Жерлесіміз ҰБТ-дан 140 балл жинады
Ұлттық бірыңғай тестілеу – мектеп түлектері үшін сынның бірі. Жылға созылған уайымның соңы жемісті аяқталуын ұстаздар мен ата-аналар да армандайтыны ақиқат. Салмақтың негізі оқушыға түсетіні де түсінікті.
ҰБТ-да жоғары ұпай жинау ортақ қуаныш. Осы қуанышқа баршамызды куәгер еткен түлек – Іңкәр Қыдырбек. С.Сейфуллин атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысының ұйқысыз түндері мен мазасыз күндері ақталып, ҰБТ-дан тура 140 баллды иемденіп отыр.
Іңкәр Ерболқызы тест тапсыру кезінде «Дүниежүзілік тарихы – Ағылшын тілі» пәндері бойынша барлық сұрақ-тарға мүдірмей жауап беріп, үздік нәтижеге қол жеткізді.
Аптаның басында С.Сейфуллин атындағы орта мектептің ауласында Іңкәрді құрметтеу шарасы өтті. Оған мектеп директоры Есболат Әліпбаев бастаған ұстаздар қауымы мен сыныптастары, сондай-ақ жас түлек дайындалған «Juz40» оқу орталығының өкілдері қатысты.
Шара барысында мектеп мақтанышына ізгі лебіздер айтылып, риясыз ризашылықтар білдірілді. Құшағы гүлге толған Іңкәр Қыдырбекке аталмыш оқу орталығы арнайы сый-сияпат табыстап, мектеп басшылығына Алғыс хат тапсырды. Одан бөлек білім ошағының кітапханасына 140 кітапты тарту етті.
-Іңкәрдің жеңіске дейінгі жолы жеңіл болған жоқ. Ұдайы еңбек пен ізденіс оның серігі болды. Ал маңызды күні қызымның жоғары ұпай алатынына еш күмәнім болмады. Үмітіміз ақталып, облыс бойынша да үздік нәтижеге ие болдық. Сол үшін ұстаздарына, оқу орталығына алғысымды білдіремін, – дейді түлектің әкесі Ербол Жарқынбеков.
Бұған дейін Жамбыл облысының қос бірдей түлегі 140 баллды иеленген. Ал жерлесіміз үздік үштікті түйіндеп тұр. Тұтас ауданның мерейін тасытқан түлектің келешегіне сәттілік тілейміз!
Байжан Емберді.