Ақпараттық портал

Жолшылар жұмысы теміржол саласының маңызды құрамы

Ел экономикасының күретамыры саналатын темір жол саласы қашан да зор маңызға ие. Мұнда мыңдаған ел тұрғындары еселі еңбек етіп, өзінің тұрмыстық әл-ауқатын арттырумен қатар, еліміздің дамуына да қомақты үлес қосып келеді. Өйткені, темір жол саласының аясы кең болғандықтан, еңбек етіп жүрген әр адамның міндеті де әр қилы. Солардың арасында жол жұмысшыларының атқаратын рөлі ерекше. Өйткені, желдей жүйіткіген пойыздар осы жолшылардың маңдай терімен салынған темір жол арқылы еліміздің әр аймағын бір-бірімен байланыстыруда. Жаздың аптап ыстығы мен шелектеп жауатын жауыны, қыстың қытымыр аязы мен бораны, көктемнің балшығы мен күздің қара суығы бұл адамдардың жұмысты кідіртуіне еш негіз бола алмайды. Сол себептен, темір жолда тер төккен азаматтарды нағыз еңбек адамы деп айтуға толықтай негіз бар десек, қателеспейміз. Біздің өңірімізде дәл осы санаттағы азаматтар еңбек ететін темір жол мекемесі – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының филиалы болып саналатын Шу машиналандырылған жол дистанциясы.

Аталмыш кәсіпорынның құрылу тарихы туралы айтар болсақ, 2005 жылдың 30-сәуірінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының басқарма отырысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының филиалы – «Шу машиналандырылған жол дистанциясын» құру туралы шешім қабылданып, 2006 жылдың 17-шілдесінде аталған дистанция жергілікті жерде өз жұмысын бастайды.
Осы жылы мекеме өз жұмысын жаңадан жолға қойғандығына қарамастан, австриялык «PLASSER-THEURER» зауытында жасалынған өздігінен жүретін 17, ресейлік 15, франциялық 4, барлығы 36 дана жұмыс өнімділігі жоғары, жол жөндеу жұмыстарын жүргізетін машиналармен жабдықталады. Олардың арасында жол асты шағыл тастарын тазалап, қайта төсейтін РМ-80, жол шағыл тастарын түйетін «УНИМАТ», «ДУОМАТ», шағыл тастарды тегістеп нығыздайтын ДГС, ПВР және ластанған шағыл тастарды аршып алып, шығарып тастайтын МФС жол машиналары бар. Шетелдік жол машиналарында Австрия мемлекетінің Линц қаласындағы “PLASSER-THEURER” зауытында оқып келген білікті мамандар, тәжірибелі машинистер жұмыс істейді. 2006 жылы «Сороковой жол дистанциясы» филиалынан «Шу машиналандырылған жол дистанциясы» филиалына 160 жол машиналарының машинистері ауыстырылған. Мамандардан 12 адам жұмысқа қабылданса, 2006 жылы барлығы 172 адам жұмыс істеген.
2020 жылдың маусым айынан дистанцияның басшылық тізгінін ұстап келе жатқан Уткелбаев Пернебек Бектенұлының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда мұндағы жұмысшылар саны 481 адамды құрайды, оның ішінде басшылар 76, мамандар саны 29, өндірістік персоналға жататын жұмысшылар саны 474, әкімшілік персонал 7 адам. Еңбеккерлердің орташа айлық жалақылары 471 мың теңге көлемінде. Пернебек Бектенұлының айтуынша, олардың арасында білікті, білімді мамандар да айтарлықтай. Жұмыстың негізгі бөлігін түрлі техникалар арқылы жол жұмысшылары атқарады. Жұмысшы топ құрамында еліміздің әр аймағының азаматтары бар. Олар вахталық режимде жұмыс жасайтын болғандықтан, жатын орын ретінде жан-жақты қажеттілікпен қамтылған арнайы вагондар қарастырылған. Жұмысшылар 15 күн бойы осы вагондарда түнеп, өздеріне берілген жоспарлы жұмысты уақытыл аяқтауға күш салады.
Сонымен қатар, 2024 жылдан Шу машиналандырылған жол дистанциясында 29 австриялық, 18 ресейлік, 18 франциялық, барлығы 65 жол жөндеу машиналары жұмыс аткаруда. Дистанцияның жол жөндейтін машиналары темір жолдарда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы жолдармен жүру жылдамдығын арттырады. Осы машиналардың жұмыстарының нәтижесінде Астана-Алматы бағытындағы испандық жүрдек “Тальго” пойызының сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүруіне мүмкіндік жасалып отыр. Қазіргі уақытта, осы мекеменің машиналары Шығыс Қазақстанда Семей, Өскемен станцияларынан бастап, Батыста Ақтөбе, Атырау, Оңтүстікте Қызылорда, Шымкент станциялары аралығында ең күрделі аймақтарда жол жөндеу жұмыстарын атқаруда.
Машинистерді арнайы оқыту ісі де басшылық назарынан тыс қалмаған. Олар көлік оқу орталықтарындағы машинистерді даярлау курсынан біліктіліктерін арттырып отырады. Мысалы, соңғы жылдардағы жағдай бойынша айтар болсақ, 2022 жылы 43 машинист Тараз көлік оқу орталығында машинистерді даярлау курсынан білім алса, 62 адам біліктілікті арттыру курсынан оқып шықты. 2023 жылы аталған оқыту мекемесінде 36 машинист машинистерді даярлау курсынан өтсе,103 адам біліктілігін арттыру курсынан өткен. Ал, өткен жылы 29 машинист машинистерді даярлау курсында оқып, 98 адам біліктілігін арттырған.
Сондай-ақ, мекеме ұжымы жол машиналары жұмыстарының жылдық жоспарын тиісті деңгейде және абыройлы орындап келеді. Яғни, Шу машиналандырылған жол дистанциясы ұжымы бүгінгі күні еліміздің әл-ауқатының жақсаруына, әлемдік жаңа технологияларды игеру арқылы теміржол саласының дамуына өз үлестерін қосуда.
Мемлекет басшысы да өзінің өткен жылғы Жолдауында: «Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан да құрметті, сыйлы болуы керек. Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруы тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет,-деген болатын.
Ел Президентінің бұл ұстанымы елдегі еңбек адамдарына деген құрметтің айқын көрінісі болса керек. Біз сөз етіп отырған Шу машиналандырылған жол дистанциясының жұмысшылары да қызу еңбектің қазанында қайнаған, нағыз шеберлер десек, артық айтқандық емес. Сондықтан, бұл ұжым алдағы уақытта ел экономикасының еселенуіне зор үлес қоса бермек.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.