Ақпараттық портал

Соғымнан сыбаға үлестірген жиенбеттіктер

Қылышын сүйретіп қыс мезгілі келгеніне айдың жүзі болды. Ал, қазақ халқы кәрі құдаң қаһарлы қысты қарсы алуға ерекше қамданған. Қыстық соғымын әзірлеп, сыйлысына сыбағасын дайындайтын.
Бүгінгі таңда азаматтардың жағдайы әр алуан қоғамда ғұмыр кешіп жатқандықтан, соғым алуға қолы жетпейтіндер де жоқ емес. Бұл мезет ең алдымен бақуатты жандарға келген сын. Себебі, асыл дінімізде өзі тоқ отырып, көршісі аш болған мұсылманның иманы әлсіз деген тәмсіл бар. Осы жайтты ескерген Жиенбет ауылының имамы Шүкірәлі Бердібеков бастаған жамағат тың бастама жасапты. Қайырым жасауды қош көретін ағайын өзара келісіммен ірі қара малды соғымға жығып, оның етін ауылдың аз қамтылған отбасылары мен көпбалалы жанұяларға таратқан. Бұл жария жақсылық өзге де ауылдарға үлгі екені анық.
-Әз пайғамбарымыздың (с.а.с) «өзі тоқ, көршісі аш жатқан бізден емес» деген сөзін арқау етіп, мешіт жамағаты ниеті қалыс бауырлармен қайырымдылық ниетімен бір ірі қараны соғымға шалдық. Тағдырдың жазуымен бастарына қиыншылық түскен бауырларымызға қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да жасаған амалымыз достығымыздың, мұсылмандығымыздың бір белгісі деп білеміз. Қайырымды азаматтарға алғыс білдіремін,-дейді мешіт имамы.
Бір топ аға буын өкілдерімен таратылған ет 12 жілікке бөлініп, толығымен үлестірілді. Сол арқылы жүрек жылуын жерлестерімен бөлісіп, көңілдеріне медеу болды. Қазақта «Сұңқар жемін шашып жейді» деген жақсы сөз бар. Бұл лебіздің мысалын жиенбеттіктер іс жүзінде көрсетіп отыр. Ақ ниеттері әманда қабыл болсын демекпіз!

Несіпхан Қоңырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.