Ақпараттық портал

Қыз тәрбиесіне бағытталған байқау

Шолпысының сыңғырынан қыз баласының бар болмысын таныған халқымыз аруларымызды сұлулықтың, нәзіктіктің символына балаған. Тіпті, қос бұрымы иығына төгілген, кер маралдай керілген, тал шыбықтай бұралған, жаңа туған айдай қасы қиылған, мөлдір тұнық көздері, шиедей ерні, күлім көз, оймақ аузы бар деп теңегенінен-ақ құдіретті Алланың бар сұлулықты қыз балаға үйіп-төгіп бергенін байқайсың. Біздің әдебиетімізде ғана емес, шетел әдебиетінде де қызды музасына балап, барынша көркем түрде суреттеген. Қыздың сынын суреттеуде тілдің де шеберлігі жетпей қалатындай.

“Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек” деп басталатын “Қыз сыны” атты өлеңде де қазақ аруының образы әсем түрде бейнеленген. Ән көмейімізге оралған сайын қазақы ару қыздың сұлулығы арқылы халқымыздың төл дәстүрі де жаңғырып, жаңаратындай. Сондықтан да ұлттың сақталуының ең негізгі тетігі саналатын ұлттың айбыны, елдің ары болған қыздарымыздың болмысын сақтап, образын заман ағымына қарай икемдеп отыру үшін “Қыз сыны” байқауын өткізіп отырудың да үлкен мәні бар.
Ал, сол қыз баласын тәрбиелеп, өсиет-өнегесін бойына дарытып, тектілік қалпын сақтау жолында тер төгетін ең басты адам-анасы екендігі ақиқат. Содан болар, халқымыз «Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш», «Анаға қарап қыз өсер» деп тегін айтпаса керек-ті. Сондықтан да мектеп табалдырығын аттаған күннен-ақ қыз баласы мен оның анасының арасындағы берік байланысты орнатуға бағытталған іс-шаралар жиірек өткізілуі тиіс.
Осыған орай, шуақты да, шұғылалы көктемнің ерекше мерекесі-8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аталған мектептің мұғалімі Батырбекова Шынар сынып жетекшілік ететін 2 сынып оқушылары арасында «Көктем аруы-2026» байқауы өткізілді. Байқауға 9 қыз бала қатысып, олар төрт кезең бойынша бабы мен бағын сынады.
Ең алдымен «Сәлем – сөздің анасы» кезеңі бойынша қыздар өздерін таныстырса, «Өнерлі өрге жүзер» кезеңінде өз өнерлерін ортаға салды. Мұнан кейін «Шебердің қолы ортақ» кезеңінде үйге берілген тапсырма бойынша қыздар қолөнер жұмыстарын таныстырса, «Көктем аруы» атты төртінші кезеңде әртүрлі материалдардан эстетикалық талапқа сай тігілген киімдерден сән үлгісін көрсетті.
Байқау соңында әділқазы мүшелерінің шешімі бойынша бас жүлдені Берікхан Аруназ ерекше көзге түсіп, жеңіп алды. Ал, І орынды Жомарт Раушан, ІІ орынды Қабылжан Алина, ІІІ орынды Доқдырбай Әдемі иеленді. Сондай-ақ, Марат Нұршапағат, Мәулен Даяна, Ертөстүк Ақерке, Халық Айлин, Тұрсынхан Дидар сынды қатысушы қыздарға «Инабатты қыз», «Сымбатты қыз», «Көрермен көзайымы» секілді номинациялар беріліп, мектеп тарапынан сыйлықтар тарту етілді.
«Қыз өссе, елдің көркі» демекші, өмірдегі әсемдік пен нәзіктікке жолбасшы бола жүріп, айналасына нұрын сепкен қыздарымызға үлгі болар осындай іс-шаралар жиі өткізіліп, кеңінен насихатталса, нұр үстіне нұр болмақ.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.