Жасанды интеллект: Білім берудегі бірегей артықшылықтар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне кеңінен енгізу қажет екендігін, мұндай технологиялық шешім мұғалімдердің жұмысын едәуір жеңілдетіп, ұстаздық қызметімен айналысуына мүмкіндік беретінін атап өткен болатын.
Осыған орай, Техникалық шығармашылық орталығының базасында «Қосымша білім беру саласында жасанды интеллект арқылы шығармашылық әлеуетті арттыру» тақырыбында аудандық семинар өтті. Оған қосымша білім беру педагогтері қамтылды.
Педагогтердің кәсіби құзіреттілігін арттыруға бағытталған семинарға аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев қатысып, қазіргі таңда білім беру үдерісінде мұғалімдердің заманауи технологияларды меңгеріп, цифрлық сауаттылығын арттырудың артықшылығын атап өтті. Әрі жасанды интеллектіні пайдалану қосымша білім беру педагогтеріне оқушылардың қызығушылығын оятуға ықпал ететіндігін тілге тиек етті.
Семинар барысында Техникалық шығармашылық орталығының әдістемелік бөлім меңгерушісі Гульмира Алмасаева «Жасанды интеллект: қосымша білім берудегі жаңа бағыттар мен мүмкіндіктер» тақырыбында баяндамасын оқыды. Бұған қоса «Компьютерлік кескіндеме» үйірмесінің жетекшілері Ферди Бахриев пен Қастер Сәметұлы «Grok бағдарламасы арқылы 3D модельдеуден жасалған жылқыны жандандыру», «Информатика» үйірмесінің жетекшісі А.Сауқымбек «Жасанды интеллект бағдарламаларын сабақта қолдану әдістері», «Жас информатик» үйірмесінің жетекшісі Меруерт Калыкова «GAMMA – бағдарламасы арқылы сабақ үстінде презентация жасау» тақырыптарында іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Сондай-ақ, аталған мекеменің психологы А.Иманжан қатысушыларға «Фрактальді сурет» арт терапиясын өткізді. Бұл өз кезегінде эмоциялық күйзелісті жеңілдету, шығармашылық қабілетті дамыту және психологиялық қолдау мақсатында қолданылатын сурет салу әдісі. Психолог қатысушылардың салған суретіне, бояуларды үйлестіруіне қарап, көңіл-күйіне талдау жасады.
Кәсіби қажеттілікті шыңдауға жол ашатын тәжірибе алмасу семинарын ұйымдастыруда және бастан-аяқ ойдағыдай өтуіне Техникалық шығармашылық орталығы директорының міндетін атқарушы Нағима Какимова және Бұқаралық бөлім меңгерушісі Сыдықова Аида Саматқызының үлесі зор. Бұған қоса, іс-шараны жүргізген «Авто үлгілеу» үйірме жетекшісі Баймолда Камшат Рүстемқызын да атап өткен жөн.
Заманымыз күннен-күнге көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамып келеді. Инновациялық-педагогикалық технологиялар алға озған заманда педагогтердің цифрлық тұрғыда сауатты болуы – білім жүйесінің өзегі. Оның дәлелі сабақ барысында қолданылатын жаңа технологиялар, оқу әдістері, жасанды интеллект. Жаһандану дәуірінде бір мақсат пен бір мүддені көздей отырып бірлікте, жұмыла жұмыс жасау арқылы бәсекеге қабілетті елдің ертеңгі болашағын бірге қалауға атсалысайық.
Айғаным Асқарбек.