Ақпараттық портал

«Асфальтталған көшелердің үлесі 61 пайызға жетті»

Шу қаласының әкімі Нұралиев Елдос Бекболатұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде
баспасөз конференциясына қатысты

 

Бюджет
Қаланың 2025 жылға бюджеті 1 млрд 271 млн 916 мың теңге болса, оның ішінде өзіндік кіріс – 972 млн 182 мың теңге, аудандық бюджеттен – 299 млн 734 мың теңге бөлінді. Алдағы бюджетті нақтылау барысында қосымша қаржы қарастыру жоспарлануда.
Алдымен қаланың өзекті мәселелеріне тоқталып өтсем:

Қаладағы көшелердің
жағдайы
Шу қаласында жалпы ұзындығы 204,2 шақырымды құрайтын 313 көше бар. Биылғы жылға оның 119-ы асфальтталмаған болатын, яғни 39 пайызы. 2023-2024 жылдары 62 көшеге асфальт, 3 көшеге тротуар, 16 көшеге шағал тас төселді. Нәтижесінде асфальтталған көшелердің үлесі 2023 жылмен салыстырғанда 52 пайыздан 61 пайызға жеткен.
Ал, 2025 жылға құны 716 314 млн теңгеге ұзындығы 21 шақырым болатын 44 көшеге асфальт төсеу жұмыстары бастау алып, қазан айына дейін толығымен аяқтау жоспарлануда.
Сонымен қатар, «Қант зауыты» мөлтек ауданындағы Исатай батыр көшесіне жалпы сомасы 15 млн 088 мың теңгеге ұзындығы 0,560 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолы салынып және қала ішіндегі ойылған көшелерді жамау жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, қала ішіндегі жолдардың бойында жалпы 31 аялдама бар болса, оның ішінде тозығы жеткен 15 аялдаманы ауыстыру қажет. Республикалық мәндегі жол бойындағы 14 аялдама күрделі жөндеу жұмыстары есебінен жаңартылуда.
Ал, жергілікті бюджеттен 2024 жылы 2 жаңа аялдама орнатылса, 2025 жылы (11 млн 267 мың теңгеге) 4 аялдама орнатылды.

Қоғамдық көлік
тасымалы
Бүгінгі күнге Шу қаласы бойынша «Ақ жол-2000» ЖШС қызмет көрсетеді. «Ақ жол-2000» ЖШС-нің «Төле би-Қант зауыты» бағытында 5-автобусы және «Автобекет-Тоғай» бағытында 2-автобусы жолаушыларды тасымалдауда. Жол ақысының бекітілген тариф құны 50 теңге. Жұмыс уақыты таңертеңгі сағат 07:00-ден кешкі 19:00-ге дейінгі аралықты қамтиды. 2024 жылы ақпанда «Ақжол-2000» ЖШС «DONGFENG» маркалы жаңа 7 автобус сатып алды. Бұл сатып алу отандық өндірушіні қолдау және «Семаз» Семей автоөндірушісінен 7 жылға «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке көлік паркін жаңғырту бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды.

