Сайлауалды әзірлік әрдайым маңызды
Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, 2026 жылғы 23 тамызға Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы тағайындалды. Оны ұйымдастыру мен өткізу Орталық сайлау комиссиясына жүктелген. Сондай-ақ салмақтың бір бөлігін облыстық және аудандық сайлау комиссиялары көтеретіні белгілі.
Осы аптада өңірімізге Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Бекжан Кеңесбек, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов арнайы сапармен келген болатын.
Ең алдымен лауазымды тұлғалар аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залында Шу ауданында Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық мәселелері бойынша штаб отырысына қатысты.
Аталмыш жиында аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев, аппарат басшысы Н.Абай, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.Керімбаева, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Вахитов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Б.Мұсақұлов ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, ұйымдастыру жөніндегі әзірлік, ерекше қажеттілігі бар сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау, аудандық комиссияның дайындығы мен науқан кезіндегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында баяндамаларын ұсынды. Отырыс барысында бірқатар мәселелер талқыланып, тиісті тапсырмалар жүктелді.
Бұдан кейін аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың модераторлық етуімен Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына және өзге де заңдарға енгізілген жаңашылдықтарды түсіндіруді ұйымдастыруға бағытталған кездесу өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен жиынға әкімдік қызметкерлері, құқық қорғау органдарының басшылары, депутаттық корпус, ардагерлер және қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мен жас сайлаушылар клубының мүшелері қатысты.
Ең алдымен келген меймандарды таныстырып өткен аудан басшысы басқосудың түпкі мақсатын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар сөз кезегін Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловке берді.
Өз сөзінде Серғали Өмірзақұлы еліміздің Ата заңына енгізілген жаңа өзгерістер, алғаш рет өткелі тұрған Құрылтай сайлауы мен құрылып жатқан Халық кеңесі, Президент пен Астана мәртебесі туралы Заңдардың енгізілуі жайлы белгіленген басым бағыттарды атап өтті. Сонымен қатар заңдардағы мәтіндерден мәлімет ұсынып, оның қолдану аясына тоқталды.
Жиын мәресінде залдан қойылған сауалдарға жауап беріліп, күн тәртібіне қойылған мәселелер қорытындыланды. Естеріңізге сала кетейік, Құрылтай депутаттығына 145 орын белгіленген. Қазіргі таңда 7 саяси партиядан барлығы 546 кандидат ұсынылды.
Байжан Емберді.