«Алаш мұрасы – ұрпаққа аманат»
Тонды келісіп пішіп, келте қылмауға, алқа-қотан жиын жасап, алтауы араздасып ала болмауға, елдестірмек елшісімен есесі елімізде кеткен егескен жаудың жерімізді шаппауына қам қылып, қазаққа құтты қоныс, ұлтқа ұйытқы болған хандықтың шаңырағын көтерген Шу өңірінің қасиеті мен киесін айтып тауысу мүмкін емес. Бұл — тек географиялық мекен ғана емес, ұлттың тағдыры таразыланған, елдік рухтың өзегі болған қасиетті топырақ. Кешегі Керей мен Жәнібек хандар ту көтерген, бірлік пен берекенің бесігіне айналған бұл мекен ғасырлар бойы қазақ руханиятының алтын арқауы болып келеді.
Осындай шежірелі өлкеде қатпар-қатпар тарихтың қойнауынан бүгінге жеткен асыл мұраларды терең зерттеп, ұлттық сананы жаңғыртып, елді өркениетті мемлекеттер қатарына жеткізу жолында аянбай еңбек етіп жүрген көрнекті ғалымдардың бас қосуы — шын мәнінде рухани өміріміздегі айрықша оқиға. Бұл — өткенді ұлықтап қана қоймай, келешекке бағыт беретін тағылымды кездесу, ұлттың тарихи жадын жаңғыртқан келелі жиын болды.
Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына арналған «Алаш мұрасы-ұрпаққа аманат» тақырыбындағы ауданаралық ғылыми-әдістемелік конференция жұмысына тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, белгілі Алаштанушы, ІІ дәрежелі Барыс орденінің иегері Қойгелдиев Мәмбет Құлжабайұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Археология және антропология институтының бас ғылыми қызметкері Елеуов Мадияр Елеуұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Тоқтабай Ахмет Уалханұлы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғылыми қызметкері Абдалиев Дайрабай Жұмаділұлы, аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әлкенұлы, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер, кітапхана және мәдениет саласының қызметкерлері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Конференция шымылдығы ашылған сәттен бастап-ақ зал төрінде көрінген «Алаш мұрасы – ұрпаққа аманат» атты тақырып көпшіліктің көңіліне айрықша рух сыйлады. Жиынды Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев жүргізіп, конференцияның мәні мен маңызын ерекше тебіреніспен жеткізді.
Конференцияның ең әсерлі сәттерінің бірі – белгілі алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің «Ә.Бөкейханов: ұлт мүддесі үшін күресте өткен ғұмыр» тақырыбындағы баяндамасы еді. Ғалым Әлихан Бөкейханның өмір жолын, ел тәуелсіздігі жолындағы жанқиярлық күресін терең тарихи деректермен өрнектей отырып, Алаш идеясының бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанмен сабақтастығын айқын көрсетті. Залдағы әр тыңдарман Алаш көсемінің ұлт үшін атқарған өлшеусіз еңбегін ерекше тебіреніспен қабылдады.
Шу өңірінің тарихи маңызы туралы мазмұнды баяндама жасаған археолог ғалым Мадияр Елеуов «Шу–Мойынқұм — Қазақ хандығының шаңырақ көтерген мекені» атты тақырыпта сөз сөйлеп, қасиетті Шу жерінің қазақ мемлекеттілігі тарихындағы орны ерекше екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи деректер көпшілікке үлкен әсер қалдырды.
Ал профессор Ахмет Тоқтабайдың «Шу өңірі халқының егіншілік мәдениеті тарихынан» атты баяндамасы халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, еңбек мәдениеті мен ұлттық дүниетанымының тереңдігін танытты. Ұлттық өркениеттің тамыры тереңде жатқанын ғалым нақты мысалдармен айшықтап берді.
