Ақпараттық портал

Білім беру мен білім алуда тың тәсілдер қажет

Жаһандану дәуіріне құлаш сермеген мемлекетіміз үшін білім саласын ілгерілетудің өзіндік мәні бар. Бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлау ісінде білімді де білікті педагогтердің атқарар қызметі, арқалар жүгі ауыр. Осыған орай, аудандық білім бөлімінің жоспарына сәйкес бірнеше іс-шаралар өткізілді. Атап айтсақ, «Сабақ TIME» жобасы аясында ашық сабақтар, С.А.Есениннің мерейтойына арналған аудандық мәнерлеп оқу байқауы, «Ағылшын тілі және орыс тілі мен әдебиеті пәндері арасында үздік мұғалімі»аудандық байқауы белгіленген уақытымен лайықты түрде өткен болатын.
«Сабақ TIME» жобасы аясында Мойынқұм орта мектебінде өткізілген «Тиімді оқыту: педагогикалық әдістерді тәжірибеде қолдану жолдары» тақырыбындағы ашық сабақтарда орыс және ағылшын тілі пәні мұғалімдері оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, заманауи және тиімді оқыту әдістерін тәжірибе жүзінде қолдануды көрсетті.
Мәселен, Мойынқұм орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі А.Ж.Батырхан «Құндылықтар», М.Мақатаев атындағы Тірек орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі М.Б.Жаппарова «Жер мұхиты», Б.Момышұлы атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Р.Қасымова «Мамандықтар» М.Әуезов мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Д.Советбек «Оқу бағдарламасынан тыс: көл ме, әлде теңіз бе?», Мойынқұм орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Н.Н.Гасанова «Сөйлеудің функционалдық мүшелері», Еңбекші орта мектебінің мұғалімі А.К.Қаптагаева «Иттің жүрегі», Жиенбет негізгі мектебінің мұғалімі А.А.Балкибекова «Сиқыршы қыс», М.Мақатаев атындағы Тірек орта мектептің мұғалімі А.Е.Қырғызбай «Достық – баға жетпес байлық» тақырыптарында ашық сабақтар өткізіп, жасанды интеллектінің тиімді әдістерін қолдана отырып, сабақты түрлендіріп, педагогтер басқа мектептің оқушыларына сабақ өте отырып тың тәжірибелерімен бөлісті.
Сондай-ақ, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Л.С.Садыкова мұғалімдерге арналған «Орыс тілі мен әдебиеті сабақтарында танымдық және шығармашылық белсенділікті дамыту», Домалақ ене мектебінің мұғалімі П.А.Кустутинова ағылшын тілі мұғалімдеріне «Белсенді оқытудың белсенді әдістері мен техникалары» тақырыбында тренингтер өткізді. Тренинг барысында мұғалімдер белсенді оқытуға бағытталған заманауи әдістермен, сондай-ақ оқыту процесінде қолдануға болатын қосымша жасанды интеллект платформаларымен танысты.
Ал, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде 8-10 сынып оқушылары арасында ұлы орыс ақыны Сергей Александрович Есениннің туғанына 130 жыл толуына арналған аудандық мәнерлеп оқу байқауы оқушыларды поэзияға бір қадам жақындата түсті.
Мәнерлеп оқу байқауында 10 сынып оқушысы С.Ерасыл «Ананың хаты», 8 сынып оқушысы К.Даниил «Гой ты, Русь моя родная…» атты Есениннің өлеңдерін жатқа айта отырып, сезім пернелерін дөп басты. Кештің ең эмоционалды сәті 9 сынып оқушысы К. Миланның әйгілі «Не жалею, не зову, не плачу…» өлеңін орындау болды. Шынайы эмоциясын, қанық дикциясын, актерлік шеберлігін, тіл тазалығын көрсете білген талантты оқушының талабы тәнті етті. Мәнерлеп оқу байқауында қазылар алқасының шешімімен қатысушыларға жүлделі орындар мен тиісті дипломдары берілді. Ең бастысы, оқушылар Есениннің шығармаларына бойлау арқылы сезімнің көкжиегіне көтеріліп, ерекше әсер алды.
Бұған қоса, «Ағылшын тілі және орыс тілі мен әдебиеті пәндері арасында үздік мұғалімі» атты аудандық байқау өтті. Бұл байқау шығармашыл педагогтерді қолдауға, олардың тәжірибесін жетілдіруге және кәсіби құзыреттілігін арттыруға жол ашты. Аталған байқауға 5-20 жыл аралығында педагогикалық жұмыс өтілі бар ағылшын тілі пәнінің білікті мұғалімдері қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең сырттай бағалау форматында өтіп, қатысушылардың кәсіби деңгейін жан-жақты анықтауға мүмкіндік берді. Бұл кезең «Педагог портфолиосы», «Мен – ағылшын тілі пәнінің мұғалімімін» тақырыбында эссе жазу, «Сабақтан инновациялық сәт» бейнебаян көрсету сияқты үш негізгі бөлімнен тұрды. Офлайн форматта өткен 2 кезең 2 бөлімнен яғни «Панорамалық сабақ», «Шешендік шеберлік» арқылы өтті.
«Ағылшын тілі және орыс тілі мен әдебиеті пәндері арасында үздік мұғалімі» байқауы аудан мұғалімдерінің кәсіби өсуіне, тәжірибе алмасуына және шығармашылық әлеуетін ашуға зор ықпал етті. Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары алдағы уақытта да білім беру саласындағы жаңалықтарды енгізуге, оқушылардың білім сапасын арттыруға және еліміздің білім беру жүйесін дамытуға өз үлестерін қоса беретініне сенімдіміз. Бұл байқау – білім беру саласындағы үздіксіз ізденістің, шығармашылықтың және кәсіби шеберліктің жарқын көрінісі.

Майра Булекбаева,
Шу ауданы білім бөлімінің әдіскері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.