Ақпараттық портал

Аудандық кезеңнің жеңімпаздары марапатталды

«Мерейлі отбасы» – еліміздегі үлгілі отбасыларды насихаттап, халқымыздың ықылымнан келе жатқан берік дәстүрін дәріптейтін бірегей жоба екені белгілі. Биыл 13-ші мәрте өтіп жатқан бұл байқаудың басты мақсаты отбасы институтын нығайтуға, отбасы құндылықтарын таратуға, сонымен қатар кәмелетке толған балаларының еңбекке жарамсыз және егде жастағы ата-аналарына қамқорлығын өнеге етуге бағытталған.

Ұлттық байқау бірнеше кезеңді қамтиды. Үміткерлер өтінімдерін 15 мамыр – 15 маусым аралығында тапсырып, 15 маусым – 30 маусым аралығында аудандық (қалалық) іріктеу кезеңіне қатысады. Одан кейін оларды облыстық сын күтсе, байқау республикалық марапаттау рәсімімен өз мәресіне жетеді.
Аталмыш додаға ат қосқан жанұялар ауданымызда да жетерлік. Тамыз айының басында оқ бойы озып келген отбасыларды аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев әкімдіктің кіші мәжіліс залында қабылдап, «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады.
Шу өңірі бойынша биылғы жеңімпаздар ретінде Чекаев, Донбаев және Қырықбаевтар отбасылары анықталды. Олардың әрбірі және барша үміткерлер үлгілі шаңырақтар. Дегенмен байқаудың шартына сәйкес үздіктерін саралау қажет.
Мәселен, Чекаевтар әулетінде қарапайым жұмысшылар да, қалам ұстаған жандар да бар. Жуырда ғана дүниеден озған Нәкия әжей көрген-түйгені мен өсиетін өлеңмен өрген жан еді. Оның ұлы Жұмахан Төлеуұлын облыстың зиялы қауымынан бөлек республика таниды десек артық айтқандық емес. Әже мен ата жолын Аяжан жалғастырып, Тараз қаласындағы ЖОО журналистиканың 3 курсында оқып жүр.
Сол секілді Донбаев отбасы есепшілердің әулеті саналады. Әулетбасы Көбей, отанасы Луиза, ұлдары Сәбит, келіні Дина, тағы бір ұлы Айдабол бір салада еңбек еткен.
Ал Тарақ ата мен Пернекүл ана бастаған Қырықбаевтар әулеті де өсіп өнген, ғибраты мол отбасылардың қатарынан. Аталған отбасылар – тек өз шаңырағында ғана емес, аудан өмірінде де белсенді, көпке үлгі бола білген нағыз мерейлі жанұялар екені сөзсіз. Байқау аясында елге үлгі болатын, еңбегімен, тәрбиесімен дараланған әулеттер таныстырылған.
Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің дерегінше, байқау жарияланған уақыттан бастап белгіленген мерзімге дейін аудан бойынша өзін-өзі ұсынған отбасылар саны 15 болған. Жергілікті атқарушы органдардың, заңды тұлғалардың ұсынысы бойынша 4 әулет өтінімдерін өткізген.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.