Ақпараттық портал

Туған жерге туын тіккен

Шуақты Шудың төл перзенті Нүркенов Бақытжан Балтабекұлының жарқын бейнесі көзден таса болса да, көңілден орын алған. Өйткені, айтулы азамат бар саналы ғұмырын туған халқына адал қызмет етуге арнады. Қазіргі Қонаев ауылында туып-өсіп, орыс тілінде орта мектепті тәмамдағаннан кейін еңбек жолын бұрынғы Ленин кеңшарының жұмысшысы болып бастаған. Жастайынан үлкендерді тыңдап өскендіктен және тағылымды тарихтың жарқын беттерін есте сақтағандықтан өмір жолының бағыт-бағдарын дұрыс таңдай білген. Жүрек қалауымен Жамбылдағы гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түсуді таңдады. Өз пайымдауынша, жоғары білімді инженер-гидротехник болса, туған ауылының тіршілігін алға тартатынына сенімді еді. Ол тұста бұл мамандық иелері сирек кездесетін. Осындай арман жолымен жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, ауылына су маманы болып оралғандығы жергілікті басшыларға да, диханшыларға да қуаныш сыйлағанын өзі де сезіп жүрді. Аталмыш шаруашылық көпсалалы болса да, негізінен қант қызылшасын өсірумен де айналысты.

Кейбір жылдары шаруашылықта қант қызылшасының көлемі 1000 гектарға дейін ұлғайтылды. Осыншама техникалық бағалы дақылды ала жаздай сегіз-тоғыз мәрте ылғалдандыру оңайға түсе қойған жоқ. Жас маман өз мамандығына адалдық танытып, қант қызылшасын суаруды ұтымды ұйымдастыруға белсене кіріскен.
Ол кезде де сушылар жетіспеген жағдайлар да орын алған. Атам қазақ: «Күндізгі су – бу, түнгі су – ну» – деп айтқандай, дақылдарды түнде суаруға көбірек көңіл бөлінген. Ауыл абыройын көтеру үшін қандай қиындықтар болмасын табан тіреп, күш-жігері мен білімін еңбек көрігін қыздыруға жұмсап жүрді. Ол жастайынан сушылық кәсіптің қыр-сырын бір кісідей меңгере жүріп, жұмыстан қолы қалт еткенде ауыл жастарының қатарынан көркемөнерпаздар үйірмесін құра білді. Өзі де гитара атаулының талай түрінде шебер ойнап, қазақ және орыс тілдерінде ән салғанына да куә болғанбыз. Оның осындай ұйымдастырушылық қабілетін аңғарған ауыл жастары өздерінің комсомол жетекшісі етіп сайлап алды.
Еңбек пен өнерді қатар тізгіндеген Бақытжан Балтабекұлы ауыл тіршілігінің ыстық-суығын бірдей көріп өсті. Жоғары білімді жігіттің бойындағы жақсы жақтарын байқаған аудан басшылығы оны аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметіне жоғарылатты. Өз мамандығы бойынша біраз жыл қызмет еткендіктен оның іскерлігі мен ілкімділігі бағалана бастады. Еліміз егемендік алып, жергілікті басқару органдары жаңаша құрылған кезде Шу ауданының алғашқы әкімі Амангелді Кәрентаев Бақытжан Нүркеновті өзіне көмекші етіп қызметке шақырды. Бұдан соң аудандық әкімдіктің аппарат жетекшісі болып тағайындалып, бес жыл бойы адал атқарды. Ауданның алғашқы әкімі басқа қызметке ауысуына байланысты оның орнына Қордай ауданының бұрынғы әкімі Құрманғали Уәлиев тағайындалды. Жаңа әкім де Бақытжан Балтабекұлын жатсынбады. Өзара түсінісіп, бірлесіп тиісті қызметтерін атқарып жатты. Арада екі жылға жуық уақыт өткеннен кейін Қ.Уәлиев Қордай ауданына қайта әкім болып ауысты. Ол кезде әкімдер өз командаларын өздері жасақтайтын. Уәлиев мырза Б.Нүркеновті таңдағандықтан Қордай ауданына қызметке шақырып, аудан әкімінің ауыл шаруашылығы саласы бойынша орынбасары етіп тағайындағаны белгілі. Бұл қызметті алты жыл бойы ойдағыдай атқарған Бақытжан Балтабекұлы Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі қызметіне жоғарылағаны көпшілікке аян. Турасын айтқанда, Бақытжан Нүркеновтің қандай қызметті атқарғаны туралы бұрындары да талай жазылған. Әйткенмен, мемлекеттік мәселеге аса маңыз беретін, қоғамдық жұмыстарға қоян-қолтық араласатын Нүркенов мырза үш аудан мен бір қаланы білгір басқарғандығы ел есінде. Атап айтқанда, Тұрар Рысқұлов, Шу, Мойынқұм аудандары мен Шу шаһарының әкімі болған кездері әр аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсартуға, жергілікті жұрттың талап-тілектерін ескеруге қолдан келгенше аянған емес.
