ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЗЕРДЕЛЕНДІ
Тосын жағдай төтеннен болатыны белгілі. Сондай кезеңде азаматтық қорғау жүйесі алдыңғы шепке шығуы тиіс. Ол үшін қауіпке қарсы қауқар ұдайы тексеріліп тұрғаны абзал. Мұндай амалдар өз кезегінде төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлесе жедел әрекет жасауына себеп болары сөзсіз.
Жуырда Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі «Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті» мемлекеттік мекемесінің тарапынан «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес Шу ауданына жоспарлы мерзімдік тексеру тағайындалған болатын.
Қазан айының 9 күні жүргізілген тексеру барысында арнайы техника мен құтқару жұмысына арналған құрылым Төле би ауылының орталық алаңына сапқа тұрғызылды. Олардың қатарында полиция, денсаулық сақтау саласының мамандары, байланысшылар мен коммуналдық қызмет жұмысшылары бар.
ТЖД мамандары аудан аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға бағаларын берді. Іс-шара аясында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда іс-қимылдарға дайындық деңгейі, жауапты мамандардың кәсіби біліктілігі мен материалдық-техникалық базаның қамтамасыз етілуі жан-жақты зерделенді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тексеру азаматтық қорғау саласындағы жүйелі жұмысты жетілдіру, қауіпсіздік деңгейін арттыру және тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам.
Байжан Емберді.