Ақпараттық портал

Жаңа Конституция жасампаздыққа жетелейді

Тарихы тереңнен тамыр тартатын еліміз сонау ықылым заманнан-ақ темірдей тәртіпке бағынып, асқан парасаттылықпен түзілген заңдық жүйе аясында өмір сүрген.
Оған “Қасым ханның қасқа жолы”, “Есім ханның ескі жолы”, Тәуке ханның “Жеті жарғысы” сынды заңдар жинағы дәлел. Міне, осы бір ежелгі жарғылардың жалғасындай болған Конституциямыз 1995 жылы 30 тамызда қабылданып, азат рухты, айбарлы еліміздің еркін өркендеуінің ерен тетігіне айналып үлгерді.
Ата заңымыз ата-бабамыздан келе жатқан бұлжымас сара жолдың жаңа заманғы нұсқасы әрі жалғасындай.
Құнды құжаттың үшінші бабында “Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық” делінген. Шын мәнінде, жоғары заңды күшке ие құжаттың негізін қалауға елдегі әрбір азамат ықпал ете алады.
Оған дәлел, үстіміздегі жылы ҚР жаңа Конституциясының жобасы жасалып, заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының өміршең екендігін көрсетуі.
Осы тұста қазақ педагогикасы мен оқу-ағарту ісінде ерекше із қалдырған Халел Досмұхамедұлының «Білім оңайлықпен қолға түспейді. Білім алуға көп еңбек керек. Аса сабыр керек. Білім мысқылдап кіреді. Білімді болу үшін көп сарғаю керек… Білім алудың жолы көп, жолдың ішіндегі ең төтесі – жақсы мектеп, білімді мұғалім, мұнан қалса, ел ішінде көпке түсінікті болып жазылған білім кітаптары» деген сөзінің үдесінен шығу үшін әрбір ұрпақты Ата заңды құрметтеуге, заң мен тәртіп қағидаларын бойына сіңіруге атсалысу – білім саласына жүктелген жауапкершілік екендігін атап өткіміз келеді.
Білім жүйесі – жаңашылдық пен даму, ғылым мен технология, инновация алаңы. Бұл – өсу мен өріс, шығармашылық пен мәдениет ортасы. Дана Абай мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының арманы осы. Ендеше, білім жүйесіндегі зайырлылық пен мәдениеттің Ата заңда нақты жазылуы зиялылық дәстүрдің талабы деп білеміз.
Бас құжатта отбасы құндылығы барынша талданған. Конституция жобасында отбасы, неке, ата-ана мен баланы қорғау мәселелері бұрынғыдай мемлекеттің ерекше қамқорлығында қалады. 27-бапта неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болатыны бекітілген. Ал балаларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті ретінде жазылады. Біздің де негізгі міндетіміз – отбасы мен мектеп арасында ынтымақтастық орнатып, осы заңдық нормаларды жүзеге асыру болып табылады.
“Жаңа Қазақстанға” сеніммен қадам басқан тұста біз де тарихи сәтте қалыс қалмай, өз үнімізді қосып, «Әділетті Қазақстан» құндылық бағдарлары және «Заң мен тәртіп» қағидаты бекітілген, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы расталған құнды құжаттың жарыққа шығуын қос қолдап қолдаймыз!

Жайдар Жазықбаев,
Шу ауданы білім бөлімінің
басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.