Қай кезде де болмасын әкім болу, сол арқылы халыққа жақын болу оңайға түспеген. Әрбір әкім ел алдында есеп бере отырып, алдағы уақытта қандай міндеттерді жүзеге асыру керектігін тереңінен ойлайтын болған. Әрине, аудан әкімінің немесе қала әкімінің қолында бар билік тұрған жоқ. Күрделі мәселелерді облыстық деңгейдегі әкімдер мен департамент басшылары арқылы жүзеге асыруға тура келді. Бұл жағынан Бақытжан Балтабекұлы қалыс қалған емес. Жарты жолда шаршап, шалдықпады. Елге берген уәдесінің үдесінен шығу үшін жоғары жақтағыларға да маза берген емес. Ең бастысы, ол өтірік айтып, жалаң сөйлеуді білмейтін. Көпшілік алдына шыққанда барды бар, жоқты жоқ деп айта білді. Бұл қасиет оның тал бойына тұнған адамгершілігінің айғағы еді.
Бақытжан Балтабекұлын қырық жылға жуық уақыт жақсы танығандықтан әрі аудандық әкімдікте қызметтес болғандықтан оның іскерлігі мен ізеттілігі жөнінде айрықша атап айтқанды жөн көрдім. Ол Шу қаласының әкімі қызметін атқарып жүргенде қалалықтардың аудандық газетке жазылу жайы сын көтермейтінін назарына жеткізген едім. Қабылдауында болған басшылардың сөздерін бөлмей соңына дейін тыңдай білетін әдетін де, әдебін де сақтады. Біраз ойланып отырды да: «Ахметжан аға, бұл мәселеге ұятты екеніміз рас. Жақында теміржолшылармен және бюджеттік ұйымдардың қызметшілерімен кездескелі отырмын. Сондай басқосуларда аудандық газеттің таралымы туралы нақты тапсырма беремін» – деп сөзін түйіндеді. Арада ай шамасы өткеннен кейін байқағанымыздай, аудандық газеттің таралымы Шу шаһары бойынша едәуір көбейгенін аңғардық. Қала әкімінің жайдан-жай айта салмай, істің көзін табатын басшы екендігіне тағы бір жолы көзім жетті. Мұндай келелі кездесулер жалғасын одан кейін де тауып жатты. Бірақ оның бәрін бірдей қайталай берудің қажеті шамалы.
