Ақпараттық портал

Қауіпсіздік бәрінен маңызды

Жаңа жыл – әр шаңыраққа қуаныш сыйлайтын мереке. Дегенмен, мерекелік көңіл-күйде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау аса маңызды. Қарапайым талаптарды орындау адам өмірі мен мүлікті қорғауға көмектеседі.
Шырша мен электр жабдықтарын қолданғанда абай болайық!
Жаңа жылдық шыршаны орнатқанда оны пештен, жылытқыштардан және ашық от көздерінен алыс қою қажет. Шыршаны безендіру үшін тек зауытта жасалған, сапалы электр шамдарын қолданыңыз. Сымдардың бүтіндігін тексеріп, ақаулы гирляндаларды пайдаланбаңыз. Үйден шығарда немесе түнге қарай электр шамдарын міндетті түрде өшіріп қойыңыз.
Пиротехникалық бұйымдарды қолдану тәртібін есте ұстайық!
Отшашу мен фейерверктер өрттің негізгі себептерінің бірі болуы мүмкін. Пиротехниканы тек арнайы рұқсат етілген жерлерде, нұсқаулыққа сай қолданыңыз. Балалардың қолына беруге қатаң тыйым салынады. Үй ішінде немесе балконда пиротехника қолдану өте қауіпті екенін ұмытпаңыз.
Ашық отты пайдалану – өте қауіпті!
Шырақтар мен сәндік шамдарды қараусыз қалдырмаңыз. Оларды жанғыш заттардан алыс орналастырып, қолданғаннан кейін толық өшіріңіз. Ас үйде тамақ дайындау кезінде де абай болу қажет, пеш пен газ жабдықтарын бақылаусыз қалдырмаңыз.
Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда!
Балаларға өрттің қауіпті екенін түсіндіріп, сіріңке мен тұтатқыштарды қолжетімсіз жерге қойыңыз. Мереке кезінде ересектердің бақылауы әлсіреп кетпеуі тиіс.
Төтенше жағдай кезіндегі әрекет…
Өрт байқалған жағдайда сабыр сақтап, дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз. Мүмкіндік болса, адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, өрт ошағынан алыстаңыз.
Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау – әр азаматтың міндеті. Жаңа жылды қауіпсіз әрі жарқын қарсы алып, жақындарымыздың амандығын бірге қорғайық!
М.Пермебаев,
Шу ауданы ТЖБ аға инженері,
азаматтық қорғау капитаны.

Leave A Reply

Your email address will not be published.