Ақпараттық портал

Қуғын-сүргін құрбандары ешқашан ұмытылмайды

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылдан бері аталып өтеді және ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық салдарынан қаза тапқан және жазықсыз зардап шеккен миллиондаған адамдарды еске алуға арналған.

Тарихтағы ақтаңдақ күні елімізде еске алу шаралары, гүл шоқтарын қою рәсімдері, тарихи кездесулер мен тағылымдық іс-шаралар өткізіледі. Осындай шара Шу ауданында ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов бастаған бір топ жерлестер М.Жүнісәлиев атындағы саябаққа жиналып, арнайы стеллаға гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ репрессия құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Оларды жадымызда сақтау, заңдылық қағидаты мен әділдік құндылықтарына адал болу – біздің қастерлі борышымыз» – деген болатын.
Еске сала кетейік, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін мен қолдан жасалған алапат ашаршылық қазақ халқының генофондына орасан зор зиян келтірді. Қазақтың сүт бетіндегі қаймақтарына нақақтан жала жабылып, интеллигенция өкілдерін ату жазасына кесті.
Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Бейімбет Майлин сияқты ұлт зиялыларын қынадай қырды.
Ел аумағында АЛЖИР, Карлаг, Степлаг сияқты ірі лагерьлер жұмыс істеп, оларға еліміздің түкпір-түкпірінен 5 миллионға жуық адам жер аударылды. Одан бөлек Қазақстанға көптеген ұлттар еріксіз түрде қоныстанды.
Ақнұр БӨЛЕКБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Конвергентті журналистика» мамандығының 1 курс студенті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.