Атап айтар бір жай, Бақытжан Балтабекұлы Шу ауданының әкімі қызметін атқарып жүргенде де өз қолтаңбасын қалдыра білді деп ойлаймын. Неге десеңіз, аудан әкімінің өзіндік тікелей міндеттері аз емес. Ай сайын әкімдіктің алқа мәжілісін өткізу, тоқсандық тапсырмалардың орындалу барысын тыңдау, аудан ардагерлерімен, жастарымен жүйелі кездесу өткізу, аудан тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдау және т.б. көзге көріне бермейтін мәселелермен айналысу күн тәртібінен түскен емес. Жағдай солай бола тұрса да аудан басшысы күнделікті күйбең тіршілікті ысырып қойып, болашақты болжайтын, келешекке керекті жағдайларды да алдын ала ойластырып жүрді. Шу ауданының 80, Шу қаласының 50 жылдығын атап өту кезеңінде де Шу ауданы әкімінің орынбасары қызметінде жүрген Бақытжан Нүркенов қайнаған қызу еңбектің ортасында болды. Бірде ауыл еңбеккерлерінің ортасынан көрсең, енді бірде қос мерекеге байланысты бой көтерген еңселі ескерткіштердің басы-қасында жүргендігін байқау қиын емес-ті. Сол кездегі Шу ауданының әкімі Қожахан Жабағиевпен бірлесіп, ел еңсесін көтерген, тәлім-тәрбиесі зор, мәдени шараларды өткізуге де ұйытқы бола білді. Бертін келе Шу ауданы әкімі қызметінің тізгіні қолына тигенде ауданда бастау алған ізгілікті істерді жалғастыруға үлкен мән берді. Бұл туралы айрықша тоқталып өткенді жөн көрдім…
Атап айтқанда, Бақытжан Нүркенов Ауған жерінде интернационалдық борышын өтеп жүріп опат болған жеті шулық жауынгердің мүсіндерін биік тұғырға орнатуды жергілікті мүсіншілердің алдына үлкен міндет етіп қойды. Мұндай нәрсеге бюджеттен қаржы бөлінбейтіні белгілі ғой. Аудан басшысы жергілікті кәсіпкерлердің қатарынан демеушілерді тауып, жеті боздақтың мүсінін жасатуға ұйытқы болды. Басшының тапсырмасы тиянақты әрі болашаққа қажетті болғандықтан жергілікті мүсіншілер де бұл іске білек түре кірісті. Алматыдан, Бішкектен немесе Тараздан шеберлер шақырылған жоқ. Аудан азаматтары өздеріне үлкен сенім артылғанын жақсы түсініп, аудандық әкімдіктің гаражын шеберхана жасап, жеті мүсінді ұқыпты жасап шығарды. Осы жерде Ауған жерінде шейіт болған боздақтардың аты–жөндерін атап өтсек, олар Абдуганиев Махамед Усманжанұлы, Волошенко Андрей Алексеевич, Қойлыбаев Азамат Әшірбекұлы, Орынбаев Қайрат Бақытбекұлы, Таятаев Бауыржан Байжанұлы, Өтепов Дулат Әбдіманапұлы, Хамиджанов Хамидулла Валиуллаевич еді. Сол мүсіндер салтанатты түрде ашылған сәтте марқұмдардың ата-аналары, туған-туыстары көп жиналып, өлгендері тірілгендей, өшкендері қайта тұтанғандай тебіреністе болды. Жас боздақтардың аналары көздерінен қуаныш жастарын тыя алмады. Олар терең күйзеліске әрі толғанысқа түсіп, буындары босаса да ақырында аудан басшысына, жергілікті мүсіншілерге алғыстарын жаудырып жатты. Бұл мүсіндердің бой көтергеніне оншақты жылдың жүзі жаңарды. Содан бері әр жылдың ақпан айында қыстың көзі қырауда болса да боздақтардың ет жақындары, марқұмдардың қарулас достары және аудан жастарының өкілдері еңселі ескерткіштің алдында гүл шоқтарын қойып, интернационалист жауынгерлердің рухына тағзым етеді. Қалай десек те, сол күні жиналған жұрт, әсіресе жастар жағы Отан алдындағы азаматтық борышты адал атқару үлкен абырой әкелетіндігін жан жүректерімен сезініп, іштей тебіреніске түсетіндігін байқап келеміз. Әрине, интернационалдық борышын өтеу барысында жат жерде, сырт елде ажал құшқан, тепсе темір үзетін жастарға деген құрмет мұнымен шектеліп қалған жоқ. Жыл сайын ақпан айында аталмыш жауынгерлермен мектептерде, еңбек ұжымдарында кездесулер тұрақты өткізілуде. Үлкен аға ұрпақ өкілдері де интернационалист жауынгерлерді құрметтеуден, насихаттаудан айтарлықтай игі істер атқарып жүргендігін мақтан тұтамыз.
