«Отбасын қолдау орталығы» – қиындықта қалған жанға жанашыр қол
Қазіргі қоғамда отбасы құндылығы қаншалықты маңызды болса, сол отбасының ішінде орын алатын түрлі қиындықтар мен түйткілдер де аз емес. Кейде тұрмыстың тауқыметі, әлеуметтік мәселелер, жұмыссыздық, түсініспеушілік секілді жағдайлардың отбасындағы берекені қашырып, жанжал мен дау-дамайға ұласатыны жасырын емес. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлардың соңы кейде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа дейін жетіп, әйелдер мен балалардың тағдырына ауыр із қалдырып жатады. Мұндай сәтте қолдау мен қамқорлыққа мұқтаж жандарға қоғам болып жанашырлық танытып, дер кезінде көмек көрсету – баршамызға ортақ міндет.
Қазақ халқы ежелден отбасының бірлігі мен берекесін бәрінен биік қойған. «Жесірін жылатпаған, жетімін қаңғыртпаған» халық деген ат бекер айтылмаған. Қиындыққа тап болған жанға қол ұшын созу, әлсізге сүйеніш болу, қамқорлық көрсету – халқымыздың қанында бар қасиет. Сол ізгі дәстүр бүгінгі таңда да өз жалғасын тауып келеді. Мемлекет тарапынан да отбасы институтын нығайтуға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарды қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Осындай игі бастамалардың бірі – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты көмек көрсетуге арналған арнайы орталықтардың ашылуы. Бұл орталықтар әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау көрсетіп қана қоймай, қиындыққа тап болған адамдарға жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді. Әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балалар үшін мұндай мекемелер – қауіпсіздік пен үміттің мекені. Осы мақсатта жуырда Шу ауданында да маңызды әлеуметтік бастама жүзеге асып, «Отбасын қолдау орталығы» өз жұмысын бастады. Бұл орталық өмірдің түрлі сынағына тап болған азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың қоғамнан шет қалмай, қайта еңсесін тіктеуіне көмектесуді мақсат етеді. Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі аудан әкімінің 2025 жылғы №496 бұйрығына сәйкес құрылып, өткен жылдың қазан айында Әділет департаментінде заңды мекеме ретінде тіркелген. Бүгінде орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен жекелеген азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуді мақсат етіп отыр. Орталық жұмысының негізгі бағыты – әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік және тұрмыстық көмек көрсету. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, мемлекеттік отбасы саясатын жүзеге асыру, қоғамда отбасы құндылықтарын дәріптеу де мекеменің басты міндеттерінің бірі саналады.
Орталықтың қызметі бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Ең алдымен, қиын жағдайда қалған азаматтарға кешенді қолдау көрсетіледі. Бұл – ақпараттық кеңес беру, құқықтық түсіндіру жұмыстары, психологиялық қолдау және әлеуметтік көмекті қамтиды. Мамандар сонымен қатар жұмыссыз жүрген азаматтарды еңбекпен қамтуға, кәсіптік қайта даярлау курстарына бағыттауға да ықпал етеді.
Екінші маңызды бағыт – дағдарыстық көмек көрсету. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға уақытша пана ұсыну, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оңалту жұмыстарын жүргізу осы бағыттың негізгі бөлігі болып табылады. Мұндай жағдайларда орталық мамандары тек психологиялық қолдау көрсетіп қана қоймай, құқық қорғау органдарымен және медициналық мекемелермен бірлесе жұмыс атқарады.
Үшінші бағыт – әлеуметтік сүйемелдеу. Яғни өмірде қиын жағдайға тап болған отбасылар мен балаларды дер кезінде анықтап, олардың жағдайын бақылауға алу, әр отбасыға жеке оңалту жоспарын әзірлеу жүзеге асырылады. Сонымен қатар орталық азаматтарға мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңес беріп, түрлі әлеуметтік жәрдемақылар мен қызметтерді рәсімдеуге көмектеседі.
Орталықта қазіргі таңда тоғыз қызметкер еңбек етеді. Олардың қатарында психолог, әлеуметтік қызметкерлер, әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, екі бөлім меңгерушісі және орталық басшысы бар. Бұл мамандардың барлығы бір мақсат жолында – қиындыққа тап болған жандарға қолдау көрсетіп, олардың қоғамға қайта бейімделуіне көмектесу бағытында еңбек етуде.
Орталық басшысы Ақбота Ратханқызы Устибаеваның айтуынша, орталық тек кеңес берумен ғана шектелмей, нақты істер арқылы азаматтарға көмек көрсетеді. Қазіргі таңда аудан бойынша арнайы мобильді топ құрылып, оның құрамына түрлі сала мамандары тартылған.