Қаладағы көппәтерлі үйлердің
мәселесі
Шу қаласында 119 көппәтерлі тұрғын үй бар. (2 қабатты 83 үй, 3 қабатты 3 үй, 4 қабатты 11 үй, 5 қабатты 22 үй). Оның ішінде мемлекеттік бағдарлама арқылы 43 үй жөндеуден өткен.
2024 жылы республикалық бюджеттен 205 млн теңгеге 8 көппәтерлі тұрғын үй жөнделді. Нақтырақ айтқанда, «Қант зауыты» мөлтек ауданында орналасқан 5 үй, «Батыс» мөлтек ауданындағы 3 үй (Қонаев №6, Қонаев №10, Островский №2, Островский №4, Кашперский №5, Крупская №3, Усембаев №16, Тымбаева №11) жөндеуден өтті. Яғни, үйлердің қасбеттері сырланып, ішкі кіреберістері қалпына келтірілді.
Бұдан бөлек, Қонаев көшесіндегі 5 қабатты №19 үйдің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 2024 жылы жергілікті бюджеттен 56,0 млн теңге қаражат қарастырылып, шатырлары жаңартылып, ішкі кіреберістерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді (Нысан 2025 жылға өтпелі болған).
Ал 2025 жылға қаладағы 10 КПТҮ-ге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тұрғындардың келісімдерін алып, жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындау үшін аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиісті құжаттары жолданған. Алдағы уақытта осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Тұрғын үймен қамту мәселесіне келсек, қалада тұрғын үй кезегінде 882 адам тіркелген. Осыған орай тұрғын үйлерде кезекте тұрған және әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтарға 2023-2025 жылдары аралығында Шу қаласында жалға берілетін жалпы 123 үй сатып алынып, табысталды. (2023 жылы-45 үй, 2024 жылы-21 үй, 2025 жылы-57 үй). Сонымен қатар қалада 2025 жылы 114 пәтер беріледі деп жоспарлануда.
Ауыз су мәселесі
Қаладағы 9406 ауланың 6978-і ауыз суға қосылған немесе 75,6 пайыз (34 890 адам).
Ендігі кезекте 4 тұрғын алқабын ауыз сумен қамту қажет. Олар: «Қант зауыты», «Жанкулиев», «Жайсан», «Горгаз» тұрғын алқаптары.
«Қант зауыты» мөлтек ауданын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2022 ж. құрылыс жұмыстары бастау алып, бүгінгі күнге 100 пайызға аяқталып, тұрғындарды ауыз су жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде (келісімшарт құны 1 млрд 538 млн 358 мың теңге.)
Ал қалған «Жанкулиев», «Жайсан», «Горгаз» мөлтек аудандарын ауыз сумен қамту үшін жұмыстар жүргізіліп, бүгінде оның 60 пайызы аяқталған. Қалған жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жалпы сомасы – 3 млрд. 505 млн. теңгені құрады (аталған мөлтек аудандарда 11 мыңға жуық адам тұрады. Шу қаласы тұрғындарының 28,7 пайызын құрайды).
Ақпарат үшін:
«Жанкулиев» мөлтек ауданы – мердігері: «Интеллект Азия» ЖШС-і, бөлінген қаражат 1.0 млрд теңге (технадзор – 20,2 млн теңге, автор – 4,7 млн теңге).
«Жайсан» мөлтек ауданы – мердігері: «ТАРАЗСТРОЙ-2004» ЖШС-і, бөлінген қаражат 939,8 млн теңге (технадзор – 18,2 млн теңге, автор – 4,4 млн теңге).
«Горгаз» мөлтек ауданы – мердігері: «Интеллект Азия» ЖШС-і, бөлінген қаражат 1,3 млрд теңге (технадзор – 26,7 млн теңге, автор –6,3 млн теңге).
Жобалар іске асқан жағдайда Шу қаласының тұрғындары орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтылатын болады.

