Жаңа заңды жұртшылыққа түсіндіру қарқынды жүруде
Күлтөбенің басында күн де жиын өткізген бабаларымыз “келісіп пішкен тон келте болмайтынын” қадым замандардан-ақ аңғарған. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деп бір мақсатқа, бір мүддеге тоқайласып, тірліктері бірліктің арқасында тындырылып отырған. Ата қазығымыздан айнымай, бұл күндері де сол сара жолды жалғап, кез келген істі жабыла, жұмыла шешіп жүрміз. Өйткені, бірлігі мықты елді дау да, жау да ала алмайды.
Дамудың даңғыл жолына түскен қай мемлекетті алсаңыз да әрқашан өзгеріс үстінде, жаңару, жаңғыру жолында адымдап басып келеді. Біз де адымдап баспасақ та алшаң басып, өз негізімізден ажырамай, өзгеріске бет бұрудамыз. Дамудың жаңа табалдырығына беттеген жасампаз ел ретінде әлем назарын өзіне аударып келе жатқан тәуелсіз мемлекетіміз “Жаңа Қазақстанды” құру жолында. Кейінгі жылдары елімізде болған саяси өзгерістер, атап айтқанда, Жалпыұлттық референдум, кезектен тыс Президент сайлауы, Парламент Мәжілісі мен жергілікті деңгейдегі мәслихаттар сайлауы, тағы басқа өзгерістер «Жаңа Қазақстанды» бірге құру жолындағы нақты қадамдар деп білемін. Биылғы жылдың да ең үлкен бетбұрысы, даму жолындағы маңызды өзгерісі-Жаңа Конституция жобасының бұқара талқылауына ұсынылуы.
Осы бағытта елімізбен қатар біздің Шу ауданында да атқарылып жатқан жұмыстар ұшан-теңіз. Оның жарқын дәлелі, аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбеновтің Қонаев ауылы, Бірлікүстем ауылдық округі тұрғындарымен, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің, аудандық орталық аурухана, қалалық емхана қызметкерлерінің қатысуымен өткізген жаңа Коституция жобасымен таныстыруға бағытталған келелі кездесуі.
Аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында бір емес, бірнеше рет алқалы жиындар өткізіп, аудан тұрғындарының барлығына дерлік таныстыратындығын алға тартты. Өйткені, алдағы уақытта өтетін Ата Заңды бекітуге арналған жалпыхалықтық референдумға жаңа заңды халықтың біліп баруы маңызды екендігін ескертті. Неге десеңіз, референдум билік үшін емес, алдымен халық үшін керек. Себебі, Ата Заңның 77 бабына түзетулер енгізіліп, мәтіннің жалпы 84 пайызы жаңартылды, бірақ ертең дауыс берерде, осы өзгерістерді қолдауға қатысты «иә», «жоқ» деген екі ғана сұрақ болады. Сондықтан да жаңа Конституция жобасын халық арасында кеңінен насихаттаудың маңызы зор.
Бұған дейін Президенттің тапсырмасымен халықтан келіп түскен ұсыныстарды жүйелеп, жинақтау үшін Конституциялық комиссия құрылған. Оның құрамына барлық аймақтың өкілдері мен түрлі санаттағы азаматтар, халық қалаулылары, орталық атқарушы органдардың басшылары, құқықтанушы ғалымдар, тіл мамандары және белсенді жастар кірді. Соның нәтижесінде жаңа Конституция жобасы жасалынып шықты.
Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мен талқылау барысын мұқият қадағалап отырмын. Осы орайда, Ата Заңымызға қатысты көптеген прогрессивті, инновациялық ұсыныс берілді деп сеніммен айта аламын. Түптеп келгенде мұның бәрі еліміздің Ата Заңына негіз болады. Бұл әлемде қалыптасқан қазіргі күрделі кезеңде біртұтас Қазақстан халқына бағыт сілтейтін маңызды құжатқа айналады деп сенемін» деген сөзі дәлел.
2019 жылы алғаш сөз еткен «Халық үніне құлақ асушы мемлекет» концепциясының өмірдегі, практикалық көріністерінің бірі, осы – референдум деуге толық негіз бар. Әрбір азаматтың мемлекеттік құрылымның, реформалардың, даму механизмдерінің бір бөлшегі, қозғаушы күші ретінде жауапкершілігін арттыруда үлесі зор тарихи процесс жақсы нәтиежелерге бастайды деп сенейік
Еліміздегі жаңа бетбұрыс, әділетті Қазақстан құру бағытына ерекше назар аударып, Қазақстан Президентінің реформасын қолдап, саясатына қызығушылық танытып отырған көршілес елдер бар. Саяси реформаны қолдап, референдумға дауыс беруге келген әрбір адам Ата заңның әр тармағын жыға білуі тиіс. Сондықтан, әрқайсымыз алдағы референдумға дайындықпен келіп, жарқын болашақты қалыптастыруға белсенді болайық.
Айғаным Асқарбек.