Ақпараттық портал

Тілдер мерекесінің онкүндігі ашылды

Мінбердегі міндеттердің алғы шебінде тұрған тіл мәселесі бүгін ғана көтеріле салған жоқ. Қай заманда, қай датада қазақ халқы пайда болғаны белгісіз, әйтеуір қазақ халқы мың өліп, мың тірілсе де жоғалып кетпей, бірге жасасып келе жатқан қазақ тілінің құдіреті ме дерсіз?! Осы тұста Шерхан Мұртазаның “Ақындар мен әкімдер” атты кітап жинағындағы “Ұлтыңды танисың ба?” деген мақаласында “Алла адамдарды түр-түсі болмаса, кескін-келбетін, мүше-тұлғасын бірдей етіп сомдады. Бәрінде де бір бас, екі қол, екі көз, екі құлақ… Сонда жаратушы құдірет күллі адамзатқа неге бір-ақ тіл бермеген? Адам біткен бәріне ортақ бір-ақ тілде сөйлесе болмас па еді?” деп тіл төңірегінде тыңнан түрен салып, әр ұлтқа туған тілінің қаншалықты қажет екендігін тайға таңба басқандай көрсетіп кеткен.
Соны жанымен ұғынған мемлекетіміз де тәуелсіздігіне қол жеткізген күннен бастап “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” деп ұрандатып келеді. Тіл тағдыры – тұтас ұлттың тағдыры. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»десе, Мағжан Жұмабаев «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ» деген екен. Бір ғасыр бұрын айтылған Алаш арыстарының бұл сөздері дәл бүгінгі заманның да тамыр бүлкілін дөп басып тұрғандай. Бүгінгі күні осы кезеңдерде тарих көшінің бағыт-бағдарын белгілеп, ел мен жер, тіл мен діл тағдыры, дін мен дәстүр тұтастығын сақтау үшін мойнына жауапкершілік жүгін байлап, басын бәйгеге тігіп кеткен Алаш арыстарының құнды сөздерінің ұранға балап, жанымызды солардың рухымен суаруымыз қажет.
Соның жарқын дәлелі, Ахмет Байтұрсынұлы мектеп гимназиясында 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай «Ұлттың тілін қорыған арыстарым» тақырыбында арналған дөңгелек үстел өтті. Оған аудандық білім бөлімінің әдіскері Айсұлу Байжолова, А.Байтұрсынұлы мектеп-гимназиясының ұжымы, аудандағы білім беру ұйымдарының жас мамандары қатысты.
Дөңгелек үстел басталмас бұрын мектеп-гимназияның психологтары Г.Мукашева мен А.Кравчук жағымды ахуал қалыптастыру үшін психологиялық тренинг өткізді. Мұнан кейін мектеп-гимназияның директоры Азиза Естаева алғы сөз сөйлеп, адам өміріндегі тілдің маңызына ерекше тоқталып, жас мамандардың қандай қабілетті игеру қажет екенін және өзінің педагогтық жолындағы іс-тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, бағдарлама бойынша «Қысқа мерзімді жоспар құрудың ерекшеліктері» тақырыбында педагог-зерттеуші, директордың бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары А.Жолшыбек пен педагог-зерттеуші, химия пәнінің мұғалімі Н.Имашева өзінің іс-тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарға бағыт-бағдар көрсетті.
Жас мамандарға арналған дөңгелек үстел барысында мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі К.Беремкулова «Ұлт тілінің тағдырына ара түскен арыстар» тақырыбында баяндамасын оқып, қазаз тілінің маңызына айрықша тоқталды. Бұған қоса жасанды интеллект арқылы Алаш арыстарын сөйлетіп, ерекше әсер қалдырды. Тағылымы мол дөңгелек үстелден жас мамандарға тың мағлұматтар берілгеннен кейін оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында мектеп-гимназияның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Д.Оспанбаеваның ұйымдастыруымен оқушылардың концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Тіл мерекесінің онкүндігінің ашылуына арналған дөңгелек үстелдің соңында аудандық білім бөлімінің әдіскері Айсұлу Қуантайқызы сөз алып, тіл туралы кеңінен толғап, жас мамандарға алғашқы қадамдарына сәттілік тілеп, талапты шәкірт тәрбиелеулеріне тілектестігін білдірді. Сонымен қатар, іс-шарада іс-тәжірибесімен бөліскен және атсалысқан педагогтарға арнайы сертификат пен алғыс хат табыстады.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.