– Орталық қызметінің тиімді болуы үшін аудан көлемінде мобильді топ жұмыс істейді. Оның құрамында 352 мүше бар. Бұл топтың басты мақсаты – өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды ерте анықтау және оларға дер кезінде көмек көрсету. Барлық мүшелер «FSM social» мобильді платформасына тіркелген. Осы жүйе арқылы тұрғындар өз мәселелері туралы хабарлама қалдырып, біздің мамандармен тікелей байланысқа шыға алады. Бүгінгі күнге дейін платформа арқылы 21 сигнал келіп түсті. Сонымен қатар елуге жуық азамат орталыққа өз еркімен келіп, психологиялық және әлеуметтік көмекке жүгінді. Ал түскен сигналдардың 18-і пробация қызметінен жолданған. Әрбір келген өтініштің артында адам тағдыры жатыр. Сондықтан біз әрбір мәселені мұқият қарап, сол отбасының немесе азаматтың жағдайына қарай жеке жоспар әзірлейміз. Қажет болса медициналық көмек ұйымдастырамыз, әлеуметтік жәрдемақыларды рәсімдеуге көмектесеміз, жұмысқа орналастыру мәселесін қарастырамыз. Кейбір жағдайларда азаматтарды оңалту бағдарламаларына бағыттаймыз. Біздің басты мақсатымыз – қиындыққа тап болған адамды жалғыз қалдырмай, оған қайта өмірге бейімделуге мүмкіндік беру. Қазіргі таңда орталық уақытша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимаратында орналасқан. Ал алдағы уақытта бізге арнайы ғимарат беріледі деп жоспарланып отыр. Ол жерде 12 орындық жатын орын қарастырылады. Яғни өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар уақытша сол жерде тұрып, қажетті көмек ала алады. Бұл – әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балалар үшін үлкен қолдау болмақ, – дейді ол.
Орталық мамандарының күнделікті жұмысы көптеген тағдырлармен бетпе-бет келуді талап етеді. Әрбір өтініштің артында – адам өмірі, тағдыр тауқыметі жатыр.
Мәселен, жақында орталыққа ауыр жағдайға тап болған әйел азамат жүгінген. Ол азаматтық некеде тұратын, бірінші некесінен төрт баласы бар ана. Үш баласы кәмелетке толмаған. Тұрмыстық жанжал барысында азаматтық жолдасының тарапынан психологиялық және физикалық зорлық-зомбылық көріп, аяғынан ауыр жарақат алған. Осы жағдайдан кейін орталық мамандары бірден іске кірісіп, әйелге медициналық көмек көрсетілуіне ықпал еткен. Жарақаты сүйегіне өткен-өтпегенін анықтау үшін қажетті тексерулер ұйымдастырылып, тиісті ем-дом жасалған.
Бұған дейін қоғамдық жұмыста жүрген әйел жарақатына байланысты еңбекке жарамсыз болып қалған. Орталық мамандары оған жұмысқа жарамсыздық туралы анықтама алуға көмектесіп, соның негізінде атаулы әлеуметтік көмек рәсімделген. Нәтижесінде, қазіргі таңда ол екі айлық әлеуметтік жәрдемақы алып отыр.
Осы секілді тағы бір оқиға ауылдық округтердің бірінде орын алған. Жасы жетпіске таяп қалған жалғызбасты қарт әке балалары толықтай бас тартқан күйде жалғыз қалған. Орталық мамандары қарт кісінің барлық құжаттарын жинақтап, оны қарттар үйіне орналастыру жұмыстарын қолға алған.
Сонымен қатар пробация қызметінен келген сигналдардың бірқатары қаржылық қиындықтарға қатысты. Атап айтқанда, бес азамат несиелерінің өтелмеуіне байланысты жеке шоттарының бұғатталуына тап болған. Бұл мәселені шешу үшін орталық мамандары пробация қызметімен және тиісті бөлімдермен бірлесе отырып, облыстық «Қарызсыз қоғам» бағдарламасына құжаттарын жолдаған. Қазіргі таңда пробация есебіндегі бес азамат бір реттік мемлекеттік көмек алуда. Тағы бес азамат жұмыспен қамтылып үлгерсе, қалғандары жұмыссыз ретінде тіркеліп, кезек күтуде.
Осындай нақты істер арқылы «Отбасын қолдау орталығы» қоғамдағы ең нәзік әрі күрделі мәселелердің бірі – отбасы тағдырына араша түсіп келеді. Қиындыққа тап болған әрбір жанға үміт сыйлап, қолдау көрсетуде.
Қорыта айтқанда, отбасы – қоғамның ең негізгі тірегі, ұлттың болашағы қалыптасатын қасиетті ұя. Ал сол отбасының ішінде орын алатын қиындықтар мен дағдарыстарға дер кезінде назар аударып, қолдау көрсету – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Өмірде түрлі себептермен тығырыққа тіреліп, көмекке мұқтаж болып отырған жандар аз емес. Бірі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болса, енді бірі әлеуметтік қиындықтардың салдарынан тығырыққа тіреліп жатады. Осындай сәтте жанашырлық танытып, қолдау көрсету адамгершілік пен жауапкершіліктің көрінісі деп білеміз.
Қазақ «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді. Қоғам болып бір-бірімізге жанашырлық танытып, қиындыққа тап болған жандарға қолдау көрсете білсек, талай тағдырдың еңсесін тіктеуге болады. Мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан осындай игі бастамалар соның айқын дәлелі. Ал «Отбасын қолдау орталығы» сол қамқорлықтың нақты көрінісі ретінде талай жанға демеу болып, талай отбасының үміт отын қайта жағары сөзсіз. Өйткені мейірім мен қолдау бар жерде – үміт те, болашақ та бар.
Балнұр Жексенбекқызы.