Амал келді – жыл келді
Көктемнің алғашқы шуағы төгіліп, табиғат жаңарып, жер бусанып жатқан шақ – қазақ халқы үшін ерекше мағыналы кезең. Бұл мезгіл тек табиғаттың ғана емес, адамдардың да көңілінің жаңаратын, жүректердің жылып, үміттің қайта оянатын уақыты. Осындай берекелі мезгілде халқымыз ежелден ерекше құрметпен қарсы алатын Амал мерекесі келеді. Бұл күн халық арасында «Көрісу күні» деп те аталады. Өйткені дәл осы күні адамдар бір-бірімен қауышып, амандасып, жаңа жылдың бастауын ақ тілекпен қарсы алады. Қазақ халқы үшін әрбір мерекенің, әрбір дәстүрдің астарында терең мағына жатыр. Амал мерекесі де сондай ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұралардың бірі. Халқымыз ерте заманнан бері көктемнің алғашқы лебін ерекше қуанышпен қарсы алған. Қыстың ұзақ, кейде қатал күндері аяқталып, күннің көзі жылына бастағанда адамдар бір-бірімен көрісіп, «Бір жасыңмен!» деп құттықтап, жаңа жылға қадам басқан.
Амал мерекесі әсіресе еліміздің батыс өңірлерінде кеңінен сақталғанымен, бүгінде бұл дәстүр бүкіл Қазақстан бойынша қайта жаңғырып келеді. Соңғы жылдары мектептерде, мәдениет үйлерінде, түрлі мекемелерде Көрісу күні кеңінен атап өтіліп, жастарға оның мәні мен маңызы түсіндіріліп жүр. Бұл – ұлттық құндылықтардың қайта жаңғырып, халықтың рухани байлығының артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл күні адамдар ерте тұрып, ағайын-туыс, көрші-қолаңның үйіне барып көріседі. Үлкендерге арнайы барып, сәлем беріп, батасын алады. Қазақ дәстүрінде үлкендердің батасы – өмірдің жолын ашатын, жақсылыққа бастайтын қасиетті сөз деп есептелген. Сондықтан жастар бұл күні үлкендердің батасын алуға ерекше мән берген. Көрісу дәстүрі – қазақ халқының бауырмалдық қасиетін айқын көрсететін ғұрыптардың бірі. Бұл күні адамдар бір-бірінің қолын алып, төс қағыстырып амандасады. «Жасың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!» деген жылы сөздер айтып, амандық-саулық тілейді. Осындай қарапайым, бірақ жүрекке жылы сөздердің өзі адамдарды жақындастырып, көңілге ерекше қуаныш сыйлайды.
Халқымыз «Көрісу – көңілдің көрігі» деп бекер айтпаған. Өйткені адамдардың бір-бірімен жиі араласып, амандасып тұруы олардың арасындағы сыйластықты арттырады. Ал өкпе-реніштің ұзақ сақталуы адамдардың арасына салқындық түсіреді. Сондықтан Амал мерекесінде бұрынғы өкпе-наз ұмытылып, адамдар бір-бірімен татуласып жатады. Мұндай көріністерді ауыл өмірінен жиі кездестіруге болады. Мәселен, кейбір көрші адамдардың арасында болмашы реніш болып, ұзақ уақыт араласпай жүрген жағдайлар кездеседі. Бірақ Көрісу күні келгенде олар бір-бірінің үйіне барып, қол алысып амандасып, бұрынғы өкпесін ұмытып жатады. Осындай сәттерде үлкен кісілер «Жаңа жылды өкпемен бастауға болмайды» деп ақылын айтып, татуластырып жібереді. Бұл – халқымыздың даналығы мен кеңпейілдігінің айқын көрінісі.
Тағы бір өмірлік мысал ретінде ауылдағы үлкен әжелердің дәстүрін айтуға болады. Көрісу күні олар ерте тұрып, бауырсақ пісіріп, дастарханын жайып қояды. Таңертеңнен бастап үйге келген балалар мен жастарға ақ батасын беріп, маңдайынан сипап, жақсы тілек айтады. Балалар болса, әжелердің қолын алып, «Бір жасыңызбен!» деп көріседі. Осындай сәттерде үлкендер мен кішілердің арасындағы байланыс нығайып, ұлттық тәрбиенің мәні тереңдей түседі. Амал мерекесінің тағы бір ерекшелігі – әр шаңырақта қонақжай дастархан жайылады. Қазақ халқы қашанда қонақжайлығымен ерекшеленген. Сондықтан бұл күні әр үйдің есігі айқара ашық болады. Қонаққа келген адамдарға бауырсақ, тәтті тағамдар ұсынылып, дастархан басында әңгіме-дүкен құрылады. Бұл – адамдардың арасындағы достық пен сыйластықты арттыратын игі дәстүр. Бүгінде бұл дәстүр тек ауылдық жерлерде ғана емес, қалаларда да кеңінен тарала бастады. Көптеген ұжымдар мен мекемелерде Көрісу күніне арналған кездесулер ұйымдастырылып, әріптестер бір-бірін құттықтап жатады. Бұл да адамдардың арасындағы жылы қарым-қатынасты қалыптастыруға ықпал етеді.
Амал мерекесі – ұрпақ тәрбиесінде де ерекше орын алатын дәстүр. Балалар бұл күні үлкендерді құрметтеп, ізет көрсетуді үйренеді. Үлкендердің батасын алып, олардың өмірлік тәжірибесінен тағылым алады. Осылайша ұлттың рухани құндылықтары ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырады. Халқымыз «Ырыс алды – ынтымақ» дейді. Шын мәнінде, Амал мерекесінің басты мәні де – адамдарды бірлікке, татулыққа шақыру. Бұл күні айтылған әрбір жақсы сөз, әрбір ақ тілек адамдардың жүрегіне жылулық сыйлайды. Сондықтан бұл мереке тек дәстүр ғана емес, халықтың рухани бірлігінің белгісі деп танимыз. Амалдан кейін көп ұзамай Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі келеді. Амал – сол ұлы мерекенің алғашқы баспалдағы іспетті. Ол жаңа жылдың басталғанын білдіреді. Табиғаттың жаңаруы мен адамның рухани жаңаруы осы кезеңде ерекше үндестік табады. Қазақ халқы үшін дәстүр – ұлттың жаны. Әрбір салт-дәстүр халықтың тарихын, дүниетанымын, мәдениетін танытады. Сондықтан Амал мерекесін дәріптеу арқылы біз жас ұрпаққа ұлттық құндылықтардың қадірін түсіндіреміз.
Осындай ұлттық мерекелерді ұлықтап, оның мәнін жас ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Көктемнің алғашқы шуағымен бірге келген бұл мереке әр шаңыраққа қуаныш пен береке әкелсін. Көрісу күні адамдардың жүрегіне жылулық ұялатып, қоғамдағы бірлікті нығайта берсін.
Амал құтты болсын!
Балнұр Жексенбекқызы.