпен бірге ән айту арқылы мәдени шараның шырайын ашып, зор құрметке бөленді.
Жалпы, Қала күніне арналған мәдени шара лайықты деңгейде өтті. Халық әншілермен бірге ән айтты, би биледі, көңіл көтерді. Сонымен қатар, жүргізушілер тарапынан назарға ұсынылған
сұрақ-жауап ойынына қатысып, танымдарын арттырды.
Осылайша, бұл күні орталық алаңға жиылған жұртшылық өкілдері рухани тынығып, ризашылықпен тарқасты.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.