Электр желілері
Қалада электр желілерінің жалпы ұзындығы- 275,5 шқ. Тозуы–70,0 пайыз.
Бұл өз кезегінде электр энергиясының тұрақты берілуіне кері әсерін тигізіп, қала тұрғындары тарапынан жиі жарықтың сөніп қалуына байланысты наразылық тудыруда. Электр инфрақұрылымын жаңарту бойынша кешенді шаралар қабылданғанша өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек.
Тұрғындардың жиі көтеретін тағы бір мәселесі, ол қала көшелерінің жарықтандырылуына қатысты болып отыр. Жалпы қаладағы 313 көшенің 61 көшесі ғана түнгі жарықшамдармен қамтылып, қалған көшелерінде жарық бағаналары орнатылмаған. 2024 жылы 33 млн. 309 мың теңгеге қаладағы 3 көшенің түнгі жарықтандыру мәселесі шешілді. Нақтырақ айтқанда, Есалиева, Мәметова және Бекбосынов көшесі бойындағы орналасқан көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларына түнгі жарықтандыру бағаналары орнатылды. 2025 жылы қаладағы 10 көшеге түнгі жарықтандыру орнату және электр бағаналарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Ойын және спорт алаңшаларына тоқталсақ, қалада 1 спорт кешені, 2 футбол ойнайтын үлкен стадион, 7 шағын спорт алаңшалары, 34 балалар ойын алаңы және 1 волейбол мен баскетбол алаңы бар.
2024 жылы қаланың кішкентай тұрғындарына арналған жалпы сомасы 122 млн.теңгені құрайтын 6 ойын алаңшасы мен «Стрит воркаут» және 1 футбол алаңы орнатылды. Сондай-ақ, қаладағы «Тоғай» мөлтек ауданындағы Тұрар Рысқұлов мектебінің ескі футбол алаңшасының орнына «Қазақстан халқына» қоры арқылы 1 ангар типтегі футбол алаңшасының құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.
Сонымен қатар 2025 жылға жалпы сомасы 102 млн 344 мың теңгені құрайтын 6 жоба әзірленіп, жұмыстар жүргізілуде («Қант зауыты» м/а кіші футбол ойын алаңдарын ағымдағы жөндеу, «Тоғай» м/а кіші футбол ойын алаңдарын ағымдағы жөндеу, Қонаев көшесіндегі №1 үйдің ауласына, Орынбаев көшесіне кіші футбол алаңшасын салу жұмыстарын жүргізу, «Анар» дүкенінің маңына және Қонаев №8 үйдің ауласына балалар ойын алаңдарын салу).
Айта кетерлігі, 2025 жылғы жобаларымыздың денін қаланы абаттандыру, көріктендіру жұмыстарына бағыттап отырмыз.
2025 жылға жүзеге асырылатын ауқымды жобалардың бірі ол – аумағы 10 га құрайтын «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары бастау алып, ағымдағы жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарлануда (жоба құны 687 млн теңге). Дәл осындай қаланы көріктендіру, абаттандыру мақсатында «Қант зауытындағы» Қасымхан көшесі бойындағы саябақты қалпына келтіру жұмыстарына 71 млн теңге қаралып, жұмыстар бастау алған. Ағымдағы жылдың қазан айына дейін толығымен аяқтау жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Қордай ауданы бағытынан Шу қаласына кіреберістегі «Шу» жазуы бар стелла жаңартылып, заманауи келбетке ие болды. Бұл жобалар қала тұрғындары мен қонақтарына жайлылық сыйлайды деп есептейміз.
Сондай-ақ, қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, көріктендіру үшін Тараз қаласынан кіреберістегі арка маңына 5 мың түп ағаш егу жобасы бастау алып, жасыл белдеу аймағы пайда болды. Қазіргі кезде аталған аймақтың 2 га жері қоршалып, 1600 ағаш егілді. Аталған жобаның ерекшелігі егілген ағаштардың түбі тамшылатып суғару жүйесімен қамтылып, күтіп ұстауға мердігер жауапты болады.
Сонымен қатар қаламыздың басты көрінісі ол – тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу вокзалы. Бұл – еліміздегі темір жол саласындағы маңызды нысанның бірі. Аталған нысан 1989 жылы салынған. Вокзалдың жалпы ауданы – 7 035,67 шаршы метрді құрайды. Сол уақыттан бері вокзал күрделі жөндеу көрмеген. Бүгінде қос қабатты еңселі ғимараттың тозығы жеткен. Вокзал арқылы әр тарапқа күн сайын 2000-2500 шамасында адам қатынайды. Күніне осынша адам вокзал ғимаратының ішіне кіріп-шығады. Келетін пойызын сағаттап күтіп отыратын жолаушылар да аз емес.
Осыған байланысты «Қазақстан Темір Жолы» АҚ тарапынан күрделі жөндеу жұмыстарына 3,4 млрд теңгеге жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жұмыстар басталды.
Бұдан бөлек, Шу темір жол вокзалының алдындағы перронды абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына құны 524,2 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Негізгі ғимаратты жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары бастау алатын болады.

Тұрмыстық қатты қалдықтар
Шу қаласы бойынша тұрғындардың тұрмыстық қатты қалдықтарын тазалаумен «Төле би» мамандандырылған көпсалалы кәсіпорны айналысуда. Аталған кәсіпорынмен қоқысын қаппен шығаратын 2900 жеке тұрғын үй келісімшарт жасасқан. Төленетін тариф құны қаппен шығаратын жеке үйлер үшін айына 1700 теңге, көппәтерлі тұрғын үйлер үшін адам басына 450 теңге болып бекітілген. Заңды тұлғалар үшін тариф құны айына 3500 теңге. Кәсіпорынмен қаладағы 68 заңды тұлға келісімшарт жасасқан.
Сонымен қатар қала аумағындағы қоқыс алаңшаларының тозығы жетуіне байланысты кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
2024 жылға қоқыс жәшіктері тұратын 10 орын ретке келтірілді. Жалпы сомасы 10 млн. 590 мың теңге. Ал 2025 жылға қоқыс жәшіктері тұратын тағы 5 орын ретке келтірілетін болады.
Тазалық бағытындағы атқарылған жұмыстардың тағы бірі тұрғындардың бей-берекет қоқыс тастауының алдын алу үшін қала ішіне бүгінгі күнге дейін жалпы 23 wi-fi камералар алынып, тиісті орындарға қойылды.
Бюджеттен тыс демеушілер есебінен қалада бірқатар әлеуметтік және мәдени шаралар атқарылды. Кәсіпкерлердің қолдауымен аз қамтылған отбасылар мен жалғызбасты қарияларға азық-түлік себеттері, көмір және ет өнімдері таратылды. Сонымен қатар, қала тазалығын арттыруға бағытталған «Таза қала» экологиялық жарысында жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.