Ақпараттық портал

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі штаб отырысы өтті

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, сондай-ақ Бас прокуратура, Әділет, Оқу-ағарту, Жасанды интеллект және цифрландыру министрліктерінің басшылығы, бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.

Отырыс барысында есірткі қылмысымен күрес, цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, заңсыз есірткі айналымына қарсы тетіктерді жетілдіру, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында нашақорлықтың және жастардың есірткі қылмысына тартылуының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар қаралды. Бұл ретте жаз мезгіліндегі профилактикалық шараларға ерекше назар аударылды.
Олжас Бектенов есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл мәселесі Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін атап өтіп, есірткі таратуға қарсы заманауи тәсілдерді ескере отырып, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі күшейту қажет екенін баса айтты.
«Ұлттың өмірі мен денсаулығы, сондай-ақ болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселесі жаңа Конституцияда жоғары құндылықтар ретінде бекітілген. Осы орайда есірткіні тарату мен қолдану – барлық азаматқа қатер төндіреді, әсіресе жастардың болашағына балта шабады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында 71 іс-шара жүзеге асырылғанын баяндады.
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кешенді жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын және «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделгенін баяндады. Жергілікті атқарушы органдардың нашақорлыққа қарсы күресті қамтитын қоғамдық қауіпсіздіктің негізгі бағыттары бойынша ақпараттық белсенділігіне мониторинг жүргізілуде. Осы жылдың басынан бері әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде 4,5 мыңнан астам заңсыз материалдар жойылған. Жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып есірткі заттарына қатысты вирустық контенттерді анықтайтын «MERGEN» жобасы аясында 22 мыңнан астам цифрлық контент өңделіп, 6,1 мыңнан астам есірткі дүкендері бұғатталған. Бұл жастардың желідегі есірткіні насихаттаумен байланысты ақпараттарға тап болуын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді.
Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов мониторинг жүргізуді, деректерді талдамалық өңдеуді және ведомствоаралық ақпарат алмасуды жүзеге асыратын Ұлттық ведомствоаралық Таргетинг-орталықтың жұмысы туралы баяндады.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы арқылы құқықтық тәрбие беру, қаржылық жауапкершілікті қалыптастыру және азаматтық белсенділікті дамыту жөніндегі шаралар жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Мектептерде «қауіпсіздік сабақтары» енгізілді, онда оқушылармен алкогольді, темекіні, психоактивті заттар мен есірткіні қолдану мен таратудың алдын алу мәселелері талқыланады.
ҚР Үкіметінің
баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.