Ақпараттық портал

Мәслихат – халық пен билік арасындағы алтын көпір

Жуырда Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ-ші республикалық форумы өтті. Жыл сайынғы дәстүрлі бұл шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжіліс төрағалары да қатысты.
Елорда төрінен жеткен шақыруға шулық халық қалаулылары жауап қатып, бір топ аудандық мәслихат депутаттары форумның қонағы болды. Олардың қатарында Асқар Қомаев, Нұржан Разимбеков, Ләйлә Жүнісалиева, Ұлжан Оспанова, Аида Бекмурзина, Ғани Қойбағаров, Мақсат Маткаримов, Мақсат Шәймерден бар.
Маңызды мәжілісте Президент көптеген мәселелердің тиегін ағытып, мәслихаттың өкілеттілігін кеңейту туралы бастама көтерді.Оның ішінде мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу қажет екені және ішкі жұмыс тәртібін ретке келтіріп, қайта қарау қажеттігіне назар аударылды.
-Сондықтан өз міндетін орындамаған немесе этиканы бұзған мәслихат депутаттарының жауапкершілігін күшейтетін нақты шаралар қабылдау қажет. Мұндай қадам халықтың саяси мәдениетін дамытуға және өкілді билік институтына деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді,-деді Қ.К.Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Мәслихат депутаттарының сайлану тәртібіне қатысты түйткілдің де басын ашып, аймақтарда мажоритарлық, яғни бір мандатты жүйе сақталатынын атап өтті. Сондай-ақ Президент алдағы маңызды саяси науқан – референдумға да тоқталды.
Бұл басқосу – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды әрі мазмұнды алаңдардың біріне айналды.
Форумға Қазақстанның әр өңірінен келген екі мыңға жуық мәслихат депутаттары қатысып, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру және мемлекеттік саясатты жергілікті деңгейде тиімді іске асыру мәселелерін жан-жақты талқылады.
Мәслихаттар – халық пен биліктің арасындағы маңызды көпір. Сондықтан мұндай кездесулер орталық және жергілікті өкілді органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып қана қоймай, депутаттардың тәжірибе алмасуына, өңірлердегі өзекті мәселелерді ортаға салуына және оларды шешудің нақты жолдарын қарастыруға үлкен мүмкіндік берді.
Форум барысында көтерілген бастамалар мен ұсыныстар аймақтардың тұрақты дамуына, жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және ел азаматтарының өмір сапасын жақсартуға бағытталғаны сөзсіз.
Бүгінгі диалог – ортақ мақсатқа бастайтын маңызды қадам. Елдің дамуы мен халықтың әл – ауқатын арттыру жолында әрбір депутаттың жауапкершілігі зор. Осындай мазмұнды кездесулер бірлігімізді нығайтып, ортақ іске деген сенімді күшейте түседі.
Бұл форумнан әріптестерімізбен бірге ерекше әсермен оралдық десе болады. Нақты айтқанда, ауылдардың бюджетінің артатынын, Жаңа Конституцияның жай-жапсарын, экономикамыздың еселенгенін, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен референдумның түпкі мәнін Мемлекет басшысының өзінен тікелей тыңдауға мүмкіндік алдық.
Форум барысында көтерілген көкейтесті мәселелер мен оларды оңтайлы шешу жолдары мейлінше қарастырылды. Еліміздің әр түкпірінен келген әріптестер салмақты ой түйіп қайтты деген ойдамыз.
Жасұлан ӘБЕНОВ,
Шу аудандық мәслихат
төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.