Ақпараттық портал

Қазақстан дамудың жаңа дәуірінде

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 2026 жылды
«Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп
жариялауы – еліміздің болашағына бағытталған
маңызды шешім. Бұл бастама Қазақстанның дамуына
жаңа серпін беріп, қоғам өмірінің барлық саласына
өзгеріс әкелмек. Қазір әлемді цифрлық технологиясыз
елестету мүмкін емес. Сондықтан Қазақстан да заман
көшінен қалмай, цифрландыру мен жасанды
интеллектіні кеңінен енгізіп келеді.
Бүгінде цифрландыру дегеніміз – адамның жұмысын жеңілдететін, уақытты үнемдейтін және өмір сапасын арттыратын құрал. Қарапайым мысал келтірсек, бұрын бір анықтама алу үшін бірнеше мекемені аралау керек болса, қазір оны телефон немесе компьютер арқылы бірнеше минутта алуға болады. Бұл – цифрландырудың бір көрінісі. Қазіргі таңда елімізде көптеген мемлекеттік қызметтер онлайн форматқа көшірілді. Электронды үкімет порталы арқылы халық туу туралы куәліктен бастап, зейнетақы, жәрдемақы, жер телімі, бизнес ашу секілді қызметтерді қашықтан ала алады. Бұл – уақытты үнемдеумен қатар, жемқорлықтың алдын алуға да ықпал етеді. Сондай-ақ банк саласы да толықтай цифрландырылып келеді. Ақша аудару, несие рәсімдеу, коммуналдық төлем төлеу – барлығы бірнеше батырма арқылы жүзеге асады. Бұрын банкке барып, кезекте тұру үйреншікті жағдай болса, қазір бұл мәселе артта қалды.
Ал жасанды интеллект мамандардың айтуынша, адамның ойлау қабілетіне ұқсас жұмыс істейтін бағдарлама. Ол ақпаратты талдап, шешім қабылдай алады. Қазір жасанды интеллект біз байқамайтын көптеген салада қолданылып жүр. Мысалы, телефондағы бет-әлпетті тану жүйесі, интернеттегі іздеу жүйелері, әлеуметтік желідегі ұсынылатын бейнероликтер – барлығы жасанды интеллекттің көмегімен жұмыс істейді.
Әлем елдерінде жасанды интеллект медицинада ауруды ерте анықтауға, білім саласында оқушылардың деңгейіне қарай оқытуға, қала өмірінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге пайдаланылуда. Кейбір елдерде жол қозғалысын басқару, қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылау жасанды интеллект арқылы жүзеге асады. Қазақстанда да жасанды интеллектіні қолдану біртіндеп дамып келеді. Соның бір дәлелі – отандық медиа саласындағы жаңашыл жобалар. Жақында «Qazaqstan» ұлттық арнасында қазақ тілінде жасанды интеллектпен алғашқы сұхбат жүргізілді. Бұл – мемлекеттік тілдің жаңа технологиямен үндесе алатынын көрсеткен маңызды қадам болды. Ал «Semey» телеарнасында жасанды интеллект негізінде жасалған Ai-Ana, Ar-Ai және Ai-Sana атты виртуалды тележүргізушілер эфирге шығып жүр. Олар жаңалықтар мен түрлі бағдарламаларды жүргізіп, көрерменге тың формат ұсынып отыр. Бұл – қазақстандық телевизияның заман талабына сай дамып келе жатқанын көрсетеді.
Цифрландыру көлік саласында да кеңінен қолданылуда. Алдағы жылдары елімізде әуеде ұшатын такси қызметі іске қосылады деп жоспарлануда. Ол үшін АҚШ-тан электрлі eVTOL ұшақтары сатып алынбақ. Бұл жоба болашақта Алатау қаласында жүзеге асырылуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, мұндай әуе такси қызметі қала ішіндегі кептелісті азайтып, адамдардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл экологияға да зияны аз көлік түрі саналады.
2023 жылы Президент бастамасымен қолға алынған Алатау арнайы экономикалық аймағы «смарт қала» ретінде дамытылмақ. Онда смарт жарықтандыру жүйесі енгізіліп, электр қуаты үнемделеді. Қаладағы жарық автоматты түрде қосылып-сөндіріліп, энергия шығыны азаяды, яғни бюджет қаражатын тиімді пайдаланудың бір жолы болмақ. Бұл жаңа қалада сауда орындарында криптовалюта арқылы төлем жасау мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Бұл – Қазақстан үшін тың бастама. Мамандардың айтуынша, мұндай мүмкіндік шетелдік инвесторлар мен туристерді тартуға ықпал етеді. Себебі әлемде цифрлық валютаға қызығушылық артып келеді. Жоғарыда аталған бұл бастамалар еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономиканың дамуына оң әсер етеді деп күтілуде.
Білім беру саласында да цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдану басты бағыттардың біріне айналды. Қазіргі таңда мектептер мен жоғары оқу орындарында түрлі цифрлық платформалар пайдаланылуда. Онлайн сабақтар, электронды күнделік, қашықтан оқу – бұның барлығы цифрландырудың жемісі. Сабақ барысында жасанды интеллект элементтері қолданылып, оқушылардың білім деңгейіне қарай тапсырмалар беріледі. Бұл әр баланың қабілетіне қарай білім алуына мүмкіндік береді. Ал мұғалімдер үшін бұл уақытты үнемдеп, оқыту сапасын арттыруға көмектеседі.
Жалпы алғанда, цифрландыру мен жасанды интеллект – ел дамуының маңызды тетігі. Бұл технологиялар экономиканы нығайтып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын арттырады. Ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайтып, қызметтердің баршаға қолжетімді болуына жол ашады.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.