Ақпараттық портал

Әйелдер қанаты – қоғам тәрбиесіне үлес қоспақ

Ұлт, ел, халық, отан деген сөздердің құралуында ер мен әйелдің құрған одағы, бірігіп салған ұясы тұратыны ақиқат. Көк туында қыран құсты бейнелеген халқымыздың танымында құстың алар орны ерекше. Ұя деген сөзден бастау алады ғой бәрі. Қарлығаш құсын мысалға алып көрсек, қарлығаштың жұбы біріге жүріп ұяны үлкен еңбекпен салады. Мұнан кейін тіршілік арқауы үзілмей, ана қарлығаш балапанын басып, қызғыштай қорыса, әке қарлығаш ұяға тамақ тасиды. Ұлттың ұясын тербетер аналар мен әкелердің де рөлі осындай. Отбасындағы негізгі тәрбие ананың құрсағынан бастау алатынын айтатын текті халқымыз тәрбиенің әйел затымен берілетінін талай мәрте дәлелдеп баққан. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің деп айтып қана қоймай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, ұлын ұяға, қызын қияға қондыратын әке мен ананың қызметінің табиғатқа байлануы тегін емес.

Әңгімені әріден бастауыма сеп болған негізгі себеп – мектебіміздің директоры Айжан Байгисиеваның «Amanat» партиясының Әйелдер қанатының төрағасы болып бекітілуі. Әйелдер қанаты – әрбір әйелдің үні естіліп, идеясы жүзеге асатын баянды болашаққа деген жарқын үміттің символы. Әйел адам билікке араласпайды деген керағар түсінікке кешегі тарихтағы Тұмар ханшайым, Бопай ханым, Айғаным сынды абыз аналарымыздың ерге бергісіз істерін алға тартсақ болады. Қоғамның алға жылжуына, өскелең ұрпақтың өз жолын айқындауына бағыт-бағдар болатын жарық шам, ол-әйелдер қанаты. Қанатының астында ұлттың болашағы болар ұрпағын тәрбиелейтін аналарымыздың әр істе өзіндік қолтаңбасы қалуы тиіс деп білемін.
Әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға көмектесу, инклюзивті қоғамды дамытуға жәрдемдесу, психологиялық қызмет институтын дамытуға жәрдемдесу, еңбекті қорғау және жұмыстағы әйелдердің қауіпсіздігі, ауылдық жерлерде әйелдер бизнесін дамытуға жәрдемдесу, әйелдердің денсаулығы мен отбасы құндылықтарын нығайтуға жәрдемдесу, ғылымдағы әйелдерді қолдау, заң жобаларының гендерлік сараптамасын ұйымдастыру сынды 10 бағыт бойынша әйелдерді қолдау шараларын жүзеге асыратын Әйелдер қанатының жұмысы ауданымызда басталып кетті.
Әйелдер қанатының жоспарына сәйкес, Абай атындағы орта мектебінде “Әжелер сөзі – тәрбие көзі” тақырыбында сырласу кеші өтті. Кеш күні кеше ғана мектебімізде ашылған “Абай орталығы” кабинетінде өтті. Ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу, әже мен келін, ана мен бала арасындағы сыйластық пен өнеге дәстүрін ұғындыра отырып, ананың өмірлік тәжірибесін, әженің даналығын, келіннің ибалылығын жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында өткізілген кездесуге алдыңғы буын әжелеріміз қатысты.
Елімізде “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы бастау алғалы бері ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылып, “Даналық жобасы” жүзеге асып, “Әжелер”, “Аналар”, “Жеңгелер” мектебі құрылып, тәрбие бағытындағы жұмыстар жанданып келеді. Әйелдер қанатының жоспары негізінде жүзеге асқан тағылымы мол іс-шара ұлтты ұлы мақсатқа ұйыстыратын бағдарламамен қабысып жатқандығы қуантады. Әжелер, келіндер және бала арасында жылы байланысты орната отырып, рухани сабақтастықты қалыптастыратын әсерлі кеште түрлі тақырыптар қозғалып, сұрақ-жауап алаңында тәрбие төңірегіндегі көптеген түйткілді мәселелердің шешімдері айтылды. Сондай-ақ мектебіміздің білім алушылары да өз өнерлерін ортаға салып, әуелете ән шырқап, мың бұрала биледі.
Әйелдер қанатының алғашқы бастамасын ұлттық құндылыққа бойлатар танымы мол кездесуден бастауының астарында қазақилық қалпымыз жатқандығы ақиқат. Алдағы уақытта да әйелдер қауымын жоғарыда аталған 10 бағыт арқылы қолдау шараларын жүзеге асыратын бірлестіктің жұмысы бірлікпен біте қайнап, берекенің бастауы болсын!

Ақмарал Байтұрғанова,
Абай атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.