Техника ғылымдарының докторы Дайрабай Абдалиевтің «Өмір сұранысы және ғалым» атты баяндамасы ғылым мен қоғам арасындағы байланысты терең пайымдауға негіз болды. Ғалым қазіргі заманның дамуында білім мен ғылымның шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Конференция барысында Алаш мұрасы, ұлттық рух, тәуелсіздік идеясы, тарихи сана, ғылым мен ұлт болашағы жан-жақты талқыланды. Әсіресе, жас ұрпақтың бойына елдік рух пен ұлттық құндылықтарды сіңіру мәселесі кеңінен қозғалды. Жиынға қатысушылар Алаш арыстарының мұрасы — бүгінгі тәуелсіз елдің рухани темірқазығы екенін ерекше атап өтті.
Конференцияның мазмұнын айшықтай түскен тағы бір ерекшелік — баяндамалар легі аяқталғаннан кейін сахна төрінде ұйымдастырылған ғалымдардың ғылыми еңбектерінің таныстырылымы болды. Бұл тағылымды рәсім ғылыми басқосудың рухани салмағын арттырып, көпшілікке ұлттық мұраның тереңдігін тағы бір мәрте сезіндірді.
Алғаш болып тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуұлы Елеуовтің «Аңыз түбі шындық» атты еңбегі таныстырылды. Ғалым бұл еңбегінде халық арасында сақталған аңыздардың тарихи негіздерін ғылыми тұрғыдан зерделеп, ұлт тарихының көмескі тұстарын нақты деректер арқылы айқындайды.
Одан кейін тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Уалханұлы Тоқтабайдың «Қазақтың достары мен қастары» атты кітабы көпшілік назарына ұсынылды. Бұл еңбек халқымыздың қилы кезеңдердегі тағдырын, елдік мүдде жолындағы күрестер мен тарихи тұлғалардың рөлін терең талдаған құнды зерттеу ретінде жоғары бағаланды.
Ал конференцияның ең маңызды рухани сәттерінің бірі — белгілі алаштанушы ғалым, академик Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиевтің ғылыми жетекшілігімен жарық көрген «Алаш ісі» атты екі томдық және «Алашорда ісі» атты он екі томдық құжаттар мен материалдар жинағының таныстырылымы болды. Бұл еңбектер — Алаш қозғалысының тарихи ақиқатын архив деректері арқылы сөйлеткен, ұлт тарихының баға жетпес асыл қазынасы.
Сахна төрінде өткен бұл таныстырылымдар конференцияның ғылыми әрі рухани мазмұнын байытып қана қоймай, Алаш мұрасын ұлықтаудың нақты көрінісіне айналды. Ғалымдардың сан жылдық ізденісі мен ұлт тарихына сіңірген өлшеусіз еңбегі көпшілік тарапынан зор ықыласпен қабылданып, жиынның маңызын арттыра түсті.
Тағылымды басқосу соңында конференция ұсынымдары қабылданып, ғылым мен руханиятқа сүбелі үлес қосқан ардақты ғалымдарға «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды. Бұл – ғылым адамдарына көрсетілген зор құрметтің белгісі болды.
Конференцияның тағы бір тағылымды тұсы — академик Мәмбет Қойгелдиевтің аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне Алаш тарихына арналған құнды ғылыми кітаптар мен көптомдық жинақтарды тарту етуі еді. Бұл — келешек ұрпақтың рухани қорын байытатын үлкен мәдени сый болды.
«Алаш мұрасы – ұрпаққа аманат» атты бұл конференция — өткенді ұлықтап қана қоймай, болашаққа бағыт берген рухани алаңға айналды. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары аңсаған азат рух, ұлттық сана мен елге қызмет ету идеясы мәңгі жасай беретініне көпшілік тағы бір мәрте көз жеткізді. Шу төрінде өткен бұл тағылымды жиын ұлт руханиятының мерейін өсіріп, елдік сананы асқақтатқан тарихи басқосу ретінде көпшілік жадында ұзақ сақталары анық.
Айғаным Асқарбек.