Ақпараттық портал

Аналарды ардақтаған кеш

Әлемдегі барлық мамандық атаулыдан атқарар қызметі зор, барлық арнаулы атақ-шеннен дәрежесі жоғары тұратын, шектеулі сағатқа ғана емес, күн-түн демей кірпік қақпай бір ғана жан үшін түн ұйқысын төрт бөле қызмет жасай алатын жан бар десек, ол-әрине, Ана. Өмірге қос-қостан перзент әкеліп, «Батыр ана» атанатын, жалғыз өзі перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, «Жалғызбасты ана» бола алатын да сол – Ана. Содан болар, ана деген ұлы есімді арқалап жүрген жандар жақсы-жаман, бай-кедей, шенді-шенсіз деп бөле-жарылмай, бірдей ардақталады, қатар құрметтеледі. Сондықтан да 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай барлық аналар қауымын назардан тыс қалдырмай, сый-құрмет көрсету – қалыптасқан дәстүріміз.

Әлемнің жарығын сыйлайтын аналардың бір күнін қуанышқа бөлеу үшін аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен 10 Шу колледжінің ұйымдастыруымен «Ана-өмірдің шуағы» атты мерекелік іс-шарасы өтті. Оған «Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» тіркеуде тұрған қызмет алушы әжелеріміз бен аталған білім ордасында сабақ үлгерімі жақсы және қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын студенттердің аналары шақырылды.
Ең алдымен 10 колледждің әртүрлі бағытта кәсіп түрлерін игеріп жүрген студенттері әжелерімізді сұлулық салонына кіргізіп, шаш әрлеу, бет бояу, тырнақ күтімі сынды қызметтерді жасап, мерекелік концертке дайындады. Өздеріне жасалған қызметке дән риза болған әжелер көтеріңкі көңіл-күймен акт залына кірді.
Концерттің ашылу салтанатында аталған колледждің директоры Тоғжан Мұсаева сөз алып, ізгі лебізін арнады. Сондай-ақ, сабақ үлгерімі жақсы және қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын студенттердің аналарына Алғыс хат пен арнайы сыйлықтарын табыстады. Бұған қоса, білім беру ордасында қызмет жасап жүрген нәзікжандыларды да марапаттан қалыс қалдырмады.
Әйелдер қауымын әнмен әуелеп, бидің ырғағымен тербеген кеште өнерпаз студенттер бар өнерін салып бақты. Күнделікті күйбеңнен, жадау тіршіліктен бір ауық сейілгісі келген аяулы жандар сәні мен салтанаты келіскен мерекелік кеште бір серпіліп қалды. Кеш соңында «Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» тіркеуде тұрған қызмет алушы әжелерімізге Шу қаласындағы «Төрлет» сауда үйінің қожайыны атынан сый-сияпат таратылды.
Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейтін әйел затын әспеттеп, әлемнің бар асылын, жақұтын беріп, ең жақсы сөздерді арнасақ та аздық етеді. Тек 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні ғана емес, жыл он екі ай жүрегі кең жанашыр жандарымызды сый-құрметке бөлесек, бақыттың бастауы сол болмақ. Сондықтан да осындай тағылымы мол іс-шаралар лайықты жалғасын таба берсін!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.