Ақпараттық портал

Ардагер ұстаз құрметтелді

Көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мектеп директоры Абуев Ерлан Нұрқасымұлы мен кәсіподақ төрайымы Тусипова Фарида Насухақызы саналы ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнаған ардагер ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әбішева Майра Әбішқызын мерекемен шын жүректен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Ұстаздық – үлкен жүректі, асқан төзімділік пен мейірімділікті талап ететін қасиетті мамандық. Ардагер ұстазымыз осы ұлы жолда ұзақ жылдар бойы талмай еңбек етіп, талай шәкірттің жүрегіне білім нұрын сеуіп, ана тіліміздің қадір-қасиетін ұғындырған ардақты ұстаздардың бірі. Ол шәкірттеріне тек білім беріп қана қоймай, олардың адамгершілігі мол, елін сүйетін, саналы азамат болып қалыптасуына зор үлес қосты. Майра Әбішқызының шәкірттерге деген қамқорлығы, мейірімділігі мен талапшылдығы көптеген жас буынның өмір жолына бағыт-бағдар беріп, олардың болашақта өз орындарын табуына себеп болды.
Кездесу барысында Майра Әбішқызының ұстаздық жолындағы адал еңбегі ерекше атап өтілді. Ұстаздық қызметте жинаған мол тәжірибесі мен өмірлік даналығы бүгінгі жас ұстаздарға әрдайым үлгі екені айтылды. Осындай білікті де, білімді ұстаздардың еңбегі – білім ордасының тарихында алтын әріппен жазылатын қастерлі еңбек.
Өз кезегінде Майра Әбішқызына көрсетілген құрмет пен ықыласқа ризашылығын білдіріп, мектеп ұжымына жүрекжарды алғысын жеткізді. Ұстаз үшін шәкірттерінің жетістігі мен елдің құрметі – ең үлкен марапат екенін айтып, ақ тілегін арнады.
Мерекелік кездесу ерекше жылулық пен сыйластыққа толы болды. Осындай құрмет пен ықылас – саналы ғұмырын білім мен тәрбие жолына арнаған ұстаздарға көрсетілген шынайы алғыстың белгісі. Аяулы ұстазымыздың өнегелі өмір жолы, ұстаздыққа деген адалдығы мен шәкірттеріне деген шексіз мейірімі әрдайым кейінгі буынға үлгі болып қала бермек.
Осындай ардақты ұстаздарға құрмет көрсету – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Ардақты ұстазға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағына береке, балалары мен немерелерінің қызығына бөленіп, әрдайым ел құрметіне бөлене беруіне тілек білдірілді. Көктем мерекесі жүректерге қуаныш, үйлеріне шаттық сыйласын деген ақжарма тілектер айтылды.
Мадина Даулетказина,
Жайсан орта мектебінің ұйымдастырушы педагогі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.