Аудан орталығындағы «Белгісіз солдаттың» ескерткіші жанында Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында көзге анадайдан анық көрінетін қос қабырға бой көтерді. Қабырғалардың биіктігі үш метрдей болатын тәрізді. Атап айтар бір жай, қос қабырғаға бір қарағанда Мәскеудегі Кремльдің қабырғасы сияқты ұқсастық байқайсың. Осы қабырғаның айналысы Ұлы Отан соғысы жылдарынан сыр шертетін арнайы белгілермен әшекейленген. Ең бастысы, қос қабырға құмблоктан қаланған. Бұл қабырғаны тұрғызуға ерте көктемдегі елді мекендерді көріктендіру айлығына байланысты ұйымдастырылған сенбіліктерге қатысқан мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері атсалысқанын да көзбен көрдік. Бұл істің басы-қасында да аудан әкімі Бақытжан Балтабекұлы өзі тұрды. Қос қабырғаның ішкі бөлігіне гранит тастарға Ұлы Отан соғысына Шу ауданы мен Шу қаласынан қатысқан соғыс ардагерлерінің аты-жөндері ойылып жазылған. Төле би ауылдық округінің мамандарының айтуына қарағанда мұнда 12 100 майдангердің аты жазылған. Бейнелеп айтқанда, бұл қос қақпа тас кітаптың ашылып қалған қос парағы іспетті. Жанынан өтіп бара жатқан үлкен де, кіші де майдангерлердің аты-жөнін оқып, тарих құшағында қалған сұрапыл соғыстың адамзат баласына қаншама қайғы-қасірет әкелгендігін еске түсіреді. Бұл тас кітап осындай жадымен де аса құнды мұра сияқты. Күні бүгінге дейін Шудан қоныс аударып кеткен ағайындар өздерінің есте сақтап жүрген майдангерлерін жалпы тізімге қосуларына мүмкіндіктері бар. Әрине, ауызша айтылған аздық етеді. Майдангердің дәйегі мен дерегі арнайы құжаттар арқылы дәлелденсе ғана оның аты-жөні ескеріледі. Қос қабырға жыл сайын ағымдағы жөндеуден өтіп тұрады.
Бақытжан Балтабекұлы халықтар достығы мен ынтымағын нығайтуға да бір кісідей атсалысты. Мәселен, аудандағы түрік этномәдени бірлестігінің өкілдері аудан басшысына жолығып, түрік саясаткері, әскери қолбасшы, Түркияның негізін қалаған мемлекет қайраткері Мұстафа Кемал Ататүріктің еңселі ескерткішін Мәлік Жүнісәлиев атындағы саябаққа тұрғызуға рұқсат сұраған. Түбі бір түркі елінің Қазақстан Республикасының егемендігін алғашқылардың бірі болып мойындап, Астана қаласынан бірінші болып өз елшіліктерін ашқандығы көпшілікке аян. Бұған қоса, біздің ауданда да түрік ұлтының өкілдері қай салада болмасын қалтқысыз қызмет етіп, ел байлығын еселеуге үлкен үлес қосып жатқандығы белгілі жай. Ұлты түрік еңбеккерлердің біразы қант қызылшасын күтіп-баптау саласында еселі еңбек етіп, «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болғандығы, сондай-ақ «Ленин» және т.б. ордендерді кеуделеріне жарқыратып таққандығы жасырын емес. Осындай тәлімі мол жағдайларды ескерген аудан басшысы өтінішпен келген ағайындардың ұсынысын қолдады. Бұл ағайындар түрік ұлты көсемінің ескерткішке жұмсалатын қаржыны өздері көтеретінін сөз арасында қадап айтты. Жасырары жоқ, Кемал Ататүріктің ескерткіші неге қазақ елінде, қазақ жерінде бой көтеру керек дегендер де табылды. Туысқан түрік елінде ұлы Абайдың ескерткіші бой көтергендігін ескерсек, жекелеген жандардың іштарлығы, көреалмаушылығы, айналып келгенде жағымды жаңалыққа көлденең тұра алмады. Бұл ескерткіш те салтанатты түрде ашылып, аудан тұрғындары мен қонақтарының бір сәт тамашалайтын әрі тағылым алатын құтты орнына айналды.
