Мемлекеттік тілді қадірлеу – баршаға ортақ
Бірлігі мен берекесінің көбесі сөгілмеген, ұлты мен ұлысының ынтымағы сетінемеген, бірегейлік пен тұтастықты ту еткен Қазақстан халқы Тілдері күні 5 қыркүйекте тойланып келе жатқанына да біраз жылдар жаңарды. Халқын қараңғылықтан шығару үшін маса болып ызыңдап оятуға талпынған Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай, яғни 5 қыркүйек күнін – Тіл мерекесі деп арнайы Жарлықпен тағайындалуының өзі арда азаматқа деген асқан құрметтің белгісі болса керек.
«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы ешуақытта жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы-тіл» деген ұлт ұстазының ойлы сөзі ешқашанда құнын жойған емес, жоймайды да… Біздің мемлекетіміз көпұлтты әрі зайырлы ел болғандықтан өзге ұлт өкілдерінің дінін де, тілін де қашанда құрметтейміз. Соның жарқын көрінісі, Қазақстан халқы тілдері күніне орай өткізіліп жатқан тілдер мерекесінің онкүндігі. Осы игі шара біздің ауданда да өз өрнегімен өтуде. Әсіресе, өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тіліне деген құрметті арттыруға бағытталған түрлі байқаулардың өтуі.
Соның бірі, аудандық мәдениет үйінде өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты өзге ұлт өкілдерінің арасында өткен байқау. Нақтылап айтар болсақ, аудандық білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында білім алып, тәрбиеленіп жатқан оқушылардың арасында өткізілді. Аталған байқауға білім беру ұйымдарынан 20-дан аса оқушы қатысып, бақ сынады.
Ең алдымен оқушылар тіл туралы ақын-жазушылардың айшықты өлеңдерін жатқа оқыса, екінші кезеңде өзіне ұнаған автордың туындыларын жатқа айтты. Әділқазы шешімімен өлеңді мәнеріне келтіре жатқа айтқан, қазақ тілінде еркін сөйлей алатын, дикциясы мен актерлік шеберлігі бар балалар тиісті орындарын алып, қалған қатысушыларға алғыс хаттар берілді.
Байқау нәтижесі бойынша І орынды Д.Қонаев атындағы орта мектебінің оқушысы Гусеинова Ваида иеленді. Ал, ІІ орынды Жайсан атындағы орта мектебінің оқушысы Алексеева Алина, Әл Фараби атындағы орта мектебінің оқушысы Каримова Айша алды. Сондай-ақ, ІІІ орынды А.Байтұрсынұлы мектеп-гимназиясының оқушысы Свамбаева Наргиза, Абай атындағы орта мектептің оқушысы Динилов Игорь, Е.Бекмаханов мектеп-гимназиясының оқушысы Музаффарова Элиф алып, марапатқа ие болды. Орын алған барлық жүлдегерлерге арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар үлестірілді.
Біздің борышымыз, азаматтық міндетіміз – өз тілімізді ұлықтау, дәріптеу, бағалау, мәртебесін арттыру. Сондықтан ана тілін ұлықтап, оның мәртебесін арттырып отыратын әрі өзге ұлт өкілдері де құрметтеуге ынталанатын осындай байқауларды жиі өткізсек, мемлекеттің тұтастығы мен бірлігі мызғымайтыны сөзсіз.
Айғаным Асқарбек.