Темірден түйін түйген
Қай дәуір болмасын, ел дамуының негізі — адал еңбек еткен азаматтардың қолында. Бүгінгі қоғамда да маңдай терімен нан тауып, кәсібін жанымен сүйген еңбек адамдарын құрметтеу — үлкен мәдениет. Осындай еңбегімен елге үлгі болып жүрген жандардың бірі — Көктөбе ауылының тумасы, ауданға кеңінен танылған шебер дәнекерлеуші, еңбек майталманы Марат Кеңесұлы Мамасериков.
Марат ағаның өмір жолы туған ауылынан басталып, кейін Отан алдындағы борышын өтеу үшін Ресей еліне әскер қатарына шақырылуымен жалғасады. Жігіттік шақта басталған бұл жол оның тағдырына ерекше әсер етеді. Әскери борышын өтей жүріп, ол сол жерде дәнекерлеуші ісінің қыр-сырын меңгереді. Қолына құрал алған жас сарбаздың еңбекке деген ынтасы мен шеберлікке бейімділігі бірден байқалады.
Өз ісіне ықыласпен ден қойған Марат Кеңесұлы кейін Москва қаласындағы арнайы оқуға жіберіліп, дәнекерлеуші мамандығын терең меңгереді. Оқуды ойдағыдай аяқтап қана қоймай, сол қалада екі жыл бойы кәсіби маман ретінде жұмыс істеп, тәжірибе жинайды. Шетелде жүрсе де елін, ауылын ойынан шығармаған ол еңбек жолын туған өлкесінде жалғастыруды жөн көреді.
Ауылына қайта оралған Марат аға Бахыткүл жеңгеймен отбасын құрып, еңбекпен күнелтетін қарапайым қазақы өмірге қайта араласады. Бірақ оның еңбегі тек өз отбасына ғана емес, бүкіл ауылға пайдасын тигізеді. Көрші-қолаңның, тіпті көршілес аудан тұрғындарының бұзылған пешін жөндеп, жылытқыш батареяларын қалпына келтіріп, темірден тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдар жасап, талай отбасының алғысына бөленді.
Аудан халқына жылу сыйлаған еңбектің бір парасы — оның өңір бойынша ең алғашқы болып темірден арба жасауы. Бұл арбаларды малға айырбастап, жас отбасының тұрмысын түзегені де ел есінде. Міне, осының бәрі Марат ағаның еңбекқорлығын, өмірге бейімделгіштігін, қолының берекесін айғақтайды.
Бүгінде ол дәнекерлеу саласында қырық бір жылдық тәжірибесі бар, бір салаға адалдығымен танылған, аудандағы ең сенімді әрі сұранысқа ие мамандардың қатарында.
Қолөнерге жақын адам көбіне табиғатқа да ерекше іңкәр келеді. Марат аға да солардың бірі. Оның шаңырағынан жылқыларды, төрт тазы итін, үй құстарын, тіпті қолда үйретілген кептерді де көруге болады. Ағаның айтуынша, тазылардың жүгіргенін, кептердің көкте қалықтап билегенін көру — оның жан тыныштығы, демалысының ең сүйікті түрі.
Алпысты алқымдаса да кейіпкеріміз әлі күнге аңшылықтан қол үзген емес. Қыс келгенде қалың қарды сықырлата басып, тазы жетектеп, атқа қонып, бүркіт ертіп саятшылыққа шығу — оның жаны сүйетін дәстүрлі өнері. Тазы итін жеті қазынаның бірі санайтын қазақ үшін бұл ерекше мақтаныш. Ал асыл тазыны күтіп-баптау — үлкен еңбекті талап ететіні белгілі. Осы істің бәрін сүйіспеншілікпен атқарып жүрген Марат аға — ауылдастарының мақтанышы.
Еңбекқорлық пен қолөнерге деген сүйіспеншілік отбасыдан басталатыны анық. Марат ағамыздың алты перзенті де әке жолын қуа отырып, құрылыс, дизайн және сәулет салаларына жақын мамандықтарды таңдаған. Бүгінде олар — бас қалада архитектор, дизайнер сынды шығармашылық мамандықтарды атқарып жүрген білікті мамандар. Бұл — әкенің үлгісі мен тәрбие жемісі.
Төрт онжылдық уақытын тек бір салаға арнап, кәсібін адал атқарып, елге қызмет ету — екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Жастық шақтан бері үзбей еңбектеніп, өз ісімен ғана емес, адамдық болмысымен де құрметке ие болған Марат Кеңесұлы — бүгінгі қоғамға қажет еңбек адамының айқын бейнесі.
Ол — адал еңбектің абыройын арттырған азамат, еңбекқорлықтың қадірін ұрпаққа үйреткен ұстаз, ауылдасқа пана, елге үлгі болған шынайы еңбек майталманы.
Балнұр Жексенбекқызы