Су тапшылығы орын алуы ықтимал
Биыл ел шаруалары белгілі себептермен су тапшылығын сезінуі мүмкін. Мұны ҚР Үкіметі мәлімдеп, су үнемдеу технологиясын қолданысқа енгізуді мықтап қолға алуға шақырып отыр. Сындарлы сәтті аудан диқандары бастан кешіретін сыңайлы. Себебі, ауданымызда биыл 40-тан аса су арнасы жөнделеді. Бұған себеп – қоймадан шыққан су көлемінің егінге дейінгі аралықта айтарлықтай азаюы болып отыр. Сондықтан су арналарының табанын бетондап, ысыраптың алдын алған жөн дейді жауаптылар.
Апта басында аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте «ҚазСуШар» РМК-ның «Тасөткел су қоймасы» өндірістік бөлімшесінде 2025 жылы атқарған жұмыстары мен жоспарланған канал құрылыстарындағы өзекті мәселелер туралы айтылды. Оны «Тасөткел су қоймасы» ӨБ басшысы Бек-Али Қызылов баяндап берді.
Басшының айтуынша, 2025-2027 жылдар аралығында Ислам даму банкі несиесі арқылы құны 67,8 млрд теңгеге Шу ауданы Тасөткел су қоймасынан бастау алатын 43 каналға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
-Қазіргі таңда, 33 каналдың бойындағы алқаптарды 1063 шаруа қожалықтары пайдалануда. 9 канал жеке қосалқы шаруашылықтарының пайдалануында және Новотройцкий-2 каналы мен Шу каналы 10 жылдан аса уақыт пайдаланылмаған. Бүгінгі таңда, 26 каналдың жөндеу жұмыстарын жүргізетін 5 мердігер ұйымдар анықталып, келісімшартқа қол қойылған,-дейді Бек-Али Асқарұлы.
Сондай-ақ каналдардың құрылыс жұмыстарын белгіленген уақытта аяқтау үшін Оң жағалау магистраль каналын толық жауып, су беруді уақытша тоқтату және Сол жағалау магистраль каналының Луговой және Күйген каналдарына дейінгі 10 шақырымына су беру туралы шешім қабылданбақ.
Сонымен қатар дәстүрлі мәжілісте Шу ауданы бойынша Мансап орталығының директоры Ержігіт Омбаев Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2025 жылы атқарылған жұмыстары мен 2026 жылға жоспарлары жайында мәліметтерді жария етті.
Басшының баяндауынша, Шу ауданында халық саны 106 114 адамды құраса, оның ішінде 50100 адам экономикалық белсенді халық санатына жатқызылған. Ал жұмыссыздық деңгейі 1,6 пайызды құрайды.
-2025 жылға бағдарлама аясында 5 550 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған. Он екі айдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шарасында 5706 адам қамтылды немесе 102,8 пайызға орындалды,-дейді Ержігіт Тоқтасынұлы.
Биыл қайтарымсыз грантқа (400 АЕК немесе 1 730 000 тг) жалпы 60 адамға грант беру жоспарланып отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 89 адамды құраған.
Сонымен бірге 2026 жылға «Жұмыс берушілердің сұратуы бойынша оқу ұйымдарында кәсіптік оқу» аясында және «Жұмыссызды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру» бойынша 95 азаматты оқыту жоспарланып отыр.
Байжан Емберді.