Бақытжан Балтабекұлымен қызметтес бола жүріп, ол кісінің қарапайым да, қағілез мінезге бай екендігін байқадым. Қабылдауында арнайы болған кезімде келушінің сөзін бөлмей, аса ыждаһаттылықпен соңына дейін тыңдай білетіндігіне тәнті болдым. Берген тапсырмасын тұрақты бақылауда ұстап, оның орындалу барысын сұрап отыратындығы есімде қалды. Жиын барысында дауыс көтеру немесе көз аларту сияқты кейбір басшыларда кездесіп қалатын мінез-құлықтар байқатпайтын. Үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйластықпен қабылдап, мәдениеттілігімен, парасаттылығымен көзге түсіп жүрді. Әрине, пенде болған соң кемшіліктері де болған шығар?! Бірақ оның бәрі адамгершілік қасиетінің астарында қалып қоятындай көрінетін. Аудан әкімі қызметін атқара жүріп ыстықты да, суықты да көргені анық. Кейбіреулерге аудан басшысы болу оңай тәрізді. Бұйрық береді, тапсырма тапсырады деп ойлайды. Іс барысында солай болғанымен, күрмеуі қиын тіршілікте ойлағанның барлығы жүзеге аса бермейді. Ол осындай сынақтардың талайын көрсе де сүрініп, сыр бермеді. Жоғарыда айтқан ескерткіштерді тұрғызуға демеуші табу ешқашан оңай болмаған. Елдің ертеңі мен жастар келешегін ойлағандықтан өзіндік қолтаңбасын қалдыруға қалтқысыз қарекет жасады. Қандай қиындық кездессе де нақты істің көзін таба білді. Бәлкім содан болар, Бақытжан Балтабекұлы көзі тірісінде-ақ көпшіліктің алғысын алып, құрметіне бөленіп жүрді. Аты аңызға айналған батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы кезінде: «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп текке айтпаса керек. Тәртіп бар жерде тыныштық та, тоқшылық та, табыс та болатыны айдай анық. Бұл жағынан Нүркенов мырза елден ұялмайтындай тәртіпті жолмен ғибадатты ғұмыр кешті.
Аузы дуалы жандар «Ақынның хаты, жақсының аты өшпейді» деп жатады. Шынында солай болу керек қой. Бақилық болған Бақытжан Нүркенов-тің елге сіңірген еңбегі ескеріліп, өзі білім алған мектептен және аудандық музейден арнайы бұрыш ашылып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Аудан орталығындағы интернационалист жауынгерлерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және түрік ұлтының көсеміне арналған ескерткіштердің бір бұрышына бұл игілікті істі ұтымды ұйымдастырған Шу ауданының бұрынғы әкімі Бақытжан Нүркенов деп жазып қойса да артық болмас еді. Арада бес жыл өткеннен кейін есте қалдыру мақсатында қандай игі шаралар қолға алатындығы аудандық ономастика комиссиясының бақылауында болғандығы ләзім.
Бақытжан мырзаның ұшқан ұясы да, тәлім алған ортасы да текті жандар болды. Әкесі Балтабек елге қадірі асқан ел ағасы санатында жүрді. Үлкен ағасы Асан Нүркенов партия саласында жауапты қызметтер атқарып, Сарысу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін ұзақ жылдар бойы абыройлы атқарды. Әпкесі Майра Нүркенова егемен еліміз бен шетелдерге әйгілі, талантты әнші. Ағасы Өмірзақ Нүркенов ішкі істер бөлімінде басшылық қызмет атқарған, полиция полковнигі. Қасиетті Нүркеновтер қарашаңырағының кенжесі Бақытжан Балтабекұлы болғандығын атап айтудың ешбір артықтығы жоқ.
«Халықшыл болғандарда қасиет бар, тарыдай мың дәні бар басын иіп» демекші, Бақытжан Нүркеновтің халық үшін еткен еңбегі елеусіз қалмай, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Шу ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленгендігі өмір жолындағы жарқын мәртебе деп білеміз.

Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.