Ақпараттық портал

Қаламгермен өткен келелі кездесу

95 жылдық тарихы бар Шу өңірі қалам ұстаған зиялы қауымнан қашан да кенде емес. Ақын мен жазушы, журналист пен ғалымдар осы топырақта аунап өскені анық. Ал бүгінгі буынға сол зиялылардың есімдері мен еңбектерін насихаттауда кітапханашылар үлкен үлес қосып келеді.

Мәселен, жуырда №1 қалалық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастырумен ауқымды шара өтті. Нақты айтқанда, Ы.Алтынсарин мектебінің АКТ залында оқушылардың қатысуымен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шу ауданының Құрметті азаматы, белгілі ақын, жазушы, журналист Ахметжан Ақбұқаұлы Қосақовтың 75 жас мерейтойына арналған «Өнегелі өмір» атты тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды. Кеш барысында жазушының кітаптары мен фотосуреттерінен “Сөз маржанын терген ақын-жазушы” атты кітап көрмесі көпшілікке ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша кештің мақсаты – қаламгердің өнегелі өмірі мен шығармашылық жолын жас ұрпаққа үлгі ету, туған өлкеден шыққан танымал тұлғаның еңбегін дәріптеу, оқырмандарға оның әдеби мұрасын кеңінен насихаттау.
Кітапханашылар тізгіндеген кеште Ахметжан Ақбұқаұлының өмірі мен шығармашылығы кеңінен таныстырылды. Оқушылар қаламгердің “Шу жағасында”, “Туған жер”, “Шу өзенім”, “Отаным” атты өлеңдерін оқып, ақын шығармашылығына деген сүйіспеншілігін білдірді.
Сондай-ақ қайраткер ақынмен еркін сұхбат жүргізіліп, оқушылар тарапынан қызықты сұрақтар қойылды. Қаламгер өз шығармашылығы, өмірлік тәжірибесі жайлы әсерлі естеліктер айтып, жастарға ақыл-кеңесін жеткізіп, өзінің әдебиетке келу жолы, шығармашылық ізденістері туралы естеліктерімен бөлісті. Шарада қазақтың әйгілі күйшісі Әбдімомын Желдібаевтың “Ерке сылқым” күйі орындалып, ұлттық қазақ биі көрермен көңілін баурады.
Кеш мәресінде Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бағдагүл Алжанбаева қаламгерге жүрекжарды тілегін жеткізіп, сый-сияпат тарту етті.
-Бұл кездесу – өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беретін, сөз өнерінің құдіретін сезіндіретін маңызды шара болды. Ақынның өнегелі өмір жолы – бүгінгі жастар үшін үлкен үлгі,- деді өз сөзінде аудандық ОКЖ директоры.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.