Ақпараттық портал

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралды

Апта басында аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен аппараттық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралып, зерделеу жұмыстарының нәтижесі жария етілді.

Білім – мемлекеттің басымдық берілген басты саласы. Саладағы негізгі жұмыстар мен түйткілдер әкімдік алқасында талқыға түсіп, тиісті шешімдерін табуы тиіс. Аталмыш кеңесте ең алдымен аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев сөз алып, былтырғы атқарылған шаруалар мен алдағы жоспарларды таныстырып өтті.
Жайдар Саттарқұлұлының айтуынша, Шу ауданы бойынша жаңа 2025-2026 оқу жылында 46 мектепте 20 438 оқушы білім алатын болса, оның ішінде 1 859 бала 1 сыныпқа қабылданды. Жалпы орта білім беру мекемелерінде білім алушылардың 2 090-ы аз қамтылған, көпбалалы отбасының балалары, 66 бала жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, 170 оқушы үйден оқиды, 119 оқушы инклюзивті білім алады, 398 оқушы мектебі жоқ елді мекендерде тұрып жатқан, тасымалдауды қажет ететін балалар және 85 оқушы мектеп жанындағы интернаттарда тәрбиеленіп, білім алады.
Жұмыстары тосын жайға толы құтқарушылар да ауданның қым-қуыт тіршілігіне өз септігін тигізіп келеді. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мұрат Әбдіқалықов баяндама жасап, былтырғы жұмыстар мен өзекті мәселелерді ортаға салды.
-Бөлім қызметкерлері тарапынан өрт қауіпсіздігінің алдын алу бойынша бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жергілікті баспасөзде 56 (2024 ж. – 48) мақала, дауыс зорайтқыш радиоторабы арқылы 43 (2024 ж. – 38) мәрте және Инстаграм, Фейсбук әлеуметтік желілерінде 68 (2024 ж. – 45) материал шығарылды. 3000-нан астам тұрғын үйлер араланып, 5300-ге жуық адам қамтылды,-дейді Мұрат Арыстанбекұлы.
Жыл ішінде жүзеге асқан істерді жіпке тізген басшы түйткілдерді шешуді сұрады. Оның ішінде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы бойынша ғимараттар салу, жеке сектордағы улы газды анықтайтын құрылғылар сатып алу, Шу өзенінің жағалауын бекіту, құлақтандыру жүйесімен қамту және мотопомпамен жабдықтау мәселелері бар.
Бұдан кейін Бірлікүстем ауылдық округінің әкімі А.Бименбетовтың есебі тыңдалып, инспекторлық зерделеудің нәтижелері баяндалды. Одан бөлек, әр түрлі мәселелерге кезек беріліп, құрылысқа қатысты сауалдарға жауап берілді.
Жұмысты жүйелі түрде жүзеге асыруға шақырған аудан басшысы бірлесіп атқарған жұмыстың берекелі боларын ескертті. Әрі кеңесте айтылған дүниелер назарға алынуы тиіс екенін алға тартты.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.