Білім саласы өз биігінде
Аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте күн тәртібіне ілінген бірқатар мәселелер қаралды. Баяндамашыларға сөз берілместен бұрын аудан активіне Шу аудандық білім бөлімінің жаңа басшысы Ж.Жазықбаев таныстырылды. Жаңа оқу жылы қарсаңында қызметке кіріскен Жайдар Саттарқұлұлы ауданның білім саласындағы атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктері, мәселелері мен шешілу жолдары жайлы баяндама жасады.
Бас мұғалімнің айтуынша, 2025-2026 жаңа оқу жылын 48 орта білім беру ұйымдарында 20354 оқушы бастап отыр. Оның ішінде 1729 бүлдіршін алғаш рет мектеп партасына жайғасқан. Оқушылардың оқулықпен қамтылу көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Одан бөлек, ауданда 63 мектепке дейінгі ұйымдарда 6635 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 23-і мемлекеттік, 26-і жекеменшік балабақша және 14 мемлекеттік шағын орталық жұмыстарын жүргізуде.
– Шу өңірінде білім беру саласын қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. 2025 жылы білім саласына 24 млрд 299 млн 606 мың теңге бөлінді. Күндізгі 45 мектептегі 12 ыңғайластырылған 33 типтік асханаларда тегін ыстық тамақ ұйымдастырылған. Сонымен қатар, мектебі жоқ (Көктөбе бекетінен, Бірлік бекетінен, Аспара бекетінен, Бөген шаруашылығы елді мекенінен, Аң шаруашылығы елді мекенінен, Құм өзек бекетінен) және тиісті мектебі жоқ (Еңбек ауылы, Жиенбет ауылы, Су қоймасы) шалғайдағы елді мекендерден 8 мектепке 373 оқушы тасымалдаумен қамтылады, – дейді білім бөлімінің басшысы.
Сондай-ақ Ж.Жазықбаев өз баяндамасында 2025-2026 оқу жылында Шу ауданында білім беру саласы тұрақты дамып жатқанын айтып, мектепке дейінгі тәрбиеден бастап орта білімге дейін қамту көрсеткіштері жоғары деңгейде екенін атап өтті. Цифрландыру, инклюзивті білім беру, қауіпсіздік шаралары мен материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанынан хабардар етті.
Жаңа басшының жұмысына сәттілік тілеген Бақытжан Оразалыұлы білім саласы басты назарда екенін жеткізді. Биылғы жұмыстың қарқыны келер жылға жалғасып, бірнеше мектептің құрылысы жүргізілетінін мәлімдеді.
Қазіргі таңда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының I кезеңі қызу жүріп жатқанынан жұртшылық хабардар. Көлем мен кейбір мәселелерге байланысты науқан 20-қыркүйекке дейін ұзартылды. Аталмыш шаруаның аудандағы аяқ алысын аудан әкімінің орынбасары Серікхан Пернеш аппараттық кеңесте баяндап берді.
Серікхан Қуатұлының айтуынша, 18 ауылдық округ және қала бойынша тіркелген 104 заңды тұлғалар, 4 553 ШҚ және ЖК онлайн санақтан әкімшілікте орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы арқылы санаққа жауапты мамандардың көмегі арқылы сауалнамадан өтті.
– Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңі 20 қыркүйекке дейін ұзартылуына байланысты, сауалнамадан өтпеген 739 респонденттер, оның ішінде 10 заңды тұлға және 629 ЖК мен ШҚ-тар толығымен онлайн сауалнамадан өтетін болады, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Кеңес соңында аудан басшысы бөлім басшылары мен әкімдерге бірқатар тапсырмаларды жүктеп, олардың тиянақты тәмамдалуын талап етті.
Байжан Емберді.