Ақпараттық портал

Ата өсиеті – ұрпаққа өнеге

Қазіргі таңда білім ошақтары ұрпақ тәрбиесіне байланысты ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Өзіндік мақсаты бар жобалар оқу жылы басталғалы бері тұрақты түрде өткізілуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай қадамдар бала тәрбиесіне аса қажет.

Бала тәрбиесін қолға алып, мектептің тыныс-тіршілігіне ата-аналарды тартып, тәрбие бағытында ата мен әженің өнегесін дәріптеуге жол салған Шу шаһарындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінде «Даналық мектебі» клубы жұмыс жасайды. Аталмыш клуб аясында «Ата өсиеті» атты берері мен өнегесі мол аталар мектебі жұмыс жасайды. Халқымыздың салт-дәстүрін дәріптеу, қарттардың ақылына құлақ түре отырып, оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу – мектептің негізгі мақсаты. Өйткені, қазіргі заманда отбасылық тәрбиеде ата-бабаларымыздың өсиет-өнегесінің көкейтесті болып тұрғаны анық. Сондай шаралардың бірі педагог ұйымдастырушы Г.Байбуриеваның ұйымдастыруымен өткен «Атаның сөзі – ақылдың көзі» тақырыбындағы қариялармен кездесу кеші.
Келелі кездесуде құтты шаңырақтың алып бәйтеректеріндей болған аталар өмірлік тәжірибесі арқылы көргені мен білгенімен бөлісті. Олар оқушылардың өнерлерін тамашалай отырып, тағылымды шараға белсене қатысып отырды. Кездесу соңында жас өрендерге баталарын беріп, балауса өнерпаздар ұсынған сахналық көрініске куә болды. Бұған қоса, өскелең ұрпаққа ыстық ықыластары мен лебіздерін